Қазақтың пұлын жеп, тілін менсінбейтін Черчесов
Биыл маусымда Қазақстан футбол федерациясы 60 жастағы ресейлік Станислав Черчесовті ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындады. Бұл шешімге жанкүйерлер мен былайғы жұрт аса қуана қойған жоқ. Жанкүйер қауым Черчесовтің жақсы маман екеніне күмән келтірсе, бейтарап көпшілік оның жалақысына наразы болды.
Черчесов өз елінде және Польша мен Венгрияда жұмыс істеген. Бас бапкер болып жүргеніне 20 жылдан асса да, осы күнге дейін 5 жүлде ғана жеңген. Оның ең жұлдызды сәті 2018 жылғы әлем чемпионаты кезінде болды. Ресей құрамасын бастап, өз елінде өткен мундиальдің ширек финалына шықты.
БАҚ-та осыдан өзге ауыз толтырып айта қоятын жетістігі жоқ маманға ҚФФ жылына 1 миллион еуро жалақы төлейді деген ақпарат тарады. Кейін федерация бұл мәліметтің жалған екенін айтқанымен, келісімшарт құпиялығына сілтеп, бапкердің жалақысын жарияламады. Бірақ бұл мәлімдеме көп көңілін көншіте қойған жоқ. Өйткені ҚФФ желдей ескен ақпаратты жоққа шығарғысы келсе, Черчесов біздің елде қанша табыс табатынын ашық айтуы керек еді. Ал олар «біз ештеңе айтпаймыз, ал айтқандарға сенбеңдер» деп отыр. Мұнысы ақылға қонбайды.
Черчесов Қазақстан құрамасын жаттықтырғаны үшін 1 млн еуро алады деген ақпарат ақылға қонымсыз емес. ҚФФ ашық есеп бермегендіктен, біз болжам жасауға мәжбүрміз. Черчесовтің соңғы екі жұмыс орны – Ресей құрамасы мен венгриялық «Ференцварош» клубы. Ашық дереккөздегі мәліметке сенсек, Станислав Саламұлы өз елінің құрамасын баптағаны үшін жылына 2,5 млн еуро гонорар алған. Ал Венгрияда оның жалақысы бұдан 5 есе аз болыпты – 500 мың еуро!
Әрине, бұл да аз ақша емес. Бірақ ең маңыздысы, Венгрия – шетелдік «жепкетерлерді» жарылқауда Қазақстанмен бәсекелесе алмайтын ел. 2018 жылғы Sporting Intelligence дерегі бойынша, Қазақстан футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-орынға жайғасқан. Бұл тізімде Венгрия 35-сатыда тұр. Демек, біздің елде Черчесов Будапешттегіден әлдеқайда көп табыс тапса керек. Осы қисынға қарағанда, ол Ресейдегідей 2,5 млн болмаса да, 1 млн еуроны қалтаға басуы әбден мүмкін.
Егер Черчесовтің Қазақстанда 1 миллион еуро гонорар алатыны рас болса, әлемдегі жалақысы жоғары бапкерлердің бірі атанатыны анық. Өйткені биылғы Еуропа чемпионатына қатысып жатқан 24 құраманың 15-інің бапкері ғана миллион еуродан жоғары гонорар алады. Ал Польша, Чехия, Словакия, Словения сынды 9 елдің бапкері Черчесовтің қалтасына қызыға қарайды.
Черчесов Қазақстанға келерде бізді тіксіндірген тағы бір жағдай болды. ҚФФ аттай қалап алдырған маман Қазақстанды орыс тілді ел болғаны үшін таңдағанын айтқан. «Тілі бөтен ортада жұмыс істегім келмейді. Венгрияда футболшылармен ағылшын және неміс тілінде сөйлесуге мәжбүр болдым. Сол үшін өз тілімді қолданатын Ресейде жұмыс істегім келген. Ал Қазақстан – орыстілді ел, бәріміз КСРО-дан шықтық, бұл тұрғыда Ресей мен Қазақстанның еш айырмасы жоқ» деген еді ол.
Осы сөзінен-ақ оның Қазақстанды КСРО-ның күпісін шешпеген, орыс тілінде өмір сүретін ел деп білетінін ұқтық. Сол ойына сай, қазақ тіліне қарсы әрекет етпесе жарар еді деп қауіптендік. Алғашқы баспасөз жиынын да осы ойдың жетегінде көргенбіз. «Қаупің қайдан болса, ажалың содан» дегендей, күдігіміз шындыққа айналып, Станислав жергілікті тілде сұрақ қойған тілшіге дүрсе қоя берді.
Журналист Нұрсұлтан Құрман екі қайталап, қазақша сұрақ қойған еді, Черчесов шатынап шыға келді. «Неге сұрақты орысша қоймайсыз? Мен қазір сізге өз ана тілім – осетин тілінде жауап берсем не болады? Оны ешкім түсінбейді ғой», – деді.
Аса ірі кәсіби жетістігі болмаса да, миллиондап жалақы алатын маман замана дөңгелегі қалай домалап бара жатқанын білмейтін болып шықты. Ол Қазақстанның тәуелсіз ел екенін, Ресей тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін ескермей отыр. Ол айтқан осетин тілі – Ресейдің бір бұрышында қалған, орыс тіліне жұтылған тіл, оны ешкім түсінбесе, Черчесов секілді қағынан жеріген азаматтары кінәлі. Ал қазақ тілі – 20 млн халқы бар Қазақстанның мемлекеттік тілі, оны ешкім түсінбейді деу нағыз ақымақтық екені анық.
Черчесов қазақ тілін ешкім түсінбейді деп шіренгенде ҚФФ президенті Әділет Барменқұловтың үнсіз қалғаны жарамады. «Тәйіт әрі» деп жекіп тастамаса да, тәк-тәкқа шақыруға болар еді. Миллион еуро төлеп отырған қызметкеріне Ресейдің губерниясына емес, тәуелсіз елге келгенін, мұнда адамдар қазақ тілінде сөйлесіп, журналистер қазақ тілінде сұрақ қоюға құқылы екенін ескертуі керек еді. Қазақша сөз естісең, кірпідей жиырылмай, күліп жауап бер деп, қасына аудармашы қосып берсе жарасар еді. Әлде ресейліктерді құдасындай сыйлайтын Барменқұлов өзі де қазақ тіліне қырын қарай ма?
Черчесов шектен шығып кеткенін түсінген ҚФФ бапкерге тіл үйретуге бел буыпты. Ресейлік маман қателігін түсінді ме, әлде Барменқұлов «өтінген» соң келісті ме, желіде қазақ тілі оқулығын құшақтап тұрған Черчесовтің суреті тарады. Ол жыл аяғына дейін тіл сындыруға уәде беріп отыр.
Қазақ шенділері қашан да осындай адам ақылына қонбайтын шешім шығаруға әуес. Қазақстанда бірер жыл ғана тұратын Черчесовтің тіл үйреніп жарытпайтыны елдің бәріне түсінікті. Ендеше, ол қазақша сөйлейді деп шоу жасағанша, мемлекеттік тілге қатысты ұшқары сөзі үшін кешірім сұратса, әлдеқайда абыройлырақ болар еді. Өзіміздің министр-депутаттар 33 жылда үйренбеген тілді ресейлік бапкер бір жылда үйренеді дегенге кім сенеді. Мысалы, ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 6 айда қазақша сайраймын деген уәдесін 8 жыл бойы орындамай келеді.
ҚФФ президенті Барменқұлов ресейліктерді төрге шығаруға әуес деп бекер айтып отырған жоқпыз. 2022 жылы федерация тізгінін ұстай сала, солтүстіктен Рохус Шохты Қазақстан кәсіпқой футбол лигасын басқаруға, ал Магомед Әдиевті құрама бапкері қызметіне шақырды. Әдиев 2022 жылғы Ұлттар лигасы мен 2023 жылғы Еуроға іріктеу турниріндегі тәуір нәтижесінің арқасында өзін де, Барменқұловты да сын садағынан арашалап алды. Бірақ мамандар оның футболы тактикаға емес, эмоцияға құрылғанын айтып жүрді. Ал Шох лига жұмысын шоқтай маздата алмағаны белгілі, 2023 жылы федерацияға вице-президент болып ауысты.
Барменқұлов бастаған федерация Әдиевпен қоштасар сәтте де «ресейшілдік» танытты. Бұл маман биыл 5 сәуірде Қазақстан құрамасымен келісімшарт мерзімі аяқталмай тұрып, грозныйлық «Ахмат» тізгінін ұстады. Ал Барменқұлов оның «екі кеменің құйрығын ұстауына» рұқсат берді. Бір елдің құрамасы мен өзге елдің клубын бірге жаттықтыру әлем футболында кездеспеген жағдай. Яғни сол сәтте ҚФФ Ресейдің губерниясы сияқты әрекет етті.
Қазақстандық жанкүйерлер құраманы өзге елдің клубында жұмыс істейтін маманға басқартуға қарсы болған. Бірақ бұл сынға ҚФФ құлақ асқан жоқ. Егер Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров болмаса, Магомед Әдиев әлі күнге дейін «екі жеп, биге шығып» жүрер еді. Ресей футбол одағының жетекшісі Вячеслав Колосковтың айтуынша, Қадыров Әдиевтің екі жақта жұмыс істеуіне қарсы болған. Сол үшін ол құрама тізгінінен кетіп, орнына отандасы Черчесов келіп отыр.
Жалғыз Черчесов емес, Мәскеу маңындағылардың көбі Қазақстанға шекесінен қарайды. Ресейлік саясаткерлер, журналистер, сарапшылар біздің елдің тәуелсіздігіне күмән келтіретін сөз айтудан жалыққан емес. Тіпті Владимир Путиннің өзі «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған» деп мәлімдеген. Бірақ соның бәрінде қазақ билігі үнсіз қалып, ресейлік шовинистерге назар аудармаған сыңай танытады. Черчесовтің Астана төрінде отырып, қазақ тіліне қарсы сөйлеуіне биліктің осы немқұрайлы ұстанымы себеп болып отыр.
Қуаныш Қаппас