KazTAG бас редакторының пәтерінде тінту жүргізілді
Астанада KazTAG ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтың пәтерінде тінту жүргізілді. Бұл туралы оның қорғаушылары – адвокаттар Салимжан Мусин мен Юлия Малюкова хабарлады.
Адвокаттардың айтуынша, тергеу кезінде қорғаушыларды пәтерге кіргізбеген. Қорғау тарапы мұны қорғану құқығын өрескел бұзу деп бағалап отыр.
Қазіргі уақытта Алматы ауданы полиция қызметкерлері KazTAG редакциясының кеңсесінде де тінту жүргізуді жоспарлап отырғаны айтылды. Агенттік кеңсесі Астанадағы Журналистер үйінде, Мәңгілік Ел даңғылы, 8 мекенжайында орналасқан.
Адвокаттардың мәлімдеуінше, тергеу органдарының әрекеті Қылмыстық-процестік кодекске қайшы келеді. Себебі тінту кезінде адвокаттың қатысуы – заңмен кепілдендірілген құқық.
Олар тергеудің нақты қай іс аясында жүргізіліп жатқанын әзірге білмейтінін, алайда процестің жабық және қысым сипатына ие екенін атап өтті.
Еске салайық, Астана қаласында KazTAG бас редакторының ұсталғаны 23 желтоқсан кешке белгілі болды. Бұған дейін Қасенов Алматы полициясы тарапынан заңсыз тергеу әдістері мен психологиялық қысым көрсетілгенін айтып, істің процессуалдық бұзушылықтармен қозғалғанын мәлімдеген. Алайда Алматы қалалық полиция департаменті мен ҚР Бас прокуратурасы KazTAG бас редакторының азаптау мен тергеу нормаларының бұзылғаны жөніндегі мәлімдемелерін жоққа шығарды.
KazTAG агенттігі басшылығына қатысты қылмыстық істің Freedom Finance-тің арызы негізінде қозғалғаны туралы редакция 8 желтоқсанда хабарлаған. 9 желтоқсанда Алматыда өткен журналистермен кездесуде Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов бұл іске қатысты өз ұстанымын баяндаған. Кейін бұл жағдайға халықаралық Әділ Сөз сөз бостандығын қорғау қоры мен вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірген.
10 желтоқсанда Әмір Қасенов Тимур Турловпен бетпе-бет кездесу өткізуді талап еткен.
Кейіннен Әмір Қасенов үй қамаққа ауыстырылды.