KazTAG басшысына шабуыл: «Әділ сөз» қоры Әсет Матаев ісін объективті тергеуді талап етті
Халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры – «Әділ сөз» ақпарат агенттігі KazTAG-тың бас директоры Әсет Матаевтың соққыға жығылып, кейін ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Оқиға Алматы қаласында болған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ақпарат агенттігінің басшысына белгісіз адамдар тобы шабуыл жасаған. Қақтығыс салдарынан Әсет Матаев ауыр жарақат алған: дәрігерлер оның басында ашық жарақат, сүйек сынықтары және көптеген соққы іздері барын анықтаған.
Жәбірленуші мәртебесіне қарамастан, полиция қақтығысқа қатысқан барлық тұлғаны, соның ішінде Матаевтың өзін де ұстаған. Қылмыстық іс «Бұзақылық» бабы бойынша қозғалды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Құқық қорғаушылардың ұстанымы
«Әділ сөз» қоры бұл жағдай мемлекеттің және қоғамның ерекше бақылауын қажет ететінін атап өтті. Қор өкілдері:
– істің барлық мән-жайын жан-жақты әрі бейтарап тергеуді;
– процестің ашықтығын және барлық процессуалдық нормалардың сақталуын;
– журналистің денсаулығына келтірілген зиянға тиісті құқықтық баға беруді қамтамасыз етуді талап етеді.
«Медиа қауымдастық өкілдеріне қатысты кез келген зорлық-зомбылық фактісі мұқият құқықтық бағалауды талап етеді. Бұл істің объективті тергелуі Қазақстандағы журналистер қауіпсіздігі үшін принципті маңызға ие», — делінген қордың ресми мәлімдемесінде.