Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

«KazTAG» бас редакторы үйқамаққа ауыстырылды

Әмір Қасенов
Фото: ашық дереккөз

«KazTAG» ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов сот шешімімен үйқамаққа ауыстырылды. 

Сот Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде Астана қаласындағы тіркеуде тұрған мекенжайы бойынша үйқамақты таңдаған.

Журналист 23 желтоқсан күні кешке Астанада ұсталған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ол тергеу әрекеттеріне шақырылған. Осыдан кейін Ә. Қасенов уақытша ұстау изоляторына (ИВС) қамалған.

Өзінің ұсталуына және қылмыстық қудалауға қарсылық белгісі ретінде Әмір Қасенов 2025 жылғы 23 желтоқсаннан бастап мерзімсіз аштық жариялаған. Ол тек тағамнан ғана емес, судан да толық бас тартқанын айтқан. Соған қарамастан, оның сөзінше, KazTAG редакциясы жұмысын тоқтатпайды.

«Мен сынған жоқпын, еңсем түскен жоқ. Кәсіби қызметім үшін мұндай жағдайға тап болғаныма қатты наразы болып отырмын… Егер осы аштық салдарынан маған бірдеңе болып, денсаулығыма орны толмас зиян келсе – демек, солай болуы керек. Бұл – менің саналы таңдауым», – деді Қасенов.

Әмір Қасенов Қылмыстық кодекстің 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қозғалған іс жарияланған мәліметтер шындыққа сай болған жағдайда заңға сәйкес жабылуы тиіс деп есептейді.

Еске салайық, Астана қаласында KazTAG бас редакторының ұсталғаны 23 желтоқсан кешке белгілі болды. Бұған дейін Қасенов Алматы полициясы тарапынан заңсыз тергеу әдістері мен психологиялық қысым көрсетілгенін айтып, істің процессуалдық бұзушылықтармен қозғалғанын мәлімдеген. Алайда Алматы қалалық полиция департаменті мен ҚР Бас прокуратурасы KazTAG бас редакторының азаптау мен тергеу нормаларының бұзылғаны жөніндегі мәлімдемелерін жоққа шығарды.

KazTAG агенттігі басшылығына қатысты қылмыстық істің Freedom Finance-тің арызы негізінде қозғалғаны туралы редакция 8 желтоқсанда хабарлаған. 9 желтоқсанда Алматыда өткен журналистермен кездесуде Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов бұл іске қатысты өз ұстанымын баяндаған. Кейін бұл жағдайға халықаралық Әділ Сөз сөз бостандығын қорғау қоры мен вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірген.

10 желтоқсанда Әмір Қасенов Тимур Турловпен бетпе-бет кездесу өткізуді талап еткен.

Тегтер: