Қазба жұмысынан кейін. Обалар мен қорғандар тағдыры
Ғалымдар «археология деген тарихтың күрегі» дейді. Әрине, бұл ғылымда күректің күші болмаса, оның нәтиже бермейтіні сөзсіз.
Бірақ сол күректің күшімен алынған материалсыз тарих жазылар ма еді? Соңғы уақытта әлеуметтік желіде көне жерлеу орындары қазбадан кейін ондағы заттар алынып, оба-қорғандардың өзі ашық-шашық қалатыны туралы айтылып жүр. Әсіресе бұл көбіне ерте темір кезеңінің обаларына қатысты жиі қозғалады. Байқасақ, біздегі қалалар қазбалары жақсы бақыланып отырады. Көбінің басында музей бар, ел қоныстанған. Ал көне жерлеу орындары қазбасынан кейін сол жерді рухани орынға немесе туристік нысанаға айналдыру керек деген ұсыныстарды үнемі естиміз. Әрине, мұның бәрі жорамал пікірлер, ұсыныстар, енді мұның нақты ғылыми шешімі қандай? Осы тақырып турасында «Жас Алаш» дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға археологтар Айдын Жүнісханов пен Аслан Мамедов, антрополог Дильяра Сырым қатысты.
Ж.А: Әлеуметтік желілерде археологиялық зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейінгі көне жерлеу орындарының жай-күйі жиі талқыланып жүр. Көпшілік әсіресе қазба барысында табылған заттар мен жәдігерлер алған соң ежелгі оба мен қорғандардың қараусыз, ашық-шашық күйде қалатынына алаң боп жатыр. Мұндай пікірлер көбіне ерте темір дәуіріне тән обаларға байланысты айтылып, «қазбадан кейін тарихи нысандардың тағдыры не болады?» деген орынды сұрақ қойылып жатады. Жалпы бұл қаншалықты рас деп сұрағым келеді.

А.Ж: Бұл әңгіме бүгін ғана басталған жоқ, бұрын да көтерілген тақырып. Тек әлеуметтік желінің пайда болуының арқасында соңғы кезде ашық айтылып, талқыға түсіп жүр. Шын мәнінде археология ғылымында қазба жұмысын жүргізу методикасы бар, оның үстіне Ақпарат және мәдениет министрлігі тарапынан бекіткен археологиялық қазба жұмысын жүргізгенге дейін және одан кейін не істеу керегін қамтитын нақты ережелер бар. Соның ішінде рекультивация деген мәселеге басымдық беріледі. Қазба жұмысынан кейін әр археолог зерттеп, қазып болған обаны, нысанды қайта көміп, рекультивация жасауға міндетті. Яғни, мола шұңқырын көмеді, ашық-шашық қып қалдыра алмайды. Бұл заңмен бекітілген ереже. Бірақ осы тұста жиі сөз болып жүрген «археологиялық этика» мәселесі де бар. Қазір археологиялық қазба жұмысын жүргізуге мерзімсіз лицензия аласың, яғни, мерзімі жоқ, ұзақ уақытқа береді. Лицензия берген соң археологтың жұмысын ешкім бақыламайды. Бастысы, археологта лицензия болады, бірақ қолдағы лицензиядан айыру мәселесі заңда қарастырылмаған. Байқасақ, соңғы кезде А.Аймағамбетов бастаған депутаттар археологиялық зерттеу жұмыстарына аккредитация, лицензияны бес жылға беру мәселесін жиі көтеріп жүр. Осы бес жылдың ішінде археолог өзінің ғылыми жұмыстарын көрсетіп, қазу жұмыстары археологиялық ережеге сәйкес пе, сәйкес емес пе, билік тарапынан қабылданған бұйрыққа сәйкес жүргізілді ме, қазбадан соң рекультивация жұмыстары жасалды ма – осының бәрін дәлелдеп, көрсетесіз. Егер рекультивация жұмысы жүргізілмеген не қазба жұмысы методикалық талаптарға сай болмаған жағдайда археологты лицензиясынан айыру керек. Мұндай археологтарға арнайы жаза түрін қолдану керек. Себебі біздің мәдени мұрамыз, тарихымыз болғандықтан осындай шаралар қолданған абзал деп ойлаймын.
Әлеуметтік желіде қазба орындары ашық-шашық қалды деп жатыр ғой. Бірақ нақты қандай ескерткіш, нені меңзеп, нені айтқанын түсіне алмадым. Қалай десек те, лицензияларды бес жылға беру мәселесін құптаймын. Және әр бес жыл сайын археологтар лицензиясын жаңартып отырғаны шарт. Себебі мерзімсіз лицензияны бір қалыпқа келтірмей, бұл салада қиындықтар туа бермек.
А.М: Көбіне-көп тарихи-мәдени ескерткіштер консервацияланатыны рас. 2019 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның 34-бабының 3-тармағына сәйкес археологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін нысанды консервациялау жүргізілуі тиіс. 2020 жылғы 17 сәуірдегі №95 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Археологиялық жұмыстарды жүргізу ережелері мен шарттарын бекіту туралы» бұйрығының 19-тармағына сәйкес, археологиялық жұмыстар аяқталған соң археологиялық ескерткіштің немесе тарихи-мәдени мұра объектісінің аумағынан қазба топырақтары (отвалы) шығарылып, жер жамылғысы қалпына келтіріледі, консервациялық жұмыстар атқарылады және осы процестердің бәрі фотосуретке түсіріледі. Түсірілген фотосуреттер ғылыми есепке қоса беріледі.
Шынында да, археологиялық қазба жұмыстары барысында ғалымдар әуелі зерттелетін нысанның (қорғанның, қоныстың және т.б.) шекарасын анықтап алады, содан кейін ғана топырақты алу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, қорғандарды қазу кезінде олардың үйіндісі бұзылып, алынған топырақ қазба шекарасынан тыс жерге үйіледі. Бұл кезде зерттеушілердің көбі санитарлық аймақты ескереді, яғни, тазалық сақталуы тиіс және зерттеу нысанын топырақ үйінділерінен бөлетін (шекарасын көрсететін) аумақ. Зерттеу аяқталған соң қабір шұңқырлары қайта көміледі.
Осы тұста айта кететін жайт, ерте темір дәуіріне (ерте көшпелілер кезеңіне) жататын кейбір қорғандар ежелгі заманда құрылыс материалы ретінде тас пен ағаш қолданылған сәулеттік нысандар болған. Мысалы, тастан тақталар мен блоктардан қоршаулар тұрғызылып, ал ағаштан шатыр немесе бөренелі құрылымдар жасалған. Мұндай құрылыстар қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін көп жағдайда сол күйінде сақталып, жұртшылыққа ежелгі көшпелілердің қорғандары қандай болғанын көрсету үшін ашық қалады.
Д.С: Расында да, археологиялық тәжірибеде кейде қазбадан кейін обалар ашық-шашық күйінде қалатын жайттар кездеседі. Әсіресе ХХ ғасырдың орта шеніндегі зерттеу жұмыстары кезінде негізгі мақсат – ғылыми мәлімет пен заттай олжа алу болса, киелі кеңістікке құрмет ұғымы екінші қатарға сырылған. Сол себепті көптеген ерте темір дәуірінің қорғандары қазылған соң қайта көмілмей, табиғи ландшафттың жарасы секілді ашық күйінде қалған фактілер бар. Мұның себебі – кейде қаржы тапшылығына, кейде археологиялық этиканың толық қалыптаспағанына, кейде жергілікті қауыммен байланыс орнатудың әлсіздігіне кеп тіреледі. Алайда қазіргі археология ғылымы мұндай көзқарасты біртіндеп еңсеріп келе жатқанға ұқсайды. Археологияның тек материалдық мұраларға бағытталып, рухани қырын елемеуі кеңестік кезеңнен қалған ғылыми дәстүр. Кеңес археологиясы атеистік, материалистік дүниетанымға сүйеніп дамығандықтан, онда киелі ұғым, рух, қасиеттілік сияқты категориялар тыс қалды.
Ж.А: Көп жағдайда ежелгі қорымдар мен киелі орындар қазылып, зерттеу аяқталған соң қайта көмілетінін білеміз. Ал сол жерлерде жатқан ата-баба сүйектері мен о дүниелік сапарға арналған заттар алынған соң, орнында бос топырақ қалады дейді. Бұған қатысты не айтасыздар?
А.Ж: Бұл археологиядағы қалыпты жағдай. Қазба орындарындағы артефактілердің барлығы зерттеліп, жәдігерлердің ең құндылары, көріктілері музейлердегі экспозицияға шығарылады және біз сол арқылы мәдениетіміз бен байырғы тарихымызды, өркениетімізді әуелі өзімізге, кейін әлемге танытамыз.
Ежелгі қала мен даланың әлемдік тарихтағы орнын осылайша айқындап көрсетуге бағыттаймыз. Бұдан бөлек, археологияда «жаппай археологиялық материал» деген ұғым бар. Бұлар көп жағдайда музейге тапсыратын жәдігерлердің қатарына қосылмайды, әбден зерттеледі, арнайы қоймалар мен лабораторияларда сақталады. Мұндай материалдарды неге сақтауымыз керек десек, ғылым үздіксіз дамып жатыр. Әр сүйек, әр қыш ыдыстың сынығы мен тас, әр темірден не қоладан жасалған бұйым, тіпті оның кішкентай сынығы болмасын өткеннің біз білмейтін құпияларын ашуда, тарихты тануда қолданатын кілт. Өткенді зерттеуде, танып білуде үлкен рөл атқарады. Сондықтан біз оны сақтап, зерттеуіміз басты шарт. Ғылым дамыған сайын зерттеу әдістері өзгеріп отырады, бұрын белгісіз болған жаңа зерттеу әдістері қалыптасады. Сондай-ақ уақыт өткен сайын өткенге қатысты жаңа сұрақтар туындайды, ол сұрақтарға жауапты археологиялық жәдігерлер береді. Осы себепті, мұндай артефактілерді сақтамасақ, жаңа ғылыми әдіс пайда болған сайын жаңадан қазба жүргізуге тура келеді. Алдағы уақытта елімізде жаппай археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді шектеу мәселесіне келеміз. Ол он жылдан соң бола ма, не жиырма жылдан соң бола ма, белгісіз. Бірақ түбі соған келеміз. Сол кездегі басым бағыт қолда бар материалдарды анализ жасау болады. Сонда осы жинақталған жаппай археологиялық материалдардың пайдасы тимек. Мейлі ол тас құрал, малдың сүйегі болса да, барлығын жинақтап, сақтауымыз керек. Ғылым әдістемесі дамыған сайын жаңа бір зерттеу әдістемесі пайда болып, қолда бар жәдігерлерді зерттей береміз. Былайша айтқанда, біздің болашаққа жасақтап жатқан қорымыз осы материалдар болмақ.
А.М: Бұл талап заң деңгейінде бекітілген. 2019 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның 34-бабының 4-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстан аумағынан алынған барлық материалдар мен табылған заттарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне тапсыруға міндетті». Сондай-ақ кейбір адамдар археологиялық қызмет тек қазба жұмыстарын жүргізуден тұрады деген қате түсінік қалыптасқан. Археологтар бұл кезеңді далалық жұмыс деп атайды. Бірақ бұдан бөлек, көп жағдайда уақыт пен еңбекті көбірек қажет ететін камеральдық өңдеу кезеңі бар. Әдетте бұл жұмыс археологиялық олжаларды (артефакттарды) реставрациялау, яғни, оларды тазалау, өңдеу, сынған бөлшектерін біріктіру және басқа да жұмыстарын, сүйек қалдықтары арқылы адамдардың сипаттамасын анықтау, яғни, реставрациялау, жасын, жынысын, нәсілдік тектік ерекшелігін айқындау, жануарлардың сүйек қалдықтары бойынша олардың жасын және түрлік құрамын анықтауды қамтиды. Бұдан бөлек, хронология бойынша деректер алу (радиокөміртекті және өзге де талдау түрлері), материал құрамын анықтау, жерлеу мен еске алу ғұрыптарына, археологиялық артефакттарға ұқсас нысандарды іздестіру, табылған олжаларды сипаттау, суретке түсіру, сызбасын жасау, ғылыми есеп дайындау, акт толтыру және табылған олжаларды музейлерге тапсыру сынды кезеңдерден тұрады.
