Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 20 Қыркүйек 2024

Қазақтың тымағын кие алмаған қазақ тілі

Қазақ тілі
Фото: qazdauiri

Жақында Қабылбек Әліпбайұлы есімді уағызшы «егер араб сөздерінен бас тартсақ, қазақ сөздігінің қолданыстағы 70 пайыз сөзінен бас тартуымыз керек» деп пікір білдірді.

  Оның бұл сөзі қоғамда қызу талқыланды. Әрине, оның жақтағандардан гөрі, бұл пікірді терістегендердің қарасы көп болды. Содан да шығар, екі күннен соң Қ.Әліпбайұлы алғашқы пікірінен жалт беріп: «Мен діни біліміміз бен құлшылық жасауымызға қатысты сөздің 70%-ы арабтан екенін айттым» деп жуып-шайған болды. Қалай десек те, Қ.Әліпбайұлының екі түрлі пікірі әлеуметтік желілерде көп талқыланды, әртүрлі пікірлерге жол ашты, қарама-қайшы ойлардың айтылуына себепші болды. Анығы – осындай бір пікірталастардың түйін сөзін, анық-қанығын сол саланы жетік білетін ғалымдар айтқаны жөн. Біз бүгін қазақ тіліндегі кірме сөздер, олардың қолдану аясы, қазіргі тіл қолданысымызға қатысты сауалдарды тілші, ғалымдарға қойдық. «Жас Алаштың» сауалына филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағұлова және филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр жауап берді.

1. Қабылбек Әліпбайұлының тіл туралы айтқан пікірін қалай қабылдадыңыз? Жалпы тілімізде кірме сөздер қай тілдерден көбірек кірген, оның себебі неде?

2. Тілімізге сырттан кірген сөздерді қалай қолданған дұрыс, өз қалпында ма, әлде өзіміздің болмысымызға жақындатып, үндестік заңымызға сай қолданған жөн бе?

3. Көнерген сөздер деген де ұғым бар. Сөз неге көнереді, оны қайта тірілтудің жолы бар ма?

Гүлдархан Смағұлова

Гүлдархан Смағұлова: Барлық қазақ өз тілінде сөйлесе, «уағызшы білімпаздар» жаңалық ашпайтын еді

1. Дүниені мекен еткен халық өмір бойы бір-бірімен сөз алмасады. Тіршілік үшін сауда-саттығы бар, аралас-құралас әлеуметтік мәдени қарым-қатынасы бірінде жоқ ұғымды сол елдің сөзінен алады.

Тарихи деректерге сүйенсек, Орталық Азия мен Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың тіліне араб сөздерінен гөрі иран тілдерінен кірме сөздер әлдеқайда ерте ене бастаған. Ұлы Жібек жолының Қытайды Жерорта теңізі жағалауымен, Рим империясымен, Византиямен жалғастырушы – дәнекер болғаны белгілі. Соғдылар 11 ғ. бастап Жетісу, Шығыс Түркістан жерлерінде өздерінің сауда керуендерін орналастырған. Сауда мен мәдени саладағы қатынас тайпалардың тіліне өз ықпалын тигізбей қоймады. Шығыс Түркістанның оңтүстігі мен Шу және Талас ойпаттарында соғдыша және түрікше сөйлейтін халықтар болғанын М.Қашқари «Диуани луғат‑ат‑турки» еңбегінде көрсетілген.

Шығыстанушылардың мұсылмандыққа қатысты сөздердің бәрі араб тілінен енген сөздер деген пікірлері біржақты айтылған. Араб пен иран тілдері генеалогиялық жағынан туыс та емес, типологиялық жағынан ұқсас та емес тілдер. Араб тілі – семит‑хамит, парсы тілі – үндіеуропа семьясына жататыны белгілі.

Арабтанушы Л.З.Рүстемовтің «Казахско‑русский толковый словарь арабско‑иранских заимствованных слов» сөздігі 1989 жылы жарық көрді. «Араб тілі көптеген халықтардың тілдеріне, әсіресе лексика саласында зор ықпал етті, оның мәні араб жаулап алуы мен исламның таралуына байланысты арта түсті. Осы кезеңде Таяу және Орта Шығыс халықтарының мәдени өмірінде араб тілі халықаралық тілдің рөлін атқарды. Кейінірек парсы тілі де ескі әдеби дәстүрдің иесі сияқты осындай функцияны атқарды» дейді. Еуропадағы латын және француз тілдерінің рөлі қандай болса, Шығыс халықтарының қоғамдық-мәдени өміріне араб-парсы тілдерінің рөлі сондай болған.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде арабизмдердің еш мағынасы өзгермей, қазақ тілінде де бірдей мағынада жұмсалатын бірліктер: қадым, хабар, тәрк, уақыт, мирас, ұстаз, әскер, әлем, мағлұмат, ахбар, хұқық, әтір, әсел, әріп, әзір, әдет, атлас, ахуал, аманат, ақыр, дүкен, залым, дәріс, ғұрып, қисса, қадір, заман, шайыр, хикая, шариғат, ықылас, ынтымақ, т.б.

Ал Н.Оңдасыновтың «Парсыша‑қазақша түсіндерме сөздігі» 1974 жылы шыққан. Сөздікте парсы сөздері «көбінесе шаруашылыққа, әсіресе егін, су шаруашылығына, бау‑бақшаға, сауда‑саттық, құрылыс істеріне, тұрмыстық салт ­сана әдебиет пен өнерге байланысты болып келеді.

Қазіргі қазақ тілінде жиі кездесетін құдай, періште, пайғамбар, жұмақ, тозақ, бейіш, тамұқ, намаз, ораза, молла, ишан, алша, анар, аптап, бұлбұл,дәрі, дуа, жад, жаднама, жаһаннам, зәмзәм, зәре иран тілінен енген кірме сөздер. Түпкі, ежелгі мағынасын жоғалтып, жаңа мағынаға ие болған араб-парсы кірме сөздерінің қатарына парсы тілінде «кіре беріс, табалдырық» мағынасын білдіретін «астана» атауы, қазақ тілінде «басты қала, орталық» деген мәнге ие болған.

Демек, араб және парсы тілдерінен енген негізінен есім сөздер қазақ тіліндегі кірме сөздердің ең мол қорын жасайды.

Сондай-ақ қазақ тіліне монғол тілінен ауысқан сөздер негізінен жер‑су аттары, әкімшілік, ел билеуге қатысты сақталған сөздер қазір де кеңінен қолданысқа түскен. Мысалы, Тарбағатай (суырлы), Толағай (бас), Зайсан (жақсы), Мұқыр (шолақ), Баянауыл (байын ола – бай тау), Қордай (қарлы), Нарынқол (жіңішке өзен) және ұлыс, жасақ, нөкер, құрылтай, аймақ, жарлық, т.б.

2. Орыс тілінен қазақ тіліне енген кірме сөздер қатарында Қазан төңкерісіне дейін енген сөздер жазбаша емес, ауызша тарағандықтан, сөйлеу тілінің ерекшелігіне қарай нормаланып, дыбыстық өзгеріске түсіп, игеріліп айтылған.

Қазір бұл сөздердің біразы қазақ тілінің орфографиясына сай жазылып жүр. Мысалы, тұрмыс қажетіне қатысты сөздер: самауыр, бөтелке, жәшік, сіріңке, кірпіш, бедре, кәмпит, көшір, бәтеңке, калош, сөтке, өшірет, тұрба, пима, тәрелке, т.б. Ғылым мен мәдениетке байланысты: зауыт, жорнал, мәшине, кәзит, минөт, секөнт, електр, нөмір, станса, еуропа, пойыз, шенеунік, пошта, тауар, т.б.;

Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде орыс тілінің транскрипциясына негізделіп енген болса, әсіресе ХХІ ғасырдан бастап енген шет тілдік сөздер негізінен түпнұсқасын сақтап енгенімен де дыбысталуында орыс тілінің айтылу нормасына сәйкес қолданыста жүр.

Бір ескеретін жайт – Қазан төңкерісінен кейінгі сөздер тұлғалық өзгерістерге көп ұшырамай, жазба әдебиеттің ықпалымен және бір кездегі «орыс тілінен енген сөздерді түпнұсқасын өзгертпей жазу» туралы қаулының да әсерінен орыс сөздері тұлғасын сақтап қалды. Жалпы орыс тілінен енген сөздер туралы айтқанда, терминдер бірінші кезекте тұрады.

3. Тіл әдетте өзінің жинақтағыштық (кумулятивтік) қасиетімен көне, ескіліктерді (сөздерді) сақтап, актив емес, бірте-бірте пассив қолданысқа ауыстырады. Көнерген сөздер күнделікті әрі жалпыхалықтық қолданыста болмағандықтан мағыналары көмескіленіп, тіпті кейде ұмытыла бастайды.

Сөздердің көнеру және қолданылу сипатына қарай көнерген сөздер архаизмдер және тарихи сөздер (историзмдер) деп екіге бөлінеді.

Архаизмдерге айналған көне сөздер бұрын халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүріне қарай қалыптасады, кейін адамдардың мәдени өмірінің өзгеруіне қарай көнеленуі мүмкін немесе басқа атаулармен аталып, тіпті кейін ұмытылып кетеді. Алайда бейтаныс сөздерді ұлт тілін тұтынушылар қайта жаңғыртып, өткен мәдени өмірінің кейбір елестерін ұрпақ есіне салып отыруы қажет міндеттердің бірі.

Тарихи сөздер. Атына қарай адамзат басынан өткен белгілі бір тарихқа қатысты, тарихи оқиғаға қатысты тілде қолданыста болып, кейін сол дәуір, заман тарихы өткенде бірге кетіп көнерген атауларды – историзмдер немесе тарихи сөздердейді. Тақырыптық топқа бөлгенде ел тарихына қатысты болған оқиғалар, іс-әрекет атауларына қарай жіктеледі.

Адамзаттың бір қоғамдық құрылымынан екінші қоғамдық құрылымға ауысып отыратыны тарихтан белгілі. Олардың қай-қайсысының да өзіндік ерекшеліктері, өмір сүру дағдысы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, шаруашылығы, кәсібі әртүрлі болып келеді. Жер бетіндегі әр ұлттың бір-бірінен айырмашылығы – оның күн көру, өмір сүру этикасына қарай қалыптасқан нормалары мен салт дәстүріне байланысты.

Заманның өзгеруіне байланысты бірқатар сөздер қолданыстан шығып, ескіре бастайды. Қоғам мүшелерінің бірі білсе, екіншілері білмейтін дәрежеге жетеді. Тіпті қолданудан біржолата ығысып, тілден шығып қалады.

Ескі заманның, ескі қоғамдық қатынастардың көрінісі байқалатын атаулар көне сөздер деп аталады. Көне сөздер өз ішінен ескірген сөздер (архаизмдер) және тарихи сөздер болып екіге бөлінеді.

Ескірген сөздер. Мағынасы көнергендіктен, тілден шығып қалған немесе күнделікті өмірде өте сирек қолданылатын жекелегенсөздер ескірген сөздер (архаизмдер) деп аталады. Ескірген сөздердің едәуір бөлігі әдет-ғұрып, салт-санаға байланысты ұшырайды. Мысалы, қырық жеті, бесік құда, бел құда, киіт кию, босаға аттау, ат-тон айып, отқа салар, ұрын бару, шаш сипау, ақсүйек, алтыбақан, қыз қуу, отқа май құю, шырақ жағу, жауырын ашу, т.б.

Ескіріп, тіл өмірінен ығысып жатқан бірліктердің бір кездердегі мағынасын, қызметін білу – халықтың рухани-мәдени тарихын білу. Киіт кию, босаға аттау, ат-тон айып, отқа салар, ақсүйек, алтыбақан, қыз қуу, отқа май құю, шырақ жағу қазір қолданыста жүр. Ұлттық салт-дәстүр мәдениетін жаңғыртсақ, ескірген сөздерге «жан бітіруге» әбден болады.

Мәселен, кейінгі кезде жаңа мағынада қолданылған бұрынғы сөздер – айдар, рәсім, айғақ, бап, егемен, әкім, нарық, жадағай, желаяқ, кеден, кәде, кесене, ұлыс, аймақ, қор, құн, шеру, т.б. Байырғы сөздердің өзара бірігіп жаңа қолданысқа түсуі – айыппұл, аспашам, әскербасы, дінбасы, елбасы, саяжай, жолақы, жәрдемақы, елтаңба, мерейтой, қаламақы, жеделхат, жәрдемақы, әнұран, пікірталас, т.б. Байырғы сөздердің өзара тіркесіп жаңа қолданысқа түсуі – көтерме баға, еркін баға, жұлқи көтеру, серпінді жобалар, сыбайлас жемқорлық, жан сақтау, шаруа қожалығы, қауіпсіздік белдігі, қорғаныс кеңістігі, азаматтық құқық, бастамашыл топ, кеден бекеттері, т.б.

Қазақ тілінің байлығын жазба, ауызша сөйлеу мәдениетінде сарқа пайдалану бүгінгі күні көңіл көншітпейтіні рас. Барлық қазақтар өз ұлтының тілінде сөйлейтін болса, «уағызшы білімпаздар» аяқ астынан жаңалық ашпайтын еді. Кей жағдайда молдалар уағызды алдымен араб тіліндегі нұсқасын айтып, бір-екі сөзбен қазақша түйіндей салады. Неге толық аударып, көпшілікке айтып бермеске?!. Араб тіліндегі құран сөзіне құлшылық жасау үшін тыңдаушылардың құлағына сіңіріп, болмыс-бітіміне ой саламыз десек, өз тілімізді кемсітпейік!

Мұрат Сабыр

Мұрат Сабыр: Араб-парсы тілінен енген деп жүрген сөздеріміздің дені өз сөзіміз

1. Қандай да бір тіл томаға тұйық өмір сүре алмайды. Ол сөзсіз алыс-жақын тілдермен мәдени қарым-қатынасқа түсіп отырады. Қазақ тілінде 10, 15 пайыз араб-парсы сөздері бар екенін тілші ғалымдар тарапынан айтылған. Кірме сөздер араб тілінен тікелей кірмеген, негізінен парсы тілі арқылы енген, сондықтан араб-парсы сөздері деп айтамыз. Араб-парсы кірме сөздерінің түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне енуінің 2 түрлі басты себебі болды. Біріншіден, ислам дінінің кең таралуына байланысты, әсіресе Алтын орда мемлекетінің билік басындағы топтардың ресми ислам дінін қабылдай бастауы еді. Дегенмен рухани құндылықтардың сабақтастығы одан да әріде жатыр. Түркілік адамгершілік құндылықтар мұсылмандық қағидалармен астасып жатты. Сондықтан Ұлы далада қатаң шариғат талаптарына бойсұна бермейтін, ұлттық дүниетанымға негізделген далалық мұсылмандық дін қалыптасты.

Екіншіден, орта ғасырларда араб тілі ғылым тілі болғаны шындық. Парсы тілі жыр мен шердің тілі, түркі тілі батырлық пен өрліктің тілі болды. Фирдоуси бастаған ұлы ақындардың поэзиясының түркі рухани мәдениетіне игі әсері болды. Нәзирашылдық дәстүрмен шығыс ақындары жырлаған тақырыпты, мәселен, Хұсрау мен Шырын, Мухаббат-наме, Гүлстан сияқты, т.б. шығармаларды түркі шайырлары қыпшақ-оғыз тілінде жырлады. Сөз саптауда, ұйқас үшін араб-парсы элементтерін пайдаланып отырды. Бұл үш тілді қолданған, яғни араб, парсы, түркі тілді бір әдебиеттің жарқын үлгілері еді.

Араб-парсы кірме сөздері қазақ тіліне ену барысында қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, грамматикалық құрылымына бағынып, төл сөз болып кетті. Қазақ тілінің әлеуеті кез келген кірме сөзді өз ыңғайына бағындыра алады. Бұндай құбылыс барлық тілде бар. Сондықтан жерден-жеті қоян тапқандай айқайлаудың қажеті жоқ. Егер қазақ тілінде араб сөзі 70 пайыз болса, арабтармен тәржімасыз түсінісер едік қой. Араб тілін арнайы мақсатты түрде оқымасаң игере алмайсың. Араб тілін бес жыл оқысаң да грамматикасын тауыса алмайсың. Араб тілінің грамматикасын нахуи дейді. Қазақта көп оқып, есі ауып кеткендерді «наху қағып кеткен» деген сөз бар. Біздің діншілдерді көп оқығаннан не шала оқығаннан наху қағып кеткен сияқты. Қазақстандағы дін өкілдеріне қазақ тілінің тарихын, әдебиетін, ұлттың тарихын, мәдениетін оқытып, қайта дайындықтан өткізу керек. Шала сауатты дін өкілдері, уағызшылар ұлттың тұтастығына қауіп төндіріп тұрғаны шындық.

Кірме сөз қазақ тілінің солдаты дегенді Б.Момышұлы айтыпты. Ол бұйрыққа бағынуға тиісті. Сондықтан да ата-бабамыз кірме сөзді, мейлі ол араб-парсы, монғол, орыс сөзі болсын, қажет кезінде өз ыңғайына пайдаланды. «Аллах» деген жоқ «Алла Тағала» деді, «харам, халал» деген жоқ, «арам, адал» деді. Қанша қақылдасақ та, арабтың көмей х, Һ дыбыстарын айта алмаймыз. Бұлар қазақ тілінің табиғатына жат дыбыстар. Араб тілі семит тілдері тобына, қазақ тілі түркі тілдері тобына жататын грамматикалық құрылымы мүлде басқа тілдер. Тілімізге жекелеген сөздер ғана енгені болмаса, араб сөздері грамматикалық сөз саптауымызға ықпал ете алмады.

Үшінші бір мәселе – біз араб-парсы тілінен енген деп жүрген сөздеріміздің дені өз сөзіміз, тамыры түркі топырағында жатыр. Тіл бір жақты байланыста болмайды. Мамлүктер билеген заманда араб тіліне түркі сөздері көптеп енген. Мысалы, арабтар машинаны арба дейді. Ал арба түркілердің төл сөзі. Екі аяқты арбаны ең алғаш пайдаланған ұлы даланың көшпенділері. Г.Дерфер сияқты белгілі түркітанушылар араб тілінде түркі сөздері көп екенін дәлелдеген.

Ал бүгінгі араб әдеби бірнеше диалектіге жіктеледі. Бес түрлі ірі диалектілік топтар бір-бірін түсіне бермейді. Ал қазақ тілі тұтас монолитті тіл. Сонау Түркияны, Еуропаны мекендеген қазақтар мен Қытайдың Шығыс Түркістанын мекендеген қазақтар бір тілде, бір дәстүрде өмір сүреді. Бұл қазақ тілінің ареалының қаншалықты кең екенін білдіреді. Қазақ тілін жақсы білген адам басқа түркі тілдерін де түсіне алады.

Қазақ тілінде араб-парсы, орыс, монғол тілдерінен енген кірме сөздер бар.

Жоғарыда айтылғандай, араб-парсы сөздері ислам дінінің және шығыс әдебиетінің ықпалымен қазақ тіліне енді. Қазақ тілінің лексикалық қорын байытты да, қазақ тіліне сіңіп кетті.

Ал монғол, қалмақ тілінің элементтері жер-су атауларында жиі кездеседі (Нарын, Шаған). Бұның тамыры сонау Шыңғыс хан заманынан бастап, кейінгі 16, 17 ғасырлардағы қазақ-қалмақ саяси қарым-қатынасының әсері болса керек. (Алаш – қалмақ тілінде жан алғыш, т.б.).

Ішінара қытай тілінің де элементтері кездеседі: Бітім – біт түбірі қытай тілінде қауырсын қалам. Көне түркі тілінде қолданылған. Жібек – қытайша сілік. Сілік қыздарым күң болты (Жібек қыздарым күң болды – Орхон-Енисей жазбалары).

Қазіргі қазақ тілінде ең көп кірме сөз орыс тілінің еншісінде. Орыс сөздерінің қазақ тіліне енуі 19 ғасырларда отарлау саясаты күшейген кезде және білім алу жүйесі арқылы, сауда-саттық тығыз қарым-қатынастар арқылы ене бастады. Орыс тілінен енген сөздер де қазақ тілінің ықпалына бағынды. Жәшік, бөрене, самауыр, бәтеңке, т.б. 1940 жылдары кирилл әрпіне негізделген әліпби қабылдадық. Ұлы Отан соғысынан кейін, 1950-жылдары орыстандыру саясаты күшеюімен орыс тілінен енген сөздерді, Ұлы Ленин сөйлеген тілдегі сөзді түпнұсқада айтып, жазу керек деген ұрандар орын алды. Орыс тілі коммунизмге бастар тіл болды. Қазақ тіліне енген орыс сөздері өз заңдылықтарын алып келді.

Бүгінгі таңда латын жазулы жаңа әліпби қабылдауды жоспарлап отырмыз. Осы тұста орыс тілінен енген 3 мыңнан астам термин сөздерді қалай жазамыз деп ғалымдар пікірталасып отыр.

2. Қазақ тіліне енген сөз Х.Досмұхамедов айтқандай, қазақтың тымағын кию керек деп айта алмай отырмыз. Шын мәнінде бүгінгі қазақ тіліне еніп жатқан орыс тілінен болсын, ағылшын тілінен болсын, кірме сөздер, термин сөздер қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағынып жазылып, айтылу керек.

Халел Досмұхамедовтің «Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе» деген. Әлде «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады» дегені шын болып тұр ма. Түптеп келгенде, Халел Досмұхамедов айтқан «Аурупа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес, Аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек» деген тұжырымын басшылыққа алу керек. Орыс тіл білімінде фонетикалық игеру деген ұғым бар. (Фoнeтичecкoe ocвoeниe – этo измeнeниe звyкoвoгo oбликa cлoв в cooтвeтcтвии c зaкoнaми пpинимaющeгo языкa). Кірме сөзді қабылдаушы тілдің өзіндегі бар дыбыспен айта алуы, ұлттық дыбыс жүйесімен игеруі. Мысалы, сол орыс тілінде көмей h дыбыс жоқ, ол г дыбысымен ауыстырылады: гapмoния (<гpeч. harmonia), гayптвaxтa (<нeм. Hauptwache), гopocкoп (<гpeч. horoskopos). Бұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Қазақ тілінің Ахмет Байтұрсынұлы белгілеп берген 28 дыбысы қай тілден енген кірме сөзді айтуға да, жазуға да құдіреті келеді. Бірақ тілдің бұл қасиеті кирилл әліпби қабылданған жылдардан бері ескерілмеді, қасақана бұзылды. Қазір өз дыбысымыздан өзіміз жиіркенетін жағдайға келдік. Біздер орыс тілінің заңдылығымен Америка десек, орыс тілінің ықпалына ұшырамаған Қытайдан келген қандастарымыз Әмірійкә дейді. Бірақ орыс дыбысы құлағымызға сіңген біздерге қытайлық қандасымыздың айтқаны жағымсыз естіледі. Бір жақсы ағамыз «әртіс» дегенге ренжіп, мен «актермін» деп еді. Мәселе осында болып отыр. Кірме сөз де, термин сөз де қазақ тілінің заңдылығына, дыбыс жүйесіне бағынып жазылады деген заңды қабылдамай, іс түзелмейді. Түзу емлеге ұлттық әліпбисіз қол жеткізе алмаймыз.

4. Иә, қазақ тілінде көнерген сөздер бар. Тіл жанды құбылыс. Көп қолданылмаған сөз көнереді, ескіреді, бірақ жоғалып кетпейді. Көнерген сөздер де, диалектілік ерекшелігі бар сөздер де тіліміздің байлығы. Керек кезінде пайдалануға болатын тарихи арналар. Мысалы, егемен, кеден деген сөздер ұмытылып бара жатқан көне сөздер болатын, тәуелсіздік алуымызбен бұл сөздер қайта жаңғырды. Батырлар жырында кездесетін көптеген көне сөздер бар: сауыт, кіреуке, тоғыз қабат торғауыт, қалқан, найза, т.б. Бұндай сөздерді қажет болған жағдайда қайта тірілтуге болады. Сөз ескіреді, өлмейді. Халықтың тарихи жадында сақталады. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» (Ахмет).

Дайындаған Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: