Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Қазалыда көпір бар, барсаң бақыр да жоқ

1
Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысын Қазалы ауданында Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан оннан аса ауыл халқы аудан орталығына қатынау үшін көпір салынуын ұзақ жылдардан бері күтіп келеді.

Жоба бойынша Сырдарияның үстімен өтетін өткел – Қарлан көпірі биыл аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда үш жыл ішінде өткелдің тек үш темір-бетон тіреуіші ғана тұрғызылған. Бүгінде құрылыс аумағы тып-тыныш, бұрынғы қызу жұмыс жоқ. Мердігер мекеме бастаған да, тастаған. Енді өзеннің арғы жағындағы шамамен 15 мың адам аудан орталығына қатынау үшін қалқымалы көпірді пайдаланып жүр.

Қожабақы ауылының тұрғыны Жиеней Тапбетов тұрғындардың жағдайын былай сипаттайды.

«Сырдарияда су толса, пантон суға батып кетеді, сең жүрсе алып кетеді. Қарлан көпірі салынады дегенде қуанышымызда шек болмап еді. Екі жылға жақындады, ешқандай қозғалыс жоқ. Көпір болса, тіпті той жасаймыз деп жүрміз», – дейді.

Көпір құрылысы 2021 жылы конкурс нәтижесінде мердігер компанияға сеніп тапсырылып, 4 миллиард теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда компания жұмысын аяқтамай, жобаны орта жолда қалдырған. Игерілмей қалған қаржы мемлекетке қайтарылды, ал әкімдік мердігерді сотқа берген.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов:

«Қарлан көпірі жобасына бөлінген қаржыны игеруге қатысты мердігер мекемеге бірнеше рет қосымша келісімдер ұсынылды, бірақ компания белгісіз себептермен бас тартты. Биылғы жылдың 10 қазанында сот мердігермен келісімшартты біржақты бұзу туралы шешім шығарды», – дейді.

Қазір басқарма Қарлан көпірінің құрылысы бойынша екінші рет конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Жаңа мердігер анықталған жағдайда көпірдің құрылысы келер жылы қайта жандануы мүмкін. Алайда бұл уәделерге күмәнмен қарайтын тұрғындар көпірдің аяқталарынан үміт үзгендей күйде.

Бұл көпірдің ұзындығы 260 метр, ені 7 метр, темір-бетоннан салынады деген. Бұл көпір тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар Сырдың арғы бетіндегі орналасқан егіндік алқабына да өтуге мүмкіндік беретін маңызды инфрақұрылымдық нысан саналады. Жоба аясында көпірмен қатар Қарланға дейінгі 2,5 шақырымдық жолдың салынуы да жоспарланған. Бұл жол аудан тұрғындарының шаруашылықтарын дамытып, ауыл шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік берер еді. Алайда құрылыс тоқтап, елдің көптен күткен үміті су сепкендей басылып тұр.

Нұрбек Дәуренбеков

Қызылорда облысы

Тегтер: