«КазАзот» зауытындағы төтенше жағдайдан кейін төрт жұмысшы ауруханаға жеткізілді

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында орналасқан «ҚазАзот» кәсіпорнында болған өндірістік апат салдарынан төрт адам ауруханаға түсті.
Олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, тағы екеуі – травматология бөлімінде ем қабылдауда. Зардап шеккендердің бәрінде термиялық күйіктер анықталған.
Облыстық әкімдік мәліметінше, жарақат алған жұмысшыларға көмек көрсету үшін Қазақстанның бас реаниматологы мен күйік жарақаттары саласындағы жетекші мамандар шақырылған.
«Жағдайлары тұрақты, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген Маңғыстау облысы әкімдігінің ресми хабарламасында.
Еңбек қауіпсіздігі сақталмаған
Апатқа байланысты облыстық еңбек инспекциясы алғашқы тексеріс нәтижелерін жариялап, зауытта отты қолдану арқылы жүргізілген жұмыстардың арнайы рұқсат құжаттарынсыз орындалғанын растады. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды.
Компания оқиғаға қатысты пікір білдірді
Зауытты иеленуші компания болған жағдайды «аса ауыр оқиға» деп бағалап, зардап шеккен қызметкерлерге жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Қазір арнайы комиссия құрылып, өндірістегі қауіпсіздік талаптарының орындалуы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, «ҚазАзот» акционерлік қоғамы 2005 жылы құрылған. Ол Ақтауда орналасқан және аммиак, аммиак селитрасы мен азот қышқылын өндіруге маманданған ірі химия кәсіпорны саналады. Кәсіпорынның негізгі акционері — Forbes Kazakhstan дерегі бойынша 295 миллион долларлық байлығы бар кәсіпкер Бахаридин Аблазимов.