Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:47, 31 Қазан 2023

Қазақтың бәрі – қараусыз сәби

миттал
Фото: ulysmedia.kz

Өткен күніне салауат айтатын ел едік. Әлі де сол қасиетімізден арыла қойған жоқ сияқтымыз. Бірақ өткен аптада болған қайғылы оқиғалар тәуелсіздік алған отыз жылға қайта-қайта наз айттырды.

Еліміздегі әлеуметтік теңсіздіктің гөй-гөйі күнде басылым бетіне шығып, қаптаған сайттардың негізгі тақырыбына, телеарналардың басты сюжетіне айналса да, түзеле қойған халық тұрмысы тағы жоқ. Анау бір жылдары өртке оранған бес сәбидің қазасына қабырғасы қайысқан қалың жұрт Аягөздегі төрт сәбидің көз жұмғанын естіп, жүрегі тағы қырық тілім болды. Көпбалалы отбасыға берілетін әлеуметтік көмекті әкімдік өкілдері бұл шаңыраққа қимаған деген ақпаратты оқығанда, бұның әуелгі себебін осы жақтан іздеген қауым көп таңғала қойған жоқ. Балапандарын қараусыз қалдырған ата-ананың жауапкершілігі болса, осы отбасының амандығына жауапты билік екі есе жауапты емес пе еді?!

Қазақстанда сәбилер ғана емес, ересектер де қараусыз қалғандай. Қарағандыдағы қайғылы оқиға осыны анық көрсетіп берді. 28 қазан күні «АрселорМиттал Теміртау» деген монополист компанияға қарасты Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 46 кенші көз жұмды.

29 қазан Қазақстанда жалпы ұлттық аза тұту күні болды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең ірі апат. Бұрын бұндай оқиғалар көпке жете бермейтін. Қазіргі ақпараттық заманда сәт сайын хабар жаңарып отырады, лезде жаңалық тарайды.

Бұл іске жауапты адамдар заң алдында жауап беріп, билік апатты жағдайдағы шахталарды дереу ретке келтіруі тиіс-ақ. Халықтың өткен отыз жылды назамен еске алатынын ойласақ, келер ұрпақтың алдында бәріміздің жауапты екенімізді терең сезінесің.

миттал темиртау
Фото: inbusiness.kz

Миттал миығынан күледі

«АрселорМиттал Теміртау» Лакшми Миттал деген миллиардерге тиесілі. «Күліп кіріп, күліңді шашамын» деген сөз дәл осы Митталға қаратылған сияқты. Ол Қарағандыдағы шахталарды қарамағына 1995 жылы алған. Содан бері 182 кенші көз жұмды деген ақпарат бар. 28 жылда шахталар апаттан көз ашқан жоқ. Адам шығыны болған ірі апаттардың өзі оннан асады. Мысалы, 2006 жылы қыркүйекте Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, 41 адамның өмірін қиды. Одан бөлек 2008 жылы 30, 2004 жылы 23 адам шахтада көз жұмды. Әріні айтпағанда, биыл тамыздың өзінде шахтада өрт шығып, 5 кенші қаза тапқан.

Осындай аса ауыр апаттар болып жатса да, Митталдың мұртын балта шаппайды. Оны орнынан кетіруге ешкімнің әлі жетпеген сияқты. «АрселорМиттал Теміртауды» депутаттар да, сала министрлері де сынаған. Бірақ ол Митталға мүлде әсер еткен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі 2022 жылы компанияға тексеріс жүргізіп, өнеркәсіп қауіпсіздігін бұзуға қатысты 2 мың заңсыз әрекетті анықтады. ТЖМ компанияға табылған олқылықтарды тез арада түзеуді тапсырған. Мынадай ірі апат болғанына қарағанда, компания ТЖМ тапсырмасын орындамаған сияқты.