Д.С: Қазылып алынған обалар туралы «заттар алынып, қалғаны ашық қалады» деген сипаттама тарихи тәжірибенің бір бөлігі ретінде рас, бірақ оны талдау кезінде жан-жақты қарау керек. Біріншіден, материалдық-практикалық деңгейде обалардың қазылуы археологтардың мақсаты – құрылымдық тұрғыдан зерттеу, топырақ қабаттарын оқу және қорған ішіндегі заттарды алу. Археологияның ежелден келе жатқан әдістері кей кезде некропольдарды толық ашып, қорғандағы заттарды, сүйектерді, тіпті органикалық қалдықтарды зерттеу үшін барлық қабаттарды жоюды талап етеді. Бұған қоса ХХ ғасырдағы кей тәжірибелерде сақтандыру шаралары нашар болған, консервация және қайта қалпына келтіру ресурстары шектеулі еді, нәтижесінде қазылған қорымдардың беткі қабаттары қалпына келтірілмей қалатын, топырақ қайта төселмейтін, қорғандық рельеф қайта жасалмайтын жағдайлар жиі кездесті. Бәріміз білеміз ғой, қазақ және басқа да көшпелі, жартылай көшпелі қоғамдарда топыраққа, жерге және сүйекке деген ерекше көзқарас бар. Сондықтан қорымдарды ашып, сүйектер мен заттарды зерттеп алған соң орнын бос қалдыру сол кеңістіктегі рухани тепе-теңдікті бұзу, кейбір қауымдарда оны қорлау деп қабылдануы әбден мүмкін. Мұндай мәселенің шешімін археологтар айта жатар. Бірақ, менің ойымша, жергілікті қауымдастықтардың, сол өлкедегі елді мекеннің көзқарасы міндетті түрде есепке алынуы керек. Яғни, кәдуілгі халықтың сенімі, ырымдары мен суреттемелері зерттеу жоспарына алдын ала енгізілуі тиіс. Егер қауым ата-бабаларын қайта жерлеуді талап етсе, бұл талап ғылыми мүдденің үстінен қарастырылуы тиіс. Бұдан бөлек, қазба аяқталғаннан соң қорғанның құрылымын, рельефін және ландшафттық бейнесін қалпына келтіру археологиядағы этикалық міндет дер едім. Тек археология емес, күллі ғылымдағы этика осындай. Бұдан бөлек, кейде толық қайта көмудің орнына қорғанның үстіне топырақ төсеу, символдық белгі қою, қорғанның шекарасын қорғау және қоғамдық білім мен қастерлеуді арттыру арқылы да шешім табуға болады деп ойлаймын.
Ж.А: Жалпы мұндай жағдай не себепті туындайды? Шет не көрші елдер мәселені қалай шешіп жүр?
А.Ж: Бұл жерден ешқандай бір қателік не салғырттық көріп тұрғаным жоқ. Қазақстан археологиясы да шетелдік археологияда қалыптасқан шешімдер мен дәстүрлерге негізделеді. Біздің археология да әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп жатыр. Қазір, мысалы, елдегі лабораториялар да бәсекеге қабілетті лабораториялардың қатарына көтеріліп келеді. Бұдан бір трагедия тудыруға болмайды. Қазіргі археологияның бағыты өте жақсы дей аламын.
Осы орайда жақсы бір кейсті атап өтейін. Қарағанды облысының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімі облыс территориясында зерттелген, маңызы бар ескерткіштерді қоршап, тақта орнатқан екен. Бұл негізі басқа облыстарға да үлгі болатын жақсы мысал дер едім.
А.М: Әлемнің көптеген аймақтарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу мен материалдарды өңдеу бойынша ұқсас әдістемелер қолданылады. Неліктен Қазақстан мен басқа да мемлекеттердің музейлерінде табылған олжалардан қор құрады? Себебі музей қорлары мен көрмелерінің басым көпшілігі археологиялық зерттеулер нәтижесінде жинақталады.
Бұған айқын мысал – Ұлттық музей. Бұл ұйым әлемдік өлшеммен алғанда әлі жас саналса да, онда қазірдің өзінде әлемдік мәдени мұраның бір бөлігі саналатын бірегей археологиялық жәдігерлер жинақтап, көпшілік назарына ұсынған.
Ж.А: Яғни, әр қазылған археологиялық нысан тек «ғылыми есептің объектісі» болып қалмай, кейін туристік, білім беру және мәдени бағыттағы тартымды нысанға айналуы керек деп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?
А.Ж: Қазба жұмыстарынан кейін көне жерлеу орындарын рухани орынға немесе туристік нысанаға айналдыру деген жақсы ой. Егер сол мекен танымал болса, туристер өзі іздеп, сеніп барса, рухани орынға айналдыруға әбден болады. Дегенмен осындайда тағы бір проблема алға шығады. Әдетте тарихи орындардағы туристерге арналған инфрақұрылымдар көбіне нашар. Кәдуілгі жол, тіпті дәретхана мәселесі де шешімін таппай тұр. Осыдан біраз уақыт бұрын Австралия мен Германиядан келген археологтармен Абай облысына қарасты Жаңасемей ауданы территориясындағы ескерткіштерді көру үшін Қайнар-Абыралы өлкесіндегі археологиялық нысандарды көруге барған едік. Жол қашықтығы үш жүз шақырым болса, сол жолда бірде-бір дәретхана жоқ. Туристер дәретхана іздеп шарлап кетті, осындай жағдайларды көргенде өзің ұялып кетесің. Мұндай түйткілі шешілмей жатқан мәселелер тіпті көп. Қазақстандағы тағы бір мәселе – алыс қашықтағы мекендер. Мұндай мекендерге турист күнде бара бермейді, мұндай жерлерде жыл оны екі ай біреудің күзетіп отыруы да қиын. Біз, мәселен, қазір көп ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның тізіміне қосуға талпынып жатырмыз. Бірақ ЮНЕСКО-ның басты талабы да сол – тұрақты түрде бұл ескерткіштерді арнайы мекеме (музей) қадағалап, қарап жүруі тиіс. Ал біз мұндай қашықта орналасқан мекенге адамды отырғыза аламыз ба? Осы мәселе тағы бар. Музей аштық делік, мұндай музей өз-өзін ақтай ма? Бұл сұрақтарға жауап беру қиын. Артында ел үкіметі, халық сияқты факторлар әсер етеді. Қашық мекенде орналасқан рухани мекендерге қаржы бөлуге, инфрақұрылымын дұрыстауға қаншалықты дайынбыз деген сұрақ және туады. Дайын болмасақ, қандай тағы жолдарын ұсынуға болады, міне, осы сұрақтарға жауап беру керек сияқты алдымен.
А.М: Археология ғылымының басты міндеттерінің бірі – өлкенің ең көне тарихын зерттеу және тарихи-мәдени мұра нысандарын кеңінен насихаттау екенін білеміз. Қазіргі заманғы көптеген елді мекендер ежелгі қалашықтар мен қоныстардың орнында пайда болған. Сол себепті бұл аумақтар бүгінде де адамдар жиі баратын жерлердің бірі саналады, ал бұл өз кезегінде отырықшы-егіншілік дәуіріне тән ескерткіштердің музейленуіне және туристер (келушілер) ағынының артуына оң әсер етті. Ал археологияның жерлеу мен ғұрыптық рәсімдерге қатысты ескерткіштерінің (қорғандар, ғибадат орындары, петроглифтер) көпшілігі тауаралық аңғарларда немесе жазық даланың түкпірінде, кейде тіпті қол жетуі қиын аймақтарда орналасқан.
Әрине, көптеген археологтар өздерінің зерттеген нысандарының музейленуін қалар еді. Жоғарыда айтылғандай, ерте темір дәуірінің кейбір ескерткіштері күрделі сәулеттік құрылымдар. Алайда, өкінішке қарай, олардың басым бөлігі бүгінгі таңда қираған күйде ғана қалған.
Менің ойымша, зерттелген қорғандарды туризм нысаны ретінде қалпына келтіру қажет. Қазақстанның көптеген өңірлерінде мұндай жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр (Есік, Беғазы-Дәндібай, Ботай, Берел, Тасқопа және басқа да орындарда). Алайда, өкінішке қарай, археологтар қорғандардан рухани орын жасауға қажетті қаржы үнемі бөліне бермейтіні тағы бар.
Д.С: Мұндай кеңістікті «музейлендіру», яғни, туризм нысанына айналдыруға деген талпыныстың жақсы да, жаман да тұсы бар. Негізі ойдың өзі дұрыс. Бір жағынан егер мұндай қадам терең түсінікпен, этикалық сақтықпен жасалса, ол қоғамға өз тарихымен рухани байланыс орнатуға, өткеннің маңызын ұғынуға мүмкіндік береді. Мысалы, көрермен тек «тас» немесе «қыш ыдыс» көру үшін емес, сол арқылы ата-бабасының дүниетанымына үңіледі, сол жердің тынысын сезінеді деген сияқты. Дегенмен рухани кеңістікті туризммен ұштастыру кейде бір қасиетті әрі тарихи орынды ақша көзіне айналдырып жіберетіні тағы бар. Мұндай жағдайда археологиялық нысан өз болмысынан айырылып, «экспонатқа» айналып кетеді. Бұл құбылысты ғылымда sacred commodification, яғни, киелінің тауарға айналуы деп атайды. Дегенмен рухани және танымдық мақсаттағы ашық аспан астындағы музейлердің дұрыс үлгісі де бар. Мәселен, мұндай нысандарды жобалау кезінде археологиялық құрылымды толық емес, ішінара ғана ашу, ал қалған бөлігін бүлдірмей, табиғатын сақтап қалу, үйлестіру тәсілі қолданылады. Мұндайда ескерткішке келуші адам «көне орынды аралап жүрмін» деген сезімнен гөрі, «осында бір тарихтың ізі жатыр» деген рухани әсер алады. Тағы бір маңызды қыры археологиялық нысандардың жергілікті қауым үшін мәні. Егер қорым сол өңірдің тұрғындары үшін ата-баба ізі ретінде киелі саналса, оны туризмге айналдыру олардың дүниетанымына қарсы келуі мүмкін. Сондықтан мұндай шешімдерде жергілікті халықтың пікірі ескерілуі шарт.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