Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:48

«ҚазМұнайГаз» және «ЛУКОЙЛ» санкциялардың бірлескен жобаларға ықпалын бағалап жатыр

Лукойл
Фото: Zima Nadezhda/Zoonar/IMAGO

Interfax агенттігінің хабарлауынша, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) және санкция астындағы ресейлік «ЛУКОЙЛ» компаниясы бірлескен жобаларға сыртқы шектеулердің ықпалын кешенді түрде талдап жатыр.

ҚМГ баспасөз қызметі агенттіктің ресми сауалына берген жауабында былай деп мәлімдеді:

«Қазіргі уақытта бірлескен жобалардың қатысушылары санкциялық шектеулерді қоса алғанда, сыртқы факторлардың ықтимал әсерін кешенді түрде бағалап жатыр. Бағалау барысында құқықтық, қаржылық және техникалық аспектілер ескеріледі».

Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, ҚМГ мен ЛУКОЙЛ арасындағы бірлескен жұмыстар заңнама мен келісімшарт талаптарына сай жалғасуда:

«Барлық жобалар белгіленген тәртіппен, ел заңнамасына және шартты міндеттемелерге сәйкес жүзеге асырылуда», - делінген хабарламада.

ҚМГ сондай-ақ барлық келісімдерде арнайы «санкциялық ескертпе» бар екенін атап өтті. Ол құжат тараптардың әрекеттер тәртібін — шектеу шаралары енгізілген жағдайда қандай қадамдар жасалатынын анықтайды.

«Бұл тармақтардың нақты шарттары құпия», - деген компания өкілдері.

Айта кетейік, Ресейдің ірі мұнай компанияларының бірі «ЛУКОЙЛ» кейінгі айларда Батыс елдерінің санкциялық тізіміне еніп, халықаралық энергетикалық нарықтағы жағдайына елеулі қысым түсті. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім тек Ресей экономикасына ғана емес, оның серіктестерімен, соның ішінде Қазақстандағы «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) және бірлескен жобаларға да жанама әсер етуі мүмкін.

«ЛУКОЙЛ» АҚШ пен Еуроодақтың санкциялық тізіміне Ресейдің Украинадағы соғыс әрекеттеріне қатысы бар компаниялар қатарына енгізілгеннен кейін ілікті. Санкциялар компанияның қаржы операцияларын, жаңа технологияларды сатып алуын және шетелдік серіктестермен инвестициялық жобаларға қатысуын шектейді.

АҚШ Қаржы министрлігінің дерегінше, «ЛУКОЙЛ» санкциялары компанияның мұнай өңдеу, тасымалдау және экспорттық бағыттарына тікелей әсер етуі мүмкін. Еуропалық банктер компаниямен есеп айырысу операцияларын тоқтатқан, ал бірқатар халықаралық сервистік фирмалар қызмет көрсетуді шектеген.

Тегтер: