Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:07

ҚазҰУ студенттерінің жеке деректері әлеуметтік желілерге тарап кеткен

Қазұу
Фото: ашық дереккөз

Еліміздегі ең ірі жоғары оқу орындарының бірінде тағы да деректердің таралу фактісі тіркелді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің жеке мәліметтері интернетке шығып кеткен.

 Ашық қолжетімділікке студенттердің аурулары туралы құжаттар, тәртіп бұзушылықтары, аты-жөні мен факультеттері жарияланған.

Тәртіп бұзушылықтар туралы тізімдер мен медициналық анықтамалар университеттің оқу чаттарында және әлеуметтік желілерде тараған. Оларды кім және қандай мақсатта жариялағаны белгісіз.

Студенттердің айтуынша, мұндай жағдай оларды алаңдатады.

«Бұл – бәрібір жеке ақпарат, жеке шекара. Ол университет ішінде сақталуы тиіс деп ойлаймын. Әсіресе, ҚазҰУ – беделді оқу орны. Ал мұндай жағдайлардың болуы – дұрыс емес».

Бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр. Меніңше, бұл – адамның жеке өміріне араласу және психикасына әсер етеді. Біз жаспыз, университет қабырғасында түрлі қателік болуы мүмкін. Бірақ оны бүкіл елге жария ету дұрыс емес», – дейді студенттер.

Университет ректораты бұл жағдай туралы әлеуметтік желілер арқылы білген. Жабық ақпараттың чаттарға қалай тарағанын олар түсіндіре алмады. Әкімшілік мұндай деректер күнделікті бақылау аясында жиналатынын айтады. Алайда олар құпия болып есептеледі және есептік материалдардан тыс жарияланбауы тиіс.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Еркін Дүйсеновтің айтуынша:

«Бізде ситуациялық басқару қызметі тәулік бойы барлық жағдайды бақылап отырады, оның ішінде жедел жәрдем шақыртулары да бар. Студенттер арасындағы құқықбұзушылықтар болуы мүмкін. Мұның бәрі бізге мониторингтік ақпарат ретінде түседі. Бұл – тек шектеулі адамдарға арналған жабық ақпарат, біз сол арқылы әр жағдайға жедел әрі дұрыс әрекет етуіміз керек».

Әкімшілік мәліметінше, студенттердің деректеріне ситуациялық басқару қызметінен бөлек, медициналық көмек көрсететін дәрігерлер де қол жеткізе алады. Қазір кінәлілерді анықтаумен прокуратура айналыспақ – тиісті арыз берілген.

«Алматы қаласының прокуратурасы ҚазҰУ студенттерінің жеке және медициналық деректерінің таралу фактісі бойынша тексеріс бастады. Тексеру барысында деректердің сақталуына жауапты тұлғалардың әрекетіне Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан құқықтық баға беріледі», – делінген қадағалау органының хабарламасында.

Айта кету керек, ҚазҰУ мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Екі жыл бұрын университет студент қыздарының медициналық құпиялары әлеуметтік желіге тарап, «Қыздардың пәктігі туралы тізім» деген атаумен жанжал туындаған еді. Ол кезде кінәлілер ретінде университетпен жұмыс істеген дәрігерлер танылып, оқу орны олармен келісімшартты бұзған.

Бұл жолғы деректердің таралуы қалай аяқталатыны тергеу нәтижесіне байланысты белгілі болады.