«Қазарнаулыэкспорттан» Үкіметке дейін: Қорғаныс саласынан қаржы жымқырғандар түгел әшкерелене ме?
Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі Әділбек Сәрсембаев қару-жарақ жеткізуге қатысты жемқорлық іс бойынша ұсталды.
47 жастағы экс-шенеунікке Қылмыстық кодекстің 361-бабы – «қызметін асыра пайдалану» бабымен айып тағылып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, Сәрсембаев қорғаныс тапсырысына бөлінген қаражатты жұмсау барысында өкілетін асыра пайдаланып, заңбұзушылықтарға жол берген. Бұл дерек қару-жарақ және әскери техника сатып алу кезіндегі ірі жемқорлық схемасын әшкерелеу кезінде анықталған.
Әскери ұшақтарға бөлшек алу ісі
Анықталған заңсыз схеманың түп-төркіні Қорғаныс министрлігінің қажетіне әскери ұшақтарға қосалқы бөлшектер сатып алу процесімен байланысты. «Қазарнаулыэкспорт» («ҚазСпецЭкспорт») компаниясы – еліміздегі қару-жарақ экспортына жауапты мемлекеттік кәсіпорын. Аталған кәсіпорын 2022 жылы әскери ұшаққа қажетті бөлшектерді шетелден алдырмақ болған. Алайда алдын ала таңдалған ресейлік жеткізуші өз міндетін орындай алмаған соң, Қазақстан тарапы шұғыл түрде басқа компания іздеуге кіріскен. Осы ретте 2023 жылы күтпеген жерден KAZYTEC жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайда болып, мемлекеттік тапсырысты орындаушы ретінде ұсынылған.
Тергеу материалдарына сәйкес, KAZYTEC компаниясының әскери мақсаттағы өнімдерді жеткізуге қажетті лицензиясы да, тиісті мамандары да болмаған. Соған қарамастан, дәл осы фирмаға жойғыш ұшақтардың қосалқы бөлшектерін сатып алу бойынша қомақты келісімшарт берілген. Мұндай шешімнің заңға қайшы екені анық еді. KAZYTEC сияқты арнайы біліктілігі жоқ компанияның мұндай мемлекеттік тапсырыстарға қатысуға құқығы да болмаған. Тергеу мәліметтері KAZYTEC-ті шартқа қосу туралы шешім пара беру арқылы іске асқанын айғақтаған. Яғни, жауапты тұлғалар жеке кәсіпорыннан өз пайдасын көздеп, бұл істе тәжірибесі жоқ компанияны министрлік тапсырысына кіргізген.
Осылайша заңсыздық салдарынан мемлекетке кемінде 600 млн теңге көлемінде шығын келіп, әскерге қажетті ұшақ бөлшектері уақытында жеткізілмеген. Кейбір деректер бойынша жалпы шығын мөлшері 1,6 млрд теңгеден асып кеткен. Яғни, қомақты қаржы талан-таражға түсіп, әскери техника тиісті бөлшексіз қалған. Бұл факті қарулы күштердің жауынгерлік дайындығына кері әсерін тигізіп, ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін еді деп бағаланған.

Арман Рамазанов ісі және сот үкімі
Жемқорлық схемасы әшкере болып, 2023 жылы қылмыстық іс қозғалғаннан кейін көп ұзамай негізгі айыпталушылар ұсталды. Олардың арасында «ҚазСпецЭкспорт» кәсіпорнының сол кездегі бас директоры Арман Рамазанов және оның орынбасары Азат Құдабаев бар. Тергеу Рамазановты мемлекеттік тапсырысты орындау барысында пара алды және заңсыз кәсіпкерлік қызметке жол берді деп айыптады. Биыл жазда Астана қаласы соты осы іске қатысты үкім шығарды. Арман Рамазанов пара алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Рамазановтың орынбасары Азат Құдабаевқа да айып тағылып, сот оны 10 жылға соттады.
Сот процесі барысында Рамазанов өзіне тағылған айыптарды мойындамай, істі «саяси астары бар, маған вице-министр болуға кедергі жасау үшін қолдан жасалған» деп сипаттады. Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыс бойынша көзделген бөлшектер толық жеткізілген, сондықтан өзі мен әріптестерінің әрекетінен зиян келмеген-мыс. Дегенмен сот тергеу материалдарын зерделей отырып, басқа шешімге келді. Сот алқасы «айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді» деп тапты.
Нәтижесінде, Рамазановпен бірге сот алдына келген өзге тұлғалар да жазаға тартылды. KAZYTEC ЖШС директоры Азамат Шәмерденов алаяқтық жасағаны және пара бергені үшін айыпты деп танылып, Рамазановпен бірдей 11 жыл түрме жазасына кесілді. Тергеу деректеріне қарағанда, дәл осы Шәмерденов Рамазановқа қомақты мөлшерде пара ұсынып, өз компаниясын мемлекеттік келісімшартқа кіргізуге қол жеткізген. Сондай-ақ KAZYTEC басшысының серіктесі Игорь Белоусов та қылмысқа қатысы бар деп танылып, 10 жылға сотталды. Осы іс бойынша тағы бірнеше фигурантқа шартты жаза және 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Сот үкіміне сәйкес, барлық сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, мемлекетке келтірілген шығынды өтеу шаралары белгіленді.

Әділбек Сәрсембаев кім?
Әділбек Сәрсембаев – жоғары лауазымды қызметтер атқарған шенеунік. Ол 1978 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылы Қаржы министрлігінің салық органдарында бастаған деген дерек бар. Кейін Астана қаласы әкімдігі аппаратында түрлі қызметтерді атқарып, 2007-2009 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде басшылық лауазымдарда болған. 2015 жылдары елордадағы табиғи ресурстар басқармасын басқарса, 2016-2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданының әкімі болып қызмет етті. 2020-2021 жылдары Сәрсембаев қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарды. Бұл еліміздің әскери-өнеркәсіп кешеніндегі ірі мемлекеттік холдинг, оған қару-жарақ шығарушы кәсіпорындар мен делдал ұйымдар кіреді. 2021 жылдың наурыз айында ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Алайда бұл қызметте ұзақ отырмады, 2022 жылдың тамызында үкіметтің қаулысымен вице-министр лауазымынан босатылды. Ресми мәлімдемеде оның қызметінен босатылу себептері ашып айтылмады.
Әділбек Сәрсембаевтың атына қатысты ірі жанжал – дәл қазір тергеліп жатқан іс болып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша ол вице-министр лауазымында бола тұра, әскери тапсырысты орындаушыны таңдау кезінде заңсыз әрекетке барған. Яғни, тиісті рұқсаты жоқ фирмаға болысқан. Соның арқасында KAZYTEC серіктестігі «ҚазСпецЭкспорт» арқылы мемлекеттік қаражатқа қол жеткізген. Қаржы мониторинг агенттігі дәл осы деректер бойынша экс-вице-министрді күдікті деп танып отыр. Егер оның кінәсі сотта дәлелденсе, Сәрсембаевқа 7 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сәрсембаевтың отбасылық тарихы да назар аударарлық. Әділбектің әкесі Зейнулла Сәрсембаев та бір кездері жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарған. Нақтырақ айтқанда, ол 2000-жылдардың басында ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болған. Алайда 2009 жылы Зейнулла Сәрсембаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен ұсталған. Тергеу оның 522,6 млн теңге көлемінде мемлекет қаражатын талан-таражға салғанын анықтап, сот 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

KAZYTEC деген қандай компания?
Жоғарыдағы іс материалдарында жиі аталған KAZYTEC ЖШС көпшілікке дейін белгісіз компания болатын. Ресми деректер бойынша бұл фирма шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген және әуелде әскери мақсаттағы техника мен қосалқы бөлшектер саудасымен айналыспаған. Ашық деректерге қарағанда кәсіпорын 2017 жылы Астана қаласында тіркелген. Негізінен көпқабатты үйлерді сату-сатып алумен айналысады. Директоры –Әлімжан Шүкенов. Құрылтайшылары екеу. Олар – Әлімжан Шүкенов пен Сұлтан Халухоев. Компанияның қаржылық жағдайы да ала-құла. Мысалы, 2023 жылы 10,7 млрд теңге болған. Былтырғы қаржысы – 6,8 млрд. Осы уақытқа дейін мемлекетке 755 млн теңгеден аса салық төлеген. Мемлекеттен 3 тендер алғаны туралы мәлімет бар.
Міне, осылайша пәтер сатумен айналысатын және қаржысы да аса көп емес компания әскери ұшақтың бөлшектерін жеткізіп бермекші болған. Қаржы мониторинг агенттігінің тергеуі көрсеткендей, KAZYTEC-тің қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыстарға қатысуға ешбірзаңды мүмкіндігі болмаған – ниеттенсе де қажетті рұқсатнамалар мен техникалық біліктілігі жоқ еді. Соған қарамастан, 2023 жылы дәл осы компания күтпеген жерден ірі әскери тапсырысты жеткізетін орындаушы болып шыға келген. Мұның сыры жоғарыда айтылғандай, лауазымды тұлғалардың заңсыз қолдау көрсетуінде болып тұр. Тергеушілер KAZYTEC компаниясын қару-жарақ жеткізушілер тізіміне қосып, оған барлық мүмкіндік берілгенін анықтады.
Тергеу материалдары KAZYTEC-тің бұл схемада тек құрал ретінде пайдаланылғанын, ал ұтып алынған қаражаттың белгілі бір бөлігі пара түрінде шенеуніктерге берілуге келісілгенін көрсетті.
Ал бұл компанияға заңсыз түрде тапсырыс берген «Қазарнаулыэкспорт» кәсіпорны болса Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетінің «Қазарнаулыэкспорт» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны саналады. Оның былтырғы қаржылық жағдайы 3 трлн теңгеден асады. Осы уақытқа дейін 226 млрд теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттар саны 1 600-ден асады.
Қазіргі кезде Әділбек Сәрсембаевты Қаржы мониторинг агенттігі ресми түрде күдікті деп жариялап, бұлтартпау шарасын қарастырып жатқан көрінеді. БАҚ-тағы ақпараттарға қарағанда Сәрсембаев тергеу басталғанын білгенге ұқсайды, себебі ол шетелге кетуге талпынған. Ол 2025 жылғы 12 желтоқсанда БАӘ-ге ұшып кетуді жоспарлапты. Ресми органдар бұл ақпаратты растамағанымен, «экс-шенеунік елден қашпақ болды» деген жаңалық қоғамда кең талқыланды.
Әділбек Сәрсембаевтың ісі бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Әзірге мемлекеттік органдар тарапынан нақты мәлімдеме жасалмады, қосымша ақпарат та берілген жоқ.
Тұрсынбек БАШАР