Қазақтың «Робин Гуды» атанған блогерге үкім шықты
«Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сәриевке сот үкімі шықты.
Тергеу мәліметтері бойынша, Сәриев ауыр науқастардың туыстарынан желідегі жазбалар арқылы ақша алған. Ол Instagram парақшасында видеолар жариялап, емдеу үшін қаражат жинап беремін деп уәде жасаған, алайда бұл міндетін орындамаған. Нәтижесінде емге мұқтаж отбасылар ешқандай көмек ала алмады. Барлығы алты адам зардап шеккен.
Сонымен қатар блогер екінші сотталушы Ақтоты Дүйсееваға тиесілі турфирманы жарнамалаған. Жеке тұлғаларға қажылық пен умраға жолдама сатылып, зияратқа жібереміз деп уәде берілген. Тергеу мәліметтері бойынша, бұл іс бойынша 20 адам зардап шеккен.
Барлығы 26 жәбірленушіге келтірілген жалпы залал 35 миллион теңгеден асты. Әр адамның шығыны 500 мың теңгеден 6 миллион теңгеге дейін жеткен.
Блогер 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айрылды.