Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 20 Ақпан 2024

ҚазҰУ-дан шыққан қорқынышты тізім

казну
Фото: Коллаж Ulysmedia

14 ақпан күні ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде оқитын 3, 4-курс студенттерінің толық аты-жөні, ЖСН-і, жеке байланыс нөмірлері мен медициналық деректері сынды жеке мәліметтер көрсетілген 4 электронды құжат әлеуметтік желілерді кезіп кетті.

 Онда қыздардың гинекологиялық деректері, нақтырақ айтқанда, бұрын-соңды жыныстық қатынаста болған, болмағаны да көрсетілген.

Артынан анықталғандай, университетке келісімшарт негізінде қызмет көрсететін Smart Health University City ауруханасының медқызметкері Whatsapp мессенджері арқылы флюорографиядан өтпеген студенттер тізімін деканатқа, ал деканат топ старосталарының чатына жолдаған. Ақыр соңында күллі Қазақстанға жария болған тізімге байланысты университет ішкі тексеріс тағайындаған. Осы оқу ордасында жас оқытушы қысымға ұшыраған кезде жеделдігімен таңғалдырған министр бұл жолы да бірден пікір білдірді. Десек те, толымды ештеңе ести алмадық. Саясат Нұрбек кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылатынын айтып, жеке деректер туралы заңға көңілі толмайтынын жеткізумен шектелді. Ал Алматы прокуратурасы хабар тарасымен-ақ жеке деректерді тарату бойынша қылмыстық іс қозғап, Бостандық ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 147-бабы (жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тексерісті бастады.

«Жекеменшік» емхананың құрылтайшысы ҚазҰУ

Соңғы кездері аты даудан арылмай кеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тағы да бір шулатты. «Айканың» тізімін айтып ауыз жимай жатып, «КазГудың тізімі» таралып кетті. Өзі де осындай тақырыптарды даурықтыра ала жөнелетін қоғам бұл жолы да әңгімені сан-саққа жүгіртіп жатыр. Медициналық ұйым «вирго» көрсеткішін неліктен тексерген, жинаған, сақтаған, ол қалайша таралып кетті, ақпараттық қауіпсіздік пен жеке деректерге деген жауапкершілік қайда, университет әкімшілігі не дейді?

Осы оқиғадан соң «репутациясына» үлкен сын келген ҚазҰУ бірнеше рет ресми хабар таратып, жанталасты. Бірінші қателік емханадан кеткендіктен, университет оның жекеменшік екенін айтып ақталғандай болды. Бірақ көп ұзамай ЖШС-ның құрылтайшысы ҚазҰУ-дың өзі екені талқыға түсті. Осы тұстың анық-қанығы айқындалмай жатып, Smart Health University City-мен келісімшартты үзу қарастырылып жатқаны жарияланып үлгерген. Келесі кезек деканатта. Салғырттық танытқан механика-математика факультетінің маманына қатысты ЖОО-ның проректоры Жәмила Айтжанова былай деді: «Деканат қызметкеріне қатысты әкімшілік жаза қолданылады, тиісті шаралар қабылданады. Ол әлі жұмыстан шығарылған жоқ, барлық шешімдер құқықтық негізде қабылданады».

Университет берген тағы бір хабарға сүйенсек, жеке ақпараттары таралып кеткен студенттерге өтемақы берілмек. Оның көлемі мен қашан берілетіні белгісіз. Атышулы ректор кешірім сұрауды былай қойғанда, ресми мәлімдеме жасай ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Қызметтік этикаға аса мән бере бермейтінін бірнеше рет көрсеткен Ж.Түймебаев осындай даулы жағдайда да «қыңқ» деп ауыз ашпады, пікір білдірмеді. Осы әрекетімен немесе «әрекетсіздігімен» тағы да сынға қалған ол мәселені студенттерге ақша берумен шешемін деген тоқтамға келген секілді.

Бұл ақпарат дәрігерлерге не үшін керек?

Енді қыздардың вирго көрсеткіші туралы ақпараттың медициналық ұйымға не үшін керек болғанына келейік. Smart Health University City емханасының медициналық басшысы Жанна Жүнісова бұл туралы былай деді:

«Дәрігерлер қыздардың вирго көрсеткішін арнайы тексермейді. Біз студенттерге жылына бір рет кезекті медициналық тексеріс жүргіземіз. Өз кезегінде 214-бұйрыққа сәйкес туберкулездің алдын алу үшін флюорографиядан өткіземіз. Және 92-бұйрыққа сәйкес қыз балалардың жыныстық қатынаста болуы немесе болмауына қарай алдын ала контрацепциямен қамтамасыз ету үшін, жүктіліктің алдын алу үшін «жыныстық қатынаспен айналысып тұрасыз ба?» деп сұраймыз. Егер қыз жоқ десе, дәрігерлер оны креслоға шығармайды да, қыстамайды да. Бірақ сұрау біздің міндетіміз».

Яғни бұл көрсеткіш медициналық мақсатта анықталады әрі сақталады. Бұл бұрыннан бар үрдіс, қалыпты медициналық процестің бөлшегі деп жатыр мамандар. Ал гинеколог-дәрігер Назым Байматаева аталған фактор медициналық тексеріс барысында сұралғанымен, оны тіркеп, сақтаудың маңызы жоқ дейді.

«Әйел адам жылына екі рет гинекологқа қаралғаны дұрыс. Мектеп жасындағы қыздар мен студенттер де етеккірі келген уақыттан бастап жылына бір рет тексерістен өтіп тұруы керек. Себебі жыныс жолдарының дұрыс дамуын бақылауда ұстау аса маңызды. Қабылдауға келген қыз-келіншектердің бұрынғы ауру тарихынан бастап қазіргі шағымдарына дейін ақпарат жинаймыз. Бұл дұрыс диагноз қою үшін қажет. Одан соң гинекологиялық креслода сыртқы жыныс ағзасы, жыныстық қатынастағы әйелдер болса қынап пен жатыр мойны гинекологиялық айнамен қаралып, жағдайы бағаланады. Ал қатынаста болмаған қыздардың тек сыртқы жыныс ағзасы қаралады. Кәмелетке толмаған қыз балалардың тексерісі анасының рұқсатымен, қатысуымен өтеді. Вирго көрсеткішіне келсек, ол ең алдымен қаралушының өзіне маңызды. Себебі аталған ақпарат дәрігерлердің дәлірек диагноз қоюына, басқа да емшаралар тағайындауға қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл көрсеткішті тіркеп, сақтаудың еш маңызы жоқ. Өйткені қабылдауға келген қыз бүгін вирго болғанымен, ертең вирго болмауы мүмкін. Сондықтан бұл әр қабылдауда қайтадан сұралып отыратын ақпарат есебінде болғаны да жөн».

Дәрігерлік құпия және ақпараттық қауіпсіздік

Мұндай медициналық көрсеткіштердің жинақталуы немесе жинақталмауы бір сұрақ та, медициналық құпиялардың қауіпсіздігі екінші сұрақ. Пациент пен медициналық ұйым арасында жасалатын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек ұсыну жөніндегі үлгілік шартты бекіту туралы заңдағы құпиялылық қағидаларына сәйкес, денсаулық сақтау субъектісі пациенттің медициналық көмекке жүгіну фактісі туралы ақпаратты, оның денсаулық жағдайы, диагнозы және оны зерттеп-қарау мен емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтерді құпия сақтауы тиіс. Дәрігерлік құпия дегеніміз – осы. Мұның екінші ұшы ақпараттық қауіпсіздікпен сабақтасады. Қанша жерден адами фактор десек те, дербес деректер мен құпия ақпараттардың осылайша қолдан-қолға таралуы киберқауіпсіздіктің ақсап тұрғанын да көрсетіп беріп тұрған жоқ па? Ал цифрлық даму министрлігі осы олқылықтардың алдын алып, кемшіліктерді түзетуге, шешімдер іздестіруге тырысудың орнына ҚазҰУ-ға сауал жолдап, түсініктеме сұрағандарын хабарлады.

Бұл орайда медициналық құпиялардың жариялануы мен ақпараттық қауіпсіздіктің төмен деңгейде болуы өте ауыр салдарларға әкеліп соғуы да мүмкін еді. Себебі тізімде есімі мен деректері жария болған студент қыздар қоғамдағы стереотиптер мен жыныстық тақырыптардың жабықтығы әсерінен психологиялық қысымға ұшырауы ықтимал. Психолог Назгүл Аблахатқызы айтады:

«Біздің қоғамда интимді тақырыптар ашық талқылана бермейді. Бұл қазақтың өлшемімен алғанда ұят саналады. Бірақ бүгінде ұят деген сөздің мағынасын басқаша қабылдап жүрген секілдіміз. Әсіресе қыздың жеке басына қатысты тақырыптар қоғам талқысына салынатыны, ортақ бағаланатыны орынсыз. Ал оған баса мән беріп, анықтауға тырысу – адамды бақылауға ұстауға тырысу деуге де болады. Шын мәнінде патриархалды қоғамда ер адамдар сондай психология қалыптастырған. Сондықтан да қыздың интимді өмірі актуалды саналып жатады. Бұл белгілі бер деңгейде манипуляция құралы да. Бір жағынан жыныстық сауаттылықтың аздығы да бар. Осы себептерден, атышулы тізімде есімі жарияланып кеткен, әлі тұлға ретінде қалыптасып үлгермеген жас қыздар үшін бұл жағдай ауыр тиюі бек мүмкін. Әрі мәселе ақпараттың таралып кетуінде ғана емес, жеке шекаралардың бұзылуында. Ол жан тұрғысында адамға өте ауыр тиеді. Тіпті депрессияға ұласу қаупі де жоқ емес. Өйткені жеке, интимді ақпараттардың жалпыға таралуы іштегі көп эмоцияны көтереді. Әрине, қыздардың бәрі бірдей күйзеліске түседі деуге де болмайды. Ол адамның өзін-өзі бағалауы мен сауаттылығына байланысты. Біреулер мән бермеуі де мүмкін. Бірақ айналадағы реакция мен негативтің көбеюі, жақындарының реніші немесе ауыр сөздері кері әсерін бермей қоймайды. Бұл жағдайда ата-ана психологиялық тұрғыдан сау болса, онсыз да стреске түскен қыздарын қолдап, қорғап алуы керек».

Тағы бір психолог маман Жанар Смайыл бұл тіпті суицидке итермелеуі мүмкін деген пікірде. Оның айтуынша, психо-эмоционалдық тұрғыда әлсіз болып өскен қыздар моральдық салмақты көтере алмай қиналады. Өйткені көпшілік ұят деген сұраққа адекватты түрде қарай алмайды. Бойжеткендерді ақпараттың шығып кетуі емес, ата-аналары мен жақындарының реакциясы шошындыруы мүмкін деп түсіндірді маман.

Баян Мұратбекқызы