Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:31

ҚБК өкілдері М. Жыланбаев қызының шағымынан кейін оған барғанын мәлімдеді

Марат Жыланбаев
Марат Жыланбаев. Фото: Раиса Шер

Адам құқықтарының сақталуын бақылау үшін құрылған Қоғамдық бақылау комиссиясы (ОНК) Степногорск түрмесінде отырған Марат Жыланбаевқа барғанын хабарлады.

 Бұған дейін ELIMAY қозғалысының құқық қорғаушысы Айя Садвакасова супермарафоншының туыстары оның «ауыр хәлде» екені туралы мәлімдегеннен кейін оны барып көру жөнінде өтініш жасаған.

Ақмола облыстық ҚБК жауабы NotExtremists мониторингтік тобының парақшасында жарияланды. Онда 19 ақпанда өңірлік филиал төрайымы Шаврова мен комиссия мүшесі Салимова Степногорскідегі №4 мекемеде Марат Жыланбаевқа барғаны айтылған.

Комиссия мәліметінше, әңгімелесу барысында Жыланбаевтың денесінде жарақаттар немесе өзге де зақым белгілері анықталмаған, ол «қанағаттанарлық жағдайда» ұсталып отыр және тұрмыстық жағдайға байланысты шағым түсірмеген. Қазіргі уақытта ол мекеменің ішкі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін тәртіптік изоляторда отыр.

Марат Жыланбаев өз кезегінде конституциялық құқықтарының бұзылуына байланысты аштық жариялағанын айтқан. Атап айтқанда:

  • адвокатпен кездесу мүмкіндігінің болмауы;

  • ДИЗО-да болған кезде таксофон арқылы қоңырау шалуға тыйым салынуы;

  • жұбайымен ұзақ мерзімді кездесудің кейінге шегерілуі;

  • мекеме аумағында бірінші қажеттіліктегі тауарларды сатып алатын дүкеннің болмауы.

Мекеме әкімшілігі «Жыланбаев медициналық көмектен бас тартады, бірақ дәрігер күн сайын сырттай тексеру жүргізеді» деп мәлімдеген.

ҚБК хабарлауынша, Жыланбаев денсаулық жағдайын өзі бақылап отыр, бұған дейінгі аштық акцияларын ескере отырып, өзін «тұрақты жағдайда» деп санайды және дене жаттығуларын жалғастырып жатыр. Комиссия барған кезде ол спортпен айналысып жатқан және «қанағаттанарлық күйде» болған.

Алайда NotExtremists мониторингтік тобы ҚБК берген ақпараттың өзінен-ақ «қанағаттанарлық жағдай» жоқ екенін көруге болады деп есептейді. Топтың пікірінше, қазір Жыланбаевты ұстау шарттары одан әрі қатаңдатылған, ал №4 мекеме әкімшілігі оны қорғау құқығынсыз incommunicado режимінде (психологиялық қысым тудыратын, қатыгез әрі ар-намысты қорлайтын қатынас жасауға жағдай туғызатын оқшаулау түрі) ұстап отыр. Мониторингтік топтың мәлімдеуінше, Жыланбаев отбасы және адвокаттарымен байланыс мүмкіндігінен толық айырылған. Сонымен қатар олар БҰҰ incommunicado тәжірибесін адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қарастыратынын атап өтті.

Өткен апта соңында Жыланбаевтың отбасы оның түрмедегі жағдайға және қысымға наразылық ретінде аштық ұстап отырғанын және «ауыр жағдайда» екенін мәлімдеген. Қызы Әнел Жыланбаева әкесін әдейі жақындары мен қорғаушыларынан оқшаулауға тырысып жатыр деп санайды.

Бірнеше күн бұрын адвокат Бақытжан Омарханов пен Жыланбаевтың жақтастары Степногорскке барғанымен, оларды мекемеге кіргізбеген.

Степногорскідегі мекеме әкімшілігі Жыланбаевтың оқшаулануы, жағдайының нашарлауы және ұстау шарттарына қатысты шағымдар жөнінде пікір білдірмеді.