Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:37, 03 Наурыз 2025

Қазіргі балалар контенті қандай болу керек?

балалар контенті
балалар контенті

Балаларға арналған қазіргі заманғы контент – бұл тек көңіл көтеру құралы емес, сонымен бірге тәрбие мен білімнің де қуатты құралына айналып келеді.

 Сандық технологиялардың қарыштап дамыған дәуірінде балалар смартфон, планшет, теледидар арқылы күніне бірнеше сағатты интернет кеңістігінде өткізеді. Бұл жағдай оларға ұсынылатын контенттің сапасына үлкен жауапкершілік жүктейді.

Балалар контенті – болашаққа салынған инвестиция

Қазіргі балалар контенті тәрбиелік, танымдық әрі қауіпсіз болуы тиіс. Баланың жас ерекшелігіне сай келетін, психологиялық тұрғыдан зиянсыз, құндылықтарды насихаттайтын контент – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды құрал. Контент арқылы бала ертегі тыңдайды, әдемі анимациялар көреді, өзін түрлі кейіпкерлермен салыстырады. Бұл оның сана-сезіміне, болашақ мінез-құлқына, тіпті дүниетанымына әсер етеді. Балаларға арналған материалдар ұлттық болмысты, отбасылық жылылықты, мейірім мен достықты, әділдік пен еңбексүйгіштікті дәріптегені жөн. Қазақы танымға сай әзірленген мультфильмдер мен комикстер, анимациялық роликтер мен ойындар – ұлттың рухани іргетасын нығайтады. Сонымен бірге қазіргі балалар контенті балаға өз ойын жеткізуге, пікірін айтуға, шығармашылыққа ұмтылуға жол ашуы қажет.

Балаларға арналған қазақша контент неге аз?

Ретбек Мағаз, ақын, балаларға арналған өлеңдердің авторы:

– Бүгінде «балаларға арналған контент» деген ұғым ерекше мәнге ие болып отыр. Себебі балалар – ел болашағы. Олар не тыңдайды, не көреді, не оқиды – соның бәрі ертеңгі дүниетанымына, ойлау жүйесіне, адамдық қасиетіне тікелей әсер етеді. Ал біз сол ұрпаққа не ұсынып отырмыз? Шыны керек, қазақ тілінде жасалған сапалы балалар контенті әлі де жеткіліксіз. Балаларға арналған мультфильмдер, кітаптар, өлеңдер мен анимациялық өнімдер тым аз. Бар болғандарының өзі көбіне ересек адамның түсінігіне жақын, баланың тілімен емес, үлкендердің биігінен жазылады. Бұл – үлкен олқылық. Мәселен, Ресейде халық әртісі әрі депутат Дмитрий Певцов қазіргі балалар фильмдерін «токсичный» деп ашық сынады. Ол тіпті балаларға арналған прокатта шынайы, тәрбиелік мәні бар туындылардың аз екенін айтты. Бізде ше? Қазақстанда да балаларға арналған туындылардың көркемдік сапасы мен мазмұны сын көтермейді. Мазмұн тұрмақ, қарапайым тақпақтар мен өлеңдердің өзі аз. Балалар үшін қазіргі заманға сай, ұлттық рухпен суарылған, табиғи тілмен жазылған өлеңдер ауадай қажет. Мен өзім де балақайларға арнап өлеңдер жазып жүрген ақын ретінде бұл олқылықты күнде сезінемін. Балалар – болашақ. Баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу. Ал оларды дұрыс тәрбиелеу үшін қазақ тіліндегі төл контент, шынайы образ, ұлттық бояу мен заманауи тәсіл қатар жүруі тиіс. Біз баланың санасына сіңетін ән, өлең, бейне, сөз, тіпті түс пен реңкті де ойлап жасауымыз керек. Әйтпесе, өзгелер жасаған контент біздің ұрпақтың санасын жаулап алады. Қазақша контент жасау – бұл идеология, бұл – ұлттық қауіпсіздік. Сондықтан мемлекет, қоғам, ата-ана, шығармашыл адамдар – бәріміз бірлесе отырып, балаларымыз үшін қазақша контент жасауды басты міндетімізге айналдыруымыз керек.

Тілді дамыту – басты міндеттің бірі

Контент – тіл үйренудің де таптырмас жолы. Балаларға арналған қазақша мультфильмдердің, аудиокітаптардың, комикстер мен YouTube бағдарламалардың көбеюі – тілді үйретудің ең табиғи жолы. Сол себепті заманауи балалар контенті тек қызықты ғана емес, әдеби сауатты әрі көркем тілмен жасалғаны маңызды.

Бүгінгі таңда контент жасау оңай болғанымен, оның сапасын бақылау әлдеқайда күрделі. Әсіресе, TikTok, YouTube сияқты платформаларда балаларға арналмаған, бірақ оларға қолжетімді материалдар өте көп. Сол себепті заманауи балалар контенті мамандар мен психологтардың сараптауынан өтіп, арнайы сүзгіден өткізілуі қажет. Бұл – ата-аналар мен мемлекет тарапынан бақылауды қажет ететін сала.

Қазіргі заманғы балалар контенті – тек ойын-сауық емес, тұлға қалыптастырушы құрал. Ол баланың дүниетанымына, тіліне, мінез-құлқына әсер ететін маңызды күш. Сондықтан заманауи контент жасаушылар сапа мен мағынаға басымдық беруі тиіс. Ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияны үйлестіре отырып, бала үшін пайдалы әрі қызықты контент жасау – бүгінгі қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі.