Қазалы аудандық сотының төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталды
Қызылорда облысында Қазалы аудандық сотының төрағасына қатысты сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тергеу басталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, құқық қорғау органдары сот басшысын пара алды деген күдікпен ұстаған.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті Қазалы аудандық сотының төрағасы Дәурен Әбдіқалықовты ұстаған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, ал құқық қорғау органдары бұл істің нақты пара алу фактісі ме, әлде алаяқтық сипатта ма екенін анықтауда.
Алдын ала деректерге қарағанда, аталған іске 2024 жылы алаяқтық қылмысы үшін сотталған азаматтың ісі себеп болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, сотталушының жақындары жазаны жеңілдету мақсатында сот төрағасына 6 миллион теңге берген. Нәтижесінде ер адам шартты түрде жаза алып шыққан. Кейінірек мерзімінен бұрын босатылу үшін қосымша 300 мың теңге берілгені айтылып отыр.
Сонымен қатар бұл іске Қазалы аудандық сотының судьясы Серік Бертайдың да қатысы болуы мүмкін деген күдік бар. ҰҚК өкілдері оның да әрекеттерін тексеруді жоспарлап отыр. Алайда судьяның қазіргі таңда ауруханада жатуына байланысты ол әзірге ұсталмаған.
Ресми органдар тергеу аяқталғанға дейін қосымша ақпарат таратпайтынын мәлімдеді. Істің барлық мән-жайы анықталған соң, құқықтық баға берілмек.