“ҚазМұнайГаз” атын жамылған қаржы пирамидасына қазақстандықтар 1 млрд теңге салған

Шымкентте жалған инвестициялық жоба арқылы жүздеген азаматты алдап, 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған қаржы пирамидасы әшкереленді.
Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер азаматтарды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларына инвестиция салуға үгіттеп, олардың сенімін теріс пайдаланған. Ұйымдастырушылар «акциялардан жылдам әрі қомақты табыс табуға болады» деп уәде берген.
"Ұйымдастырушылар "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы мол және жылдам табыс табуға уәде берген. Күдіктілер салымшыларға әр 15 күн сайын 50% кіріс түсетінін айтып, оларды алдаған", - дейді ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті
Салымшыларға бастапқы инвестиция көлемі 500 мың теңгеден басталатыны көрсетілген. Алайда іс жүзінде ешқандай акция сатып алынбаған. Қаражат айналымы тек жаңадан тартылған адамдардың ақшасы есебінен жүзеге асырылып отырған.
Нәтижесінде шамамен 200 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған.
Заңсыз жолмен алынған кірістерге күдіктілер Түркістан облысында жалпы құны 438 млн теңгеден асатын мүлік — екі қымбат көлік ("Tank 500", "BMW X5"), тұрғын үй және коммерциялық нысан (мейрамхана) сатып алған. Бұл мүліктер тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімделген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды.
Агенттік бұл сызба қаржы пирамидасының классикалық белгісі екенін атап өтті. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.