Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

ҚДБ-ның олигархтарға ғана қолы ашық

Қазақстан Даму банкі
Фото: ашық дереккөз

Кезінде экономикамыздың шикізаттық емес саласын дамытады деген үмітпен құрылған Қазақстан Даму банкі (ҚДБ) тағы да сынға қалып отыр. Былтыр бұл банктің қызметін президент Қ.Тоқаев «ҚДБ жекенің банкіне айналып кетті» деп бір түйреп өткен. Одан кейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Ә.Смайылов та ҚДБ-ның белгілі кәсіпкерлердің ғана банкіне айналып кеткенін айтқан болатын. Енді биыл бірқатар сенаторлар банкті сын тезіне алып жатыр.

Сенаторларда сұрақ көп

Өткенде Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның қызметімен танысқан. Сол кезде аталмыш банктің жұмысына қатысты біраз келеңсіздіктер белгілі болды. Осыған байланысты сенаторлар үкімет басшысы О.Бектеновке сауал жолдаған.

Сенат депутаттарының мәліметінше, 2024 жылы банк 1,4 трлн теңге сомасына 58 жобаны қаржыландырса, биылғы жылдың сегіз айында 48 жобаға 1,2 трлн теңге қаржы бөлінген. Сала құрылымы бойынша ең көп қолдау металлургия және тау-кен өндіру өнеркәсібіне көрсетілген. Ел үшін маңызды 17 ірі серпінді жобаның ішінен бүгінгі күні банк тек бір жобаны ғана қаржыландырған. Ол құны 25,8 млрд теңге сомасындағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan ЖШС-ның (Алматы қ.) қытайлық көліктер шығаратын мультибрендтік зауыты.

Рас, банк тарапынан қосымша жобалар қаржыландырылған. Бірақ жобаларды таңдаудағы негізгі басымдық экономика үшін аса маңызды саналатын 17 ірі жобаны қаржыландыру тетігін әзірлеу мен оны іске асыруға арналуы тиіс еді. Алайда биыл банк қаржыландырған жобалардың арасында Алматы мен Түркістанда қонақүй салу, есептеу инфрақұрылымын сатып алу сияқты жобалар да бар.

Сенат депутаттары үкімет басшысына жолдаған сауалында ҚДБ қаржыландыратын жобаларды ел экономикасы үшін маңыздылығы басым секторларға қарай іріктеу керектігін, қаржыландыратын жобалар бір ғана емес, бірнеше салаға оң әсер етуі қажеттігін көрсеткен. Мұнымен қоса жобаларды іріктеу және қаржыландыру кезінде өңірлер арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет екені де айтылған.

Алайда былтырғы президенттің сөзінен кейін де, аудиторлық палатаның есебінен кейін де ескі ауруынан айықпаған ҚДБ сенаторларды тыңдай қойсын ба?!

Бектеновтің жоспары

Сенаторлардың өзіне жолдаған сауалына жауап берген премьер-министр О.Бектенов Қазақстан Даму банкінің расымен де Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауытымен жобасы аяқталғанын, бұл зауыттың жылына 120 мың автокөлік өндіруге қауқарлы екенін тәптіштепті. Премьердің айтуынша, бұған қоса ҚДБ арқылы жылына 2,45 млн тонна қуаттылықтағы жаңа кокстық батареялар зауытын салу, Qarmet АҚ-ның 4 млрд текше метрлік табиғи газ құбыры, Астанадағы Kazak Protein ЖШС-ның бидай мен бұршақты терең өңдейтін интеграцияланған АӨК кешені және басқа да жобаларды қаржыландыру қаралып жатыр.

Үкімет басшысының дерегінше, 2024 жылдың соңында ҚДБ портфелінің құрылымы мынадай болған. Жобалардың 82 пайызы – жоғары индексті, 16 пайызы – орташа, 2 пайызы – төмен индекс көрсеткішінде.

«2025 жылы ҚДБ инновация, экологиялық тұрақтылық және жобалардың әлеуметтік маңыздылығы критерийлерін күшейте отырып, «Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескеріп, әдістемесін жаңартты. Сонымен бірге ел үшін маңызды 17 жобаның 14-ін қаржыландыруға қатысуды жоспарлап отыр. Олар экономиканың басым бағыттарын қамтиды», – дейді сенаторлардың сауалына жауап берген О. Бектенов.

ҚДБ