«ҚазМұнайГаз» басшылары неге 705 млн теңге сыйақы алады?

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауовқа компания басшылығының сыйақысы мен бензин бағасына байланысты сұрақтар қойылды.
- Қазақстан бензині әлемдегі ең арзан елдердің бірі саналады. Кез келген жеңілдік тек нақты мұқтаждарға бағытталуы тиіс. Біз бензин мен дизельді оңды-солды, тек Қазақстанға емес, транзиттік көліктер мен көршілес елдердің азаматтарына да тарата алмаймыз, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов үкіметте журналистерге.
Оның айтуынша, компанияның басты міндеті – пайда табу және мемлекетке салық төлеу.
- Сол салық есебінен әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетіледі. Ал бізде керісінше – байға да, кедейге де бәріне бірдей таратып жатырмыз. Мұнай өнімдері – бұл мемлекеттің байлығы. Біз мұнай өңдеуді арттырсақ, шикі мұнай экспортын азайтамыз. «ҚазМұнайГаздың» міндеті – мұнай өнімдерінің қымбаттауынан түсетін салық көлемін көбейту, – деді Мағауов.
2023 жылы компанияның 17 топ-менеджеріне жалпы сомасы 705 миллион теңге сыйақы ретінде берілген. Бұл – әр басқарушы орта есеппен 40 миллион теңгеден астам қаражат алғанын білдіреді. Энергетикалық дағдарыс, жанар-жағармай тапшылығы мен халықтың наразылығы күшейіп тұрған тұста мұндай сома қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Алайда Мағауов бұл мәліметке қатысты нақты жауап беруден бас тартып, мұндай ақпараттың егжей-тегжейін өзінің білмейтінін немесе ресми мәлімет қажет екенін алға тартты.
- Сыйақы көп пе, аз ба менде ондай ақпарат жоқ. Қаржы блогына сұрау жолдаңыздар, олар әр адамға қатысты толық талдауын береді, – деп қысқа қайырды КМГ басқарма төрағасының орынбасары.
Сыйақы мәселесімен қатар, брифингте бензин бағасының өсуі де сөз болды. Журналистер жанар-жағармай бағасының бірнеше рет өсуіне қарамастан, компания басшылығының сыйақы алып отырғанын әділетсіздік деп бағалап отыр.
Қазақстанда соңғы айларда АИ-92 маркалы бензин бағасы 200 теңгеден асып, өңірлерде тапшылық байқалған. Үкімет пен мұнай-газ саласы бұл мәселені логистика, импорт пен нарықтағы сұраныс-пайдалану тепе-теңдігімен түсіндіріп келеді. Ал қоғам тарапынан мұндай уәжге сенім аз. Көпшілік «ұлттық компаниялар» атауын иеленген ұйымдардың халық алдындағы жауапкершілігі мен ашықтығы төмен екенін жиі көтеріп жүр.