«АрселорМиттал Теміртауды» үкіметтен осыдан он жыл бұрын да сөгіс естіген. Сол кездегі индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев: «компания өндірісті модернизациялау жұмысын созбалаңға салып жүр, шығарған өнімінің сапасы да төмендеп кетті» деп сынаған. Миттал мұны да елеген жоқ. Керісінше, «мемлекеттік органдар маған жұмыс істетпей жатыр, соларды жөнге салыңыз» деп, сол кездегі президент Назарбаевқа ашық хат жазған. Ал 2016 жылы инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау: «компанияға қатысты салмақты проблема мен сұрақтар бар. «АрселорМиттал Теміртау» артында ірі адамдар тұрғанын айтып, үкіметке доқ көрсетіп, шантаж жасамағаны жөн» деп, шыр-пыр болған.

«АрселорМиттал Теміртау» тіпті салықты да жөнді төлемейді екен. Әу баста қазынаға жылына 1 млрд теңге ғана аударып отырған. 2000 жылдан бастап қана салығы 8,7 млрд теңгеге өсіпті. Ал 2022 жылы 230 млрд, биыл 77,6 млрд салық төлеген. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» бен оның еншілес компаниялары қазынаға 1,9 триллион теңге құйған. Екі компания арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Миттал бастағандар осы аз салықтың өзін дұрыс төлемей жүр. Мысалы, салықты дұрыс төлемегені үшін «АрселорМиттал Теміртауға» 2017 жылы 1,3 млрд, 2023 жылы 1,2 млрд айыппұл салыныпты.

Ел билігі шетелдік инвесторларға неге сөзін өткізе алмайды? Саясаттанушы Әзімбай Ғали үкімет бар билікті инвесторларға беріп қойғанын айтады. «Шетелдік инвесторлардың көбі отаршылдық жүйенің принципімен жұмыс істейді. Бұлар біздің айтқанымызды істеуге міндетті деп санайды. Өйткені оңды-солды пара беріп жатырмыз, біздің талапқа көнуі керек деген ойда болады. Сол оймен қауіпсіздік талаптарын сақтай бермейді. Ал апат айтып келмейді. Сол үшін мұндайға билік дайын болмай шығады. Мәселенің бәрі осында жатыр. Қазір елде жартылай отаршылық жүйе қалыптасқан деп санаймын. Билік шетелдік инвесторларға зауытты толық меншікке беріп, сендер салық төлеп отырсыңдар, бәрін істеуге рұқсат дегендей ұстанымда отыр. Оқиғаға кінәлілерді іздегенде де тікелей жауапты адамдарды емес, шеттегі адамдарды жазалайды», – дейді сарапшы.

миттал
Фото: bes.media

Компания мемлекет меншігіне өте ме?

«АрселорМитталдың» былықтары аз емес. Пайдасынан зияны көп мұндай инвесторды елден қуып шығу жайлы бұған дейін де айтылған. Осы жолғы ірі апаттан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Митталмен келісімшартты бұзуды тапсырды.

Кейін Қазақстан үкіметі «АрселорМиттал Теміртауды» жақында мемлекет меншігіне алатын алдын ала келісімге қол қойғанын растады. Бірақ компанияны қайтарып алу мұнша оңай болады дегенге сену қиын. Миттал сияқты миллиардер қолындағы майшелпекті жайдан-жай бере салмас. Ол әлемде «болат патшасы» деген аты бар адам, қазіргі байлығы 32 млрд доллар деген ақпарат бар. Оның үстіне оның құқығын әлемде екінші орында тұратын Baker McKenzie заңгерлік фирмасы қорғайды. Демек, оны күшке салып та, соттасып та жеңу қиын. Егер келісімшартта «компания осындай ауыр жағдайға себеп болса, ортадағы келісім бұзылады» деген мәндегі тармақ бар болса әңгіме басқаша өрбитін еді. Бірақ шетелдік немесе өзге ұлт десе жайылып жастық болуға даяр қазақ билігі мұндай келісім жасай қоюы екіталай.

Миттал компанияны толық құнына сатып алуды ұсынатын шығар. Оның қазіргі құны 4-5 млрд доллар деген болжам бар. Демек, мемлекет кезінде 200 млн долларға сатып жіберген комбинатты 20 есе бағаға қайта сатып алуы мүмкін. Танымал саясаткер Болат Әбіловтің айтуынша, еліміздегі темір-болат өнеркәсібінің флагманы – «Қарметкомбинаттың» сол кездегі құны 3 млрд доллар болған. Ал оны Миттал 15 есе арзанға алды. Бұл соманың өзін бір жолда бермей, компаниядан түскен пайдадан төлеген. Нақтырақ айтқанда, 1996 жылы мамырда – $22,5 млн, қарашада – $112,5 млн, 1997 жылы – $22,5 млн, 1999 жылы – $67,5 млн төлепті.

азимбай
Фото: ratel.kz

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, өндіріс орнын мемлекет меншігіне алу оңай жұмыс емес. «Техногендік апат барлық мемлекетте кездеседі. Біздің елде билікке деген сенімсіздік бар, сол үшін халық үкімет пен әкімдіктің уәжін тыңдаса да, сенгісі келмейді. Қоғамдық пікір де соған сай қалыптасады. Ал мемлекет «АрселорМиттал Теміртауды» өз меншігіне ала ала ма деген сұраққа келсек, алдымен халықаралық құқық жөнінде құжаттарды қарау керек. Біздің ел болсын, басқа ел болсын, заңға бағынуға міндетті. Заңға бағынбасақ, басқа инвесторлар шошып, кетіп қалады. Екінші жағынан, Қазақстанға Ресейдің бейресми әсері бар. Біздің ел көп жағдайда Ресей мүддесін аттап өтуге қаймығады. Бұл факторды да естен шығаруға болмайды. Сол үшін бұл мәселеге қатысты нақты тұжырым айту қиын», – дейді саясаттанушы.

«Қарметкомбинат» Митталдың бағын ашты

Лакшми Қазақстанға келгенде өз еліндегі отбасылық өндіріс пен Индонезиядағы шағын металлургиялық зауытты ғана басқарған, аса ірі бизнесмен емес еді. «Қарметкомбинат» оның қолындағы гауһар тасқа айналды. Осы асыл тасты кепіл ретінде көрсетіп, кез келген банктен қолма-қол ақша немесе зауыт салуға несие ала алатын болды. Басқаша айтқанда, металлургия магнаты жаһандық экспансиясын Теміртаудан бастаған.

Миттал Үндістандағы марвари тобынан шыққан, адамдармен тез тіл табысатын қабілеті мен қулығына қарап оларды «үндістандық еврейлер» деп те атайды. Лакшми бір елден компания сатып алғысы келсе, алдымен сол мемлекеттің басшыларын зерттейтін. Оның жұмыс тәсілі – жұмысшылармен емес, билікпен ерекше қарым-қатынаста болу. Бұл тактика бизнесін жүргізу барысында оған көп пайдасын тигізді. Ол мұндай тәсілін Қазақстаннан бөлек, Украинада, Румынияда, тіпті Францияда да пайдаланды. Ол өзі жұмыс істеген елдерде экология және салық талаптарын бұзғаны үшін сотқа да тартылған, бірақ көбінде Миттал жеңіске жетіп отырды.

Әрине, «Қарметкомбинаттың» су тегінге сатылуына, кейінгі «АрселорМиттал Теміртаудағы» ірі апаттарға жалғыз Миттал кінәлі емес. Ең алдымен елдегі жемқор жүйе мен қанағатсыз шенділер жауапты. Инвестордың басты мақсаты – бөтен елді дамыту емес, өзі пайда табу. Сол үшін өзге елде шетелдік инвесторлар сол елдің билігіне бағынып, солардың заңы бойынша жүреді. Ал бізде бәрі басқаша, шетелдікті көргенде біздің шенділер майдай жібіп сала береді, соның алдына түсіп елпілдеп, елді бірге тонауға кіріседі. Билігінің өзі аямаған мемлекетті Миттал аясын ба, ойына келгенін істейді. Зауытты жаңартпайды, қауіпсіздік талаптарын сақтамайды, жұмысшылардың жағдайын жасамайды, экологияны бұзады, жерді бүлдіреді, тиісті алым-салықты дұрыс төлемейді. Лакшмидің қолынан жем жеген біздің шенділер осының бәріне көз жұма қарайды. Мұның соңы неге соқтырғанын көріп отырмыз. 200-ге тарта жерлесіміз жерастында көз жұмды. Байлығымыз тоналды.

Аза тұту – мәселені шешпейді

Біздің билік тағы көне сүрдекке түсті. Мемлекеттік комиссия құрды, аза тұту күнін жариялады, қайтыс болған кеншілердің отбасына көмектесеміз деп жатыр. Ешкім апат себебі неде, оған кім жауапты деген сұраққа бас қатырып жатқан жоқ. Баяғы оқиғаның салдарымен ғана күресу. Бұлай жалғаса берсе, бүгінгідей ірі апат алда тағы болуы мүмкін. Үкімет ауыр қайғыны ұмыттырып, елдің көңілін аулауға ұмтылмай, мәселені түбегейлі шешуге тырысқаны жөн. Кеңес кезінен бері «кәрі жанын» сүйретіп келе жатқан көне зауыт, кен орындарын қатаң тексерістен өткізіп, ақауларды жоймай болмайды. Сонда ғана аза тұту күнін азайта аламыз. Әйтпесе, тәуелсіздік алғанына 30 жылдан енді асқан ел үшін 13 мәрте қаралы күн жариялау деген өте көп. Басқаша айтқанда, әр екі жыл сайын елде аса ауыр оқиға болып, халық қайғы жамылды деген сөз.

Ұлттық аза тұту күнін ел президенті жариялайды. Оған ірі лаңкестік актілер, табиғи немесе антропогенді апаттар, басқа да қайғылы оқиғалар себеп болуы мүмкін. Қазірге дейін елде 13 мәрте қаралы күн жарияланды. Оның үшеуі Қарағандыдағы шахтада болған апатқа байланысты.

Аза тұту – құрбандарға құрмет, қайғырған жұртқа медет. Мұны жоққа шығармаймыз, бірақ бұл еш мәселені шешпейді. Қаралы күн жариялағанша, қайғылы оқиғаның алдын алу қажет.

Қазақстан халқы аза тұтқан күндер: 2006 жылы Ленин шахтасындағы жарылыс (41 кісі көз жұмды), 2008 жылы Абай шахтасындағы жарылыс (30 адам), 2010 жылғы Қызылағаштағы су тасқыны (45 адам), 2012 жылғы «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қантөгіс (15 адам), 2012 жылғы Шымкенттегі АН-72 ұшағы апаты (27 адам), 2013 жылы Алматы маңында Chellenger-200 ұшағы құлады (21 адам), 2016 жылғы Ақтөбедегі теракт (8 адам), 2019 жылғы Bek Air ұшағы апаты (15 адам), 2020 жыл коронавирус (13 848 адам), 2021 жылы Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасы жарылды (17 адам), 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы (238 адам), 2023 жылғы Абай облысындағы орман өрті (14 адам).

пожар аягоз
Фото: bessarabiainform

Өмірін өрт жалмаған сәбилер

25 қазанда Абай облысы Аягөз ауданында төрт бала өртенген үйде ыс тиіп қаза тапты. Жан ауыртып, жүрек жылататын жағдай. Кінәсіз періштелерді ата-анасы үйде қалдырып, сыртынан бекітіп кетіпті. Олар да жетіскенінен дала безіп жүрген жоқ, сол төрт баланы асыраудың амалы. Тапқаны тамағына жетпей, халқы үпі-тәпі өмір сүретін елде мұндай апаттардың алдын алу қиын болып тұр. Тіпті қараусыз қалып, өртеніп кеткен сәбилер көп деуге де болады. Кейінгі бес жылдың өзінде осыған ұқсас бірнеше оқиға тіркелді. Ең шулысы 2019 жылғы Астанадағы бес сәбидің өлімі болды. Ата-анасы түнде жұмысқа кеткенде үй өртеніп, бес сәби отқа оранды. Осыдан кейін көпбалалы аналар наразылыққа шығып, үкімет мардымсыз болса да жәрдемақы төлеуге мәжбүр болды. Бірақ билік сол болымсыз ақшаның өзін көп көріп, біреуге беріп, біреуге бермей, әбден әлекке салды. Аягөздегі қыршын кеткен сәбилердің ата-анасы да сол әлеуметтік көмекті ала алмай зар болған екен.

Мұндайда билік өзіне шаң жуытпайды. Бар кінә баланы қараусыз қалдырған ата-анада деп санайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова көктен түскендей, баланы жалғыз қалдыруға болмайды деп мораль оқып отыр. «Негізі балаларды жалғыз қалдыруға болмайды. Бұған дейін Астанада, Жамбылда болған оқиғаға бәріміз куә болдық, енді Аягөзде болып отыр. Сондықтан комиссия өз шешімін шығарады. Біздің тарапымыздан қандай көмек? Тек қана жәрдемдесу, жәрдемдесу болғанда психологиялық түрде», дейді министр. Мұнда да министр ханым мәселенің мәніне көз жүгіртіп отырған жоқ. Бар ойы кінәні ата-анаға артып, өздерін сүттен ақ, судан таза көрсету.

Жақыпова айтқан Жамбылдағы оқиға да жүрекке салмақ салады. 2021 жылы көпқабатты үйде пәтер өртеніп, бір үйдегі бес бүлдіршін көз жұмған. Оларды да ата-анасы сыртынан жауып кетіпті. Дәл сол Жамбылда былтыр тағы екі сәби өртенген үймен бірге көкке ұшып кетті. Ал биыл тамызда Павлодарда екі бала мен олардың әкесі өрт құшағында қаза тапты.

Әлеуметтанушы Әсел Сәрсенова баласын үйде жалғыз қалдырды деп ата-ананы кінәлау орынсыз екенін айтты. Ол билік мұндай оқиғадан сабақ алуы керек дейді.

«Мұндайда отбасының әлеуметтік жағдайына қарау керек. Көпбалалы әрі табысы төмен ата-ана баласын балабақша немесе басқа орталықтарға беруге қаржысы жетпей, амалсыз баласын үйде қалдыратын жағдайлар бар. Ал жағдайы жеткілікті бола тұра, баланы үйге қараусыз қалдырып, оқыс оқиға туындаса, ата-ана өзі жауапты болады. Ал жағдайы жетпей, баланы үйге тастауға мәжбүр болса, оған басқаша қарау керек. Бұл жағдай бірінші рет кездесіп отырған жоқ, Астанада, Жамбылда болды. Мұндай отбасыға баспана алып беру жеткіліксіз, мұндай оқиға жиі қайталанып кетті, демек, одан сабақ алу керек. Мемлекет тегін орталық ашып, ата-анасы жұмыста жүргенде балаларға бас-көз болу керек шығар. Әрине, көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларды таңдап алу қажет. Мемлекет тарапынан қазір де қолдау бар, бірақ бәріне бірдей жетпейді. Мұндай жағдайға екіжақты қарау керек, билікті де, ата-ананы да кінәлаудың қажеті жоқ деп есептеймін», – дейді маман.

Биыл 27 қыркүйекте Шымкентте бір үйдің бес адамы ыс тиіп, қайтыс болды. Оның үшеуі бала. Олар газдан уланды деген ақпарат бар. Бұл жағдай сәл басқаша, үйге газ тартылған, ата-анасы балаларымен бірге. Бірақ азаматтар үйіне газ орнатса да қауіп бұлты сейілмей тұр. Мұндай апатқа тұрғындардың қауіпсіздік шарасын сақтамауы және газ құрылғысының дұрыс орнатылмауы себеп болады екен. Көп жағдайда стандарт сақталмайды. Оны тексеретін қызметкерлерге ақша берсе, қисықты түзу, сынықты бүтін деп жазып беруге дайын. Бұл да күрмеуі қиын, күрделі мәселенің бірі.

Қуаныш Қаппас