Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:02, 09 Қазан 2023

Қазір өте қауіпті кезеңде тұрмыз

4
Фото: из открытых источников

Ұлттық мүдде дегеніміз – қай кезде де өзекті тақырып. 

Әсіресе әлеуметтік желілерді қарап отырсақ әртүрлі ойлар келеді. Әлеуметтік желінің өз тылсымы, әсері бар. Бейнебір әлеуметтік заказдың ортасы секілді.

Авторлық ой мен әлеуметтік сұраныс деген бар. Советтік кезеңде де, тоталитарлық жүйе кезінде де болған нәрсе. Автор өзінің еркінен тыс өзі өмір сүріп жатқан заманның сұранысына бейімделеді. Ал қазіргі заманның идеологиясы – ұлтқа қызмет ету. Бұл қазір трендте тұрған нәрсе.

Ұлтқа қызмет етудің шырқау шыңы – ХХ ғасырдың басындағы ағартушылық, жаңашылдық қозғалысы. Алашшылдарымыз. Олар бір шабаданмен жүрген адамдар. Естеліктерді қарап отырсақ, басында үйлері де болмаған. Барған жерінде не пәтер жалдап, не үкімет берген қызметтік үйлерде тұрған. Бұл дегенің – өзіңді халық үшін құрбан ету. Жанпидалық. Мұндайды конспирологияда миссия дейді. Идея үшін жанып кетуге де, өліп кетуге де дайын болу. Ешқандай өтеусіз, материалдық игіліксіз. Жоғары сана. Нағыз қазақтық ренессанс.

Сондақтан Алаш туралы айтылатын әңгіме көп. БАҚ құралдарының да, әлеуметтік желінің де бетін бермейді. Бұл табиғи нәрсе. Себебі біз өткенімізді қорытып барып, бүгінімізді бағамдай аламыз. Бірақ тарихи процесс өзінің аяқталу сатысына жеткен жоқ. Өйткені біраз кезеңдер бойына Ресей тарапынан тарихи фальсификация жасалды. Сол үшін қазір бізде қандай мәселеге келсек те, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын бір тараптылық жоқ. Позиция жоқ. Тарихи фальсификацияның әсерінен тарихи жадымызды жоғалтып алудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Ендігі мәселе – тарихқа деген бірізді көзқарас қалыптастыруымыз керек. Оны жасай алмайтын болсақ, біздің халық ретіндегі болашағымыз бұлыңғыр.

Қазақ қоғамы бөлшектеніп кетті. Қазір өте қауіпті кезеңде тұрмыз. Соңғы ұрпақ, қазіргі буын тарихты айтқанда, жазғанда, көрсеткенде, зерттегенде және жалпы ұлттық мүдде туралы сөз болған кезде қарақан басын күйттеп кететін болған. Сондай ащы шындық көбірек көріне бастады. Ал ұлтқа қызмет ету дегеніміз – ең алдымен тарихқа бұрылып көз салу деген сөз. Соның бәрінен үлгі-өнеге алып, бүгінгі қоғамға, бүгінгі күнге қызмет ету.

Мен ұлтқа қызмет етіп жүрмін деп кеудені соғу – ең бірінші нәпсінің құлы болу. Амбицияның, жүректегі қыңырлықтың әсерінен өзін ғана, өзінің мансабын, өзінің үй-жайын ғана ойлайтындар көбейіп жатыр. Бұл адамзаттың да қателігі, қазақтың да қателігі, сіз бен біз жүрген ортаның да қателігі. Әрі-беріден кейін әрбір адамның қателігі. Сен өмір сүретін әлем сондай болса, қоғам сондай болса сен қайда барасың? Көп нәрсені халықтың өзінен іздеу керек. Халықтың сауаттылық деңгейінен көру керек. Бұқараның, көптің тарапынан сұраныс болмаса, мұндай хайп қуғандар да шыға қоймас еді-ау. Халыққа топырақ шашпаймын. Қазақ халқы біздің шығатын төріміз, кіретін көріміз. Бірақ топтық сана деген қай кезде де болған, бола береді де әуелі. Біз сол тобырлық сананың күшейген кезіне келіп тұрмыз.

Бұрынғы кітап оқитын қазақ қазір тек қана еститін, тыңдайтын қазаққа айналды. Дайын ақпаратқа үйреніп алғанбыз, ой жүгірту, талдау жоқ. Ақты ақ, қараны қара деп ажырата алмайтын дәрежеге түсіп қалдық. Тобырлық сана деген бір жағынан халықтың да кінәсі емес. Ол осы отыз жылдағы саяси жүйенің кінәраты.

Қазір осы тобырдың естігісі келгенін айтып, ыңғайын қарай сөйлейтін адамдар шықты. Солар өзін ұлт үшін, халық үшін жүрмін деп те айта береді. Ең қызығы, не білімі, не жасап жатқан ісі жоқ құр сөзділердің фанаты көп. Табынушылары жетерлік. «Осы министр болсын, осы депутат болсын» деп соғады-ау, тіпті. Ең сорақысы – сондай адамдарға БАҚ өкілдері алаң ұсынады, микрофон ұсынады. Подкасттарына, бағдарламаларына шақырып, жарқыратып ютубқа жариялайды. Соны таратады да, жаңа медиа өкілдері де хайп қуғандар есебінен өз рейтингін көтеруге ұмтылады. Аудитория жинайды. Аудиторияға ұмтылу дұрыс. Бірақ қандай тәсіл қолданады, мәселе сонда. Арандатушылық сұрақтар қойып, әртүрлі кликбейттер жасайды.

Тәуелсіздік алған соң ұлттық «бум» болды. Зиялылардың жаңа буыны шықты. Сол қалпымен кете бергенде қазақ қазір басқа өреде, басқа биікте жүрер еді. Бірақ өкініштісі – олай болмады. Сол зиялылардың тамырына балта шабылды. Ірі-ірі қайраткерлер шыға бастады. Олар ауаға ұшып кеткен жоқ қой. Жүрді, жүрді, сөйтіп ақырындап оппозицияға кете бастады. 1990-2000 жылдардағы оппозиция нағыз ұлт үшін жанын қиятын, кешегі Алаштың нағыз ізбасарлары еді. Бірақ олардың қандай жағдайларға тап болғанын көрдік. Көбісі әртүрлі жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ол тарих кейін, өз уақытысында шығады, жазылады. Жазылып та жатыр. Солардың құрту керегін құртты, қалғанын түрмеге жапты. Бірқатарын шетелге қашырып жіберді. Бізде сол кезде ұлтқа жан беретін азаматтар азайып, суайттар мен хайпшылдар орнын басты. Олар жүйе өзі дайындаған кадрлар деуге де болады. Олар – жанаярлар. Қоғамда қалыптасқан мұндай сорақылықты жою үшін әлеуметтік сілкініс керек.

Мақсат Тәж-Мұрат, эссеист

Тегтер: