Қажығұмар Шабданұлы поэзиясындағы азаматтық үн мен рухани күрес
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы даму тарихы ұлт тағдырымен, отарлық езгімен, саяси қуғын-сүргінмен, рухани қарсылықпен тығыз байланысты. Бұл кезең – қазақ қаламгерлерінің шығармашылығы тек эстетикалық мақсатты ғана емес, азаматтық борышты, ұлттық жауапкершілікті арқалаған күрделі дәуір.
Сол кезеңде қазақ әдебиетінде тағдыры да, шығармашылығы да күреспен өткен қаламгерлер шоғыры қалыптасты. Солардың қатарында тұрған тұлғаның бірі – Қажығұмар Шабданұлы. Жазушы оқырмандарына ең алдымен алты томдық «Қылмыс» романы мен тарихи тақырыптағы «Пана» романы арқылы кеңінен танылды. Бұл шығармаларда автор ХХ ғасырдағы Қытайдағы қазақ халқының тағдырлы кезеңдерін, отарлық жүйенің адам санасына, ұлттық болмысқа түсірген зардабын кең тынысты көркемдікпен бейнеледі.
Алайда жазушының әдебиет әлеміне келуі прозадан емес, поэзиядан басталғаны көпке дейін беймәлім болып келді. Бүгінге дейін қолжазба күйінде сақталған ақынның «Өлеңдер мен дастандар» (атауын автордың өзі қойып кеткен) жинағы – Қажығұмар Шабданұлының поэзиялық мұрасын алғаш рет толық әрі жүйелі түрде танытқан аса құнды еңбек, әдеби ескерткіш. Бұл жинақ – қаламгердің шығармашылық лабораториясын, рухани ізденісін, азаматтық көзқарасының қалыптасу жолын көрсететін маңызды дереккөзі. Жинақтағы өлеңдердің хатқа түскен мерзімінде белгілі бір ала-құлалық бар. Ақынның 1944 жылдан 1978 жылға дейінгі аралықты қамтитын шығармашылық ғұмырбаянын ескерсек, бар-жоғы он бес өлең, төрт поэма және бір өлең-романның ғана бүгінге жетуі – әдеби мұра тұрғысынан өкінішті жағдай. Қажығұмар Шабданұлының поэзиялық шығармалары бұдан әлдеқайда көп болғаны күмәнсіз. Түрмедегі жылдар, қуғын-сүргін, қолжазбалардың жойылуы немесе жоғалуы ақын мұрасының толық сақталуына мүмкіндік бермегені анық. Дегенмен бізге жеткен осы аз ғана поэзиялық дүниелердің өзі қаламгердің ірі тұлғасын, күрескер рухын айқын танытады.
Көңілге медеу болатыны – жазушының алты томдық «Қылмыс», бір томдық «Пана» романы және «Бақыт жолында» повесі. «Қылмыс» романы елімізде үшінші рет қайта жарық көрсе (Қытайда тек бірінші, екінші томдары ғана басылып шыққан), «Пана» романы екінші мәрте басылды. Ал «Бақыт жолында» повесі алғашында Қытайда «Шұғыла» журналында жарияланып, кейін жеке кітап болып шыққан, ал Қазақстанда тұңғыш рет оқырманға жол тартты. Осылармен бірге көп томдық шығармалар жинағының тоғызыншы томына арқау болған «Өлеңдер мен дастандар» жинағы алғаш рет дербес кітап ретінде жарық көріп отыр.
Жазушының жүз жылдық мерейтойына орай жарық көрген тоғыз томдықтың тоғызыншы томына енген өлеңдер мен поэмалары қаламгердің шығармашылық қалыптасу кезеңін ғана емес, оның дүниетанымдық көзқарасын, азаматтық ұстанымын, рухани болмысын айқын аңғартады. Әсіресе ХХ ғасырдың 40-70 жылдарындағы тарихи-әлеуметтік ахуал, саяси қуғын-сүргін, бодандық қысымы мен еркіндікке ұмтылған адам жанының күресі ақын поэзиясының негізгі өзегіне айналған.
Жинаққа енген ақынның санаулы өлеңдерінің алғашқысы – «Түрмедегі досыма». Бұл шығарма Қажығұмар поэзиясының басты мотивтерін – зұлматқа қарсылық, рух еркіндігі, адамдық ар-намысты сақтау идеясын айқын танытады. Ақын түрме кеңістігін жеке адамның трагедиясы ретінде ғана емес, тұтас бір дәуірдің, халықтық қасіреттің символы ретінде суреттейді. Түрме – тозақ бейнесінде көрініп, еркіндікке тұсау салған жүйенің метафорасына айналады. Осы арқылы ақын жеке тағдыр мен қоғамдық трагедияны бір арнаға тоғыстырады.
Қажығұмар Шабданұлы поэзиясында ағартушылық идея да ерекше орын алады. «Оқы бауырым», «Оқушы ойы», «Еңбек» сияқты өлеңдерінде білім мен адал еңбекті елді ілгері бастайтын, надандық пен бодандықтан құтқаратын басты күш ретінде дәріптейді. Бұл идеялық бағдар Абай дәстүрімен сабақтасып, ХХ ғасырдағы қазақ ой-санасындағы ағартушылық үрдістің жалғасын көрсетеді. Ақын үшін оқу – тек жеке адамның емес, тұтас ұлттың бостандыққа жету жолы.
Жинақтағы «Бір шешенге», «Жалқауға», әсіресе көлемді өлеңі «Сауығу» – Қажығұмар поэзиясындағы сыншыл реализмнің айқын үлгісі. Бұл шығармаларда халықты құр сөзбен алдайтын, мансапқа мастанған, билік пен байлықты ардан жоғары қоятын типтер өткір әжуа арқылы әшкереленеді.
«Сауығуда» Керім бейнесі арқылы биліктің адамды қалай рухани соқыр ететіні көрсетіледі. Керім – халықтан қол үзген, өз мүддесін ғана көздейтін, шындықтан алыстаған басшының жиынтық бейнесі. Шығарма бүгінгі күн тұрғысынан да өзектілігін жоймаған.
Кітапқа ақынның төрт поэмасы мен бір өлең-романы енген. Солардың бірі – «Біздің үй» поэмасында ақын кедей отбасының ауыр тұрмысын, әлеуметтік теңсіздікті бала көзімен суреттейді. Тұман басқан, жұрт назарынан тыс қалған кедей ауыл – отарлық қысым мен әділетсіз жүйенің символы. Бұл ауылға салықшылар, алманшылар, байлар мен алаяқтар ғана келіп, халықтың еңбегін сорып кетеді.
Поэмадағы әке бейнесі – момын, аңғал, бірақ адал еңбек адамы. Оның бейнесі арқылы қазақ кедейінің трагедиясы ашылады. Отбасындағы ең үлкен қасірет – қарындасы Бақыттың тағдыры. Қалыңмал үшін жастай, амалсыз күйеуге шықпақ болған Бақыттың жанайқайы – әлсіздік пен шарасыздықтың адам тағдырын қалай күйрететінінің айқын көрінісі.
Поэманың шарықтау шегі – ағасының қарындасын құтқару жолындағы күресі. Достарын ұйымдастырып, Бақытты сүйген жігіті Біләлға қосуы – жеке адамның әділет үшін жасаған батыл қадамы. Ақын бұл жерде халықтың біріккен күшін, әділет жолындағы күрестің жеңіске жеткізетінін көрсетеді.
Екінші бір поэмасы «Өгейдің күні». Поэманың басты кейіпкері – өгей бала Күлман (Күлмаш). Ол қатал Мәлике ханым мен оның қызы Алтынның қол астында өсіп, өгейліктің барлық ауыртпалығын бастан кешіреді. Психологиялық қысым, зорлық-зомбылық, мейірімге деген шексіз зәрулік – поэманың негізгі мазмұндық өзегі.
Күлманның анасын сағынуы, еркіндік пен махаббатқа ұмтылысы поэманың лирикалық желісін құрайды. Бұл шығарма тек бір қыздың тағдыры ғана емес, әлеуметтік теңсіздік, адамгершілік, әділет, білімге ұмтылыс мәселелерін терең философиялық деңгейде көтереді.
Бұдан басқа жазушының «Жас корей», «Жат ұрпақ» поэмалары мен «Мұра» өлең-романы да осы жинақта маңызды орын алады. Бұл шығармаларда ұлт тағдыры, тарихи жады, отарлық сана, рухани сабақтастық мәселелері кеңінен қозғалады. Аталған поэмалардағы идеялық желілері мен образдары жазушының кейінгі алты томдық «Қылмыс» романында тереңдетіліп, кең ауқымда көркемдік шешім тапқанын байқауға болады.
Жинақтай келгендеҚажығұмар Шабданұлының «Өлеңдер мен дастандар» жинағындағы поэзия – көркем сөз үлгісі ғана емес, азаматтық ұстаным, рухани күрестің көркем айнасы. Ақын шығармаларынан еркіндікке деген құштарлық, әділетке деген сенім, адамдық арды бәрінен биік қою идеясы айқын сезіледі. Бұл жинақ қаламгердің шынайы болмысын терең танытып қана қоймай, ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының күрескерлік, ағартушылық және сыншылдық дәстүрін толықтыра түсетін маңызды әдеби мұра болып табылады. Сондай-ақ жазушының әдебиет әлеміне қадам басқан кезеңінің мызғымас ескерткіші саналады.
Насихат Набиолла,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының ғылыми қызметкері