ҚазҰУ студенті ректораттың төбесіне қалай шыққан?

30 шілде күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті ректорат ғимаратының 14-қабатынан секіріп, қаза тапты. Белгілі деректерге сүйенсек, қыз бала шығыстану факультетінде бірінші курсты аяқтап, екінші курсқа өткен. Ақылы бөлімде оқыған.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі қыздың қаза болғанын растады. Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаның себебі – отбасылық жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Азаматтардан жалған ақпарат таратпауды, тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұраймыз», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Ресми өкілдер бойжеткен өзіне қол жұмсар алдында хат қалдырғанын айтты. Алайда оның мазмұны белгісіз күйі қалып отыр. Журналистердің сұрағына жауап берген университет мамандары болса тұшымды ақпарат бермей, тергеу ісінің нәтижесін күтуге шақырады да қояды. Тек студенттің оқуға байланысты ешқандай проблемасы болмағаны сөз болды.
Бірақ ректорат ғимаратына онда жұмыс істейтін немесе оқитындар турникет пен фейс-бақылаудан өту арқылы ғана кіреді. Студенттің оқу уақытынан тыс онда не үшін барғаны, қалай кіргені, неге дәл ректорат ғимаратын таңдағаны белгісіз... Әлеуметтік желілерде марқұмның оқу ақысын төлей алмағаны туралы да айтылып жатыр. Анық-қанығы тергеуден соң анықталар, алайда ұлттық университет өз имиджі үшін қандай қадамдарға баруы мүмкін екені де белгісіз. БАҚ беттерінде оқиға орын алған күні бас ғимараттың есігі тарс жабылып, университет әкімшілігі ондағы адамдардың телефонын тексергені туралы да жазылып жатыр. Ондағы мотив – артық фото мен видеоның таралып кетпеуін қамтамасыз ету болса керек.
Әнел Әлібекова, әлеуметтанушы: Жасөспірімдерге әлеуметтік жағдай әсер ететінін жоққа шығара алмаймыз
– Ең алдымен, қазіргі ұрпақ расымен де күйзеліске бейім екенін мойындауымыз керек. Оның анық себептері де бар. Ақпарат пен технология дәуірінде адамзаттың уақытты, оқиғаларды қабылдауы да, қарым-қатынастары мен құндылықтары да біршама өзгеріске ұшыраған. Соның әсерінен цифрлық ұрпақ күйзеліске бейім, айналадағы адамдар мен әлеуметтік желілердегі пікірге тәуелділігі жоғары, әдетте өзін жалғыз сезінеді, идеалды еркіндікке, өз пікірінің құнды есептелуіне ұмтылады.
Ал әлеуметтік жағдайдың төмендігі немесе ойдағыдай болмауы жасөспірімнің өзін-өзі бағалауына әсер етіп жатады. Жалпы, кіріс деңгейінің төмендігі, күйзеліс пен суицид статистикасының арасында корреляциялық байланыс бар екені де жиі айтылады. Жыл сайын әлемде 720 мың адам өзіне қол жұмсайды. Соның ішінде 70 пайызы кіріс деңгейі төмен және орташа елдерге тиесілі. Ел арасында айтылатын әңгімелер де осыны айғақтай түседі. «Оқуға түсе алмай қалған екен», «Кредитін төлей алмай қалыпты», «Жұмыстан шығарып жіберіпті» деген сынды тікелей әсерлер де бар. Одан соң жалпы күйзеліс деңгейіне әсер етіп, кейін басқа ситуация кезінде асқынуларға себеп болатын да осы – әлеуметтік жағдай.
Әрине, қоғамдағы орның мен өмір сапаң нашар болса, ол суицидке себеп деген сөз емес. Мәселе адамның қабылдауында, саулығында, тағы сол секілді факторлар көп. Бірақ әлеуметтік өмірдегі шиеленістер адамның осындай қадамдарға баруына әсер ететінін қалай қарасақ та жоққа шығара алмаймыз.
Қолымыздан келетіні – отбасы институтын нығайту, білім беру, медицина жүйесін жетілдіру, азаматтардың өмір сапасын арттыру. Одан соң БАҚ беттерінде өте мұқият болу қажет. Ашық диалог құру мен психологтардың көмегіне жүгіну мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Орын алған жайсыз оқиғаны жариялаған ақпарат соңына міндетті түрде психологиялық көмек ресурстарын, сенім телефондары, психологтарға жүгіну жолдары мен көмек орталықтарының байланысы, мекенжайлары жазылуы тиіс.
«КазГУ-де қаза болған атыраулық жігіттің қазасы сол күйі құпия болып кетіп еді. Естуімізше, көп жағдай жасырылады. Жатақхана, университет территориясында болған жантүршігерлік оқиғаларды алматылықтар ғана айтады да қояды. Жаңалықтарға шықпайды. Салған сайттар бірер сағатта өшіреді... Самокаттағы жасөспірімді қағып кеткен жүк көлігі, бірнеше жыл бұрын жатақхана маңынан табылған қыздың мәйіті, фонтанда қаза болған түлек... Бәрі бір айтылып, одан соң ақпарат алаңынан жойылып кетеді»; «Ректорат қызметкерлерінің телефонын тексерді деген деректер бар. Ол рас болса, шикіліктің бар екені анық»; «Түймебаев келгелі университеттің беделі барлық жағынан түсіп кетті», – деп жазып жатыр әлеуметтік желі қолданушылары.
Біз жаңа деректер бар ма, жоқ па деген сауалмен Ұлттық университеттің баспасөз қызметіне хабарластық. Алайда жауап алу мүмкін болмады. Ресми сұрақ жолдадық. Газет беттелгенше ешқандай жауап болған жоқ.
Баян Мұратбекқызы