Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақтың тұңғыш балеринасы

Нұрсұлу Тапалова
Фото: ашық дереккөз

Ел тарихында «тұңғыш» деген тіркеспен есімі бірге аталатын таланттар аз емес. Солардың бірі – қазақ би өнерінің биігінен орын алған Нұрсұлу Тапалова. Ол – қазақтың тұңғыш балеринасы. Бар-жоғы 24 жасында Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі атанған тума талант иесі.

Нұрсұлудың үлкен сахнаға қадам басып, өнер жолына түсуіне себепші болған жанның бірі – Ахмет Жұбанов. 1934 жылы Құрманғазы атындағы оркестр Ойылға (Ақтөбе облысы) гастрольдік сапармен барады. Өнерпаздарды бастап келген А.Жұбанов Ойылдың кішкентай тұрғыны, 11 жастағы Нұрсұлудың мың бұрала билеген әдемі биіне тәнті болып, оның бойындағы би өнеріне деген икемін бірден байқайды. Академик биші қызға кәсіби білім алуға жол сілтейді. Сөйтіп, араға екі жыл салып, арнайы комиссияның іріктеу сынағынан іркілмей өтіп, анасының қарсылығына қарамастан Нұрсұлу Алматыға жол тартады.

Нұрсұлу бірден сол кездегі мемлекеттік Опера және балет театрына орналасып, балет­мейстер А.Александровтың шыңдауы­нан өтеді. Шын мықтыға тұсау жоғын түсінген ұстазы талапты қыздың талантын ұштап қана қоймай, Мәскеу мен Ленинградтағы хореографиялық учили­щелердің ұлттық бөлімдеріне түсуге кеңес береді. Алайда қара ­шаңырақтан кетуді жөн көрмеген текті қыз театрда қалуға бел байлайды. Александровтың жетекші­лігіндегі театр студиясында дәріс алып, кордебалетте қызмет ете бастайды. Сол кездің өзінде-ақ талантымен талайды тамсандырып үлгерген биші қыздың бағы жанып, атағы аспандай түседі.

Қазақстанның Халық әртісі Болат Аюханов Нұрсұлу биші туралы: «Нұрсұлу Тапалованың есімі аталса, «революция» сөзі бірден ойыма оралады. Шын мәнінде, ол ұлттық балет өнерінде төңкеріс жасады. Оны мойындауымыз қажет.Нұрсұлу сол кездегі сола-биші әйелдердің ішінде техникалық жағынан бәрінен оқ бойы озық тұратын. Әсіресе оның қазақ спектакльдеріндегі жеке билері керемет еді. Сол себепті қызғаныш көп болды. Кейін ол опера театрынан кетіп, эстрада жағына бет бұрды. Орыстың әйгілі балеринасы Галина Улановамен бірге жұп болып билегені Нұрсұлудың өте дарынды тұлға екенін көрсетеді. Оны ешқашан ұмытпаймын, пір тұтамын», – дейді, әрі оның үлкен сахнадан тым ерте кеткеніне өкініш білдіреді.

Нұрсұлу Тапалова
Нұрсұлу Тапалова

Шынымен де қызғаныш деген қызыл ит талай дарынның аяғына тұсау болғаны жасырын емес. Нұрсұлу да сол көреалмаушылықтың кесірін көрген жанның бірі. 1953 жылы биші театрдан кетіп тынады. Оны халық әртісі тізімінен сызып тастау, басқан ізін аңдып, майшаммен «тергеу» сынды сүреңсіз тірліктің сол кезде кімге керегі болғаны бізге беймәлім. Бәлкім, мұның да бір күні беті ашылар?!

Театрдағы қызметінен қол үзгенімен, қайсар қыз басқа түскенге жасып қалмай, қиындықтарды жеңе білді. Ол ән-би миниа­тюрасы жанрын жаңғыртты. Эстра­даға бет бұрып, биші Жамбыл атындағы филармонияда еңбек етті. Бишімен кезінде филармонияда бірге қызмет еткен Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова: «Нұрсұлу, біріншіден, атына заты сай өте сұлу еді. Өмірде ер мінезді шапшаң қимылдайтын, жуан дауысты болатын. Ал сахнада мың бұралып би билегенде көл бетінде тербелген аққудай нәзік-тін. Гастрольдік сапармен бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Өзінің жеке ансамблімен ел-жерді көп аралайтын. Оның басқа бишілерден ерекшелігі – сахнада қай ұлттың биін билесе, сол ұлттың әнін шырқап жүріп билейтін әдемі бейнесі есімде қалыпты», – деп тебірене естелігімен бөлісті.

Биші қыз филармонияда өзін одан ары жігерлендіріп, іскерлігін дәлелдей түсті. Берілген рөлдерді кәсіби жоғары деңгейде алып шыққан қазақтың бұрымды бишісін Кеңес одағы ғана емес, шет ел де таныды. Соның бір дәлелі, Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Нұрсұлу бишінің көрермен қауымның қошеметіне бөленгенін одақтас респуб­ликалардың баспасөзі жарыса жазып, кеңінен дәріптеді. Әсіресе Әзербайжанның ұлттық биі «Джуджә­дәрімді» үйіріп әкеткенде қазақ қызының асқан шеберлігі талайдың таңданысын туғызды.

Дарынды адамның қыры да, сыры да көп қой. Нұрсұлу тек би өнерімен шектеліп қалған жоқ. Қиындығы мен қызығы қатар жүрер кино саласында да бақ сынап, бойындағы дарынын халыққа тағы бір мойындата білді. «Кино-концерт», «Белая роза», «Жамбыл» және т.б. кино­фильмдерге түсіп, өз рөлдерін жоғары дәрежеде ойнаған Нұрсұлу көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, актерлік қырынан танылды.

Ұлтының ұлылығы мен ұлағатын ұлықтай білген, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлесін қосып, шапағатын тигізген Нұрсұлу Тапалова 1947 жылы «Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі» деген атаққа ие болады, 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен және би өнерінің эстетикалық үлгісін көрсеткені үшін «Құрмет белгісі» орденімен мара­патталады. Әрине, марапаттың ең үлкені – халықтың қошеметінен кенде болмады.

шоқыр бөлтекұлы
Жолдасы Шоқыр Бөлтекұлы

Өнерде шалқып жүрген Нұрсұлу апамыз өмірде қарабайыр күн кешкен екен. Жолдасы – халық арасында «бокс атасы» атанған мықты боксшы Шоқыр Бөлтек­ұлы. Екі қызымен Алматыда «Әртістер үйі» деп аталатын үш қабатты шағын үйдің бір бөлмелі пәтерінде тұрыпты. Өкініштісі, қазір сол қос жұлдыз тұрған үйде тым болмаса, мемо­риал­дық тақта да орнатылмапты…

Асылдың сынығы, тектінің тұқымы – Тоты Шоқырқызы әкесі мен анасы туралы былай дейді: «Жалпы, анам мен әкемнің махаббаты өте керемет еді. Тіпті бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын. Анам әкемді үнемі «Шоқ» деп отыратын. Ал әкем анамды «бәрінен де сен сұлу» деп еркелететін. Олар тіршіліктегі жоқшы­лыққа, жұрттың алыпқашпа әңгімелеріне мән бермейтін. Анам өзінің сұлулығы мен өнері үшін қызғаныштың қызыл отына көп күйді. Жоқты бардай айтатын айтқыштарды «Жаратқанға тапсырдым, ит үреді, керуен көшеді демей ме, шәуілдеген бір дыбысқа бола керуен жүрісінен жаңылмас» деп отырушы еді.

Нұрсұлу Тапалова
Нұрсұлу Тапалова

Анам туралы сыр ағыту маған өте ауыр. Әкем өмірден кеткенде қатты қайғырып, өзі де айықпас дертке шалдығып, 5 жылдан соң көз жұмды.

Осындайда өмірінің соңғы күндерінен бір естелік ойға орала береді. Төсек тартып қатты ауырып жатты. Ол кезде қоғам, бүкіл халық биші Нұрсұлуды ұмытып кеткендей еді. Бір күні теледидардан кезінде анам түскен «Белая роза» фильмі көрсетілді. Экраннан көрінбей кеткелі қай заман. «Мама, Сіз түскен фильмді көрсетіп жатыр» дедім. Сонда анамның қос жанарына жас үйіріліп, бұрынғы өзінің жас кезін­дегі естеліктерінен біраз сыр ақтарды. «Нұрсұлу жаман емес, иә» деп, бір серпіліп еді қайран анам», – дейді қамығып.

Осыдан соң Тоты Шоқырқызынан әкесі туралы да естелік сұрадым. «Әкемнің де балалық шағы өте ауыр болған. Ол – өз күшімен жетістікке жетіп, халқының абыройына бөленген жан. Бала кезімдегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Қызылорданың мерейтойына Дінмұ­хамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқмаған­бетов сияқты атақты зиялы қауым өкілдерімен қоса әкем екеуміз де, сондай-ақ басқа да бірқатар ақын-жазушылар – бәріміз бір ұшақпен жеттік. Анам гастрольдік сапармен сол жақта жүрген. Ұшақ жерге қонғанда халық мәртебелі меймандарын қуана қарсы алды. Солардың қатарында жиналған жұрттың әкеме көрсеткен ілтипат-құрметі ерекше есімде қалыпты. Ал қазір әкемнің де, анамның да еліне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін туған халқы ұмытты. Мені қынжылтатыны – осы», – дейді, журналист, өнертанушы Айдар Жорановқа берген сұхбатында.

Еліміздің Орталық мемлекеттік Архивінде Н.Тапалова жөнінде 10-ға жуық су­рет пен өз қолымен орыс тілінде жазылған қысқаша өмірбаянын таптым. Онда: «Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келдім. 1931 жылы Ойыл ауданындағы қазақ орта мектебіне оқуға тапсырдым. 1936-1938 жылдар аралығында Алматы қаласын­дағы Абай атындағы Мемлекеттік академия­лық Опера және балет театрында балет әртісі, 1939-1941 жылдары балет бишісі, 1941-1945 жылдары жауапты биші, 1945 жылдан прима-балерина болып жұмыс істедім.

Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының Жарғысы бойынша 1947 жылы желтоқсан айының 29-ы күні Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Сонымен қатар Алматы қалалық кеңесінің Еңбекші депутаттар атынан №187 сайлау округі бойынша депутат болып сайландым. Қазіргі таңда опера театрында қызметтемін.

Әкем – Елубай Тапалов 1898 жылы дүниеге келген. Революцияға дейін қара шаруа, революциядан кейін қызметкер болған. Анам – Мақпал Тапалова (туған жылы 1899). Ол қазіргі уақытқа дейін үй шаруасымен шұғылданады.

Қамқорлығымда анам және 1946 жылы дүниеге әкелген қызым бар. Інім – Нұрғали Тапалов (туған жылы 1929) мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында менімен бірге хор әртісі ретінде жұмыс істейді.

Әпкем – Жұмаш Тапалова (туған жылы 1919), баласы (туған жылы 1940) бар. Жұмыста жоқ. Әпкем де баласымен бірге менің қамқорлығымда, бәріміз бірге тұрып жатырмыз» деп жазылған екен.

Шынында да, ажарынан ай, келбетінен күн көрінген, табиғаттың тамаша болмысын өн-бойына сіңіріп, халықты әуенге елітіп, мың бұралғанда сыр тұнған сиқырлы саусақ­тарымен талайды тамсандырған, 1936 жылдан 1970 жылға дейін сахнадан түспей, көптің көзайымына айналған қазақтың тұңғыш балеринасы, қазақ даласында балет өнерінің дамуына өз үлесін қосқан Нұрсұлу Тапалованың есімі ел есінен ешқашан ұмытылмаса екен дейміз.

Дина Дүтмағамбетова,

Опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері