KazTAG директоры Әсет Матаевқа қатысты үйқамақ мәселесі қаралмақ
KazTAG ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаевқа қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу мәселесі көтерілді.
Бұл туралы адвокат Елена Жигаленок Facebook парақшасында мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, 27қаңтар кешке Алматы қаласының тергеу сотында Әсет Матаевқа қатысты үйқамақты санкциялау жөніндегі тергеу органының өтініші қаралады.
Бұған дейін KazTAG агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов сот шешімімен үйқамаққа алынған болатын.
Айта кетейік, 8 желтоқсанда ҚазТАГ басшыларына қылмыстық іс қозғалды.
ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов Freedom Finance компаниясының шағымы бойынша күдікті деп танылды.
Агенттік бұл шағымды алаяқтық схемалардан зардап шектік деген жәбірленушілердің айтқан сөздеріне сүйенген материалдармен байланыстырады.
Редакция іс қозғалғанын бірнеше ай бойы білмеген.
Қылмыстық іс 18 тамызда қозғалған, бірақ редакция бұны тек 20 қараша күні ғана өзге БАҚ арқылы естіген. Тергеу органдары бірнеше сараптама жүргізсе де, редакцияға бұл туралы хабарламаған. Адвокаттар мұны ҚПК нормаларының өрескел бұзылуы деп бағалап отыр.
Адвокат Ерлан Макенов тергеушінің әрекеті оларды 272 және 274-баптарда көрсетілген процессуалдық құқықтарынан айырғанын айтты. Тергеуші Заманбек Тазабеков тіпті сұрақтардың «жоғарыдан берілетінін» байқамай айтып қойған.
KazTAG -тың жазуынша, барлық мәліметтер адвокат Светлана Оралбаева мен жәбірленушілер берген ақпаратқа негізделген. Олар Freedom Finance компаниясына қатысты өз позицияларын жеткізу үшін редакцияға өздері хабарласқан.
Сонымен қатар Freedom Finance редакцияның ресми сауалдарына жауап бермеген.
KazTAG бұл істі – саяси қысым деп санайды.
Агенттік бұл істің артында жоғары лауазымды тұлғалардың болуы мүмкін екенін айтады және оны «алдағы сайлау алдындағы қорқыту әрекеті» деп бағалайды. Сондай-ақ олар «сенімсіз тұлғалар тізімінің» жасалғанын, онда ондаған журналист, құқық қорғаушы және сарапшы барын атап өтті.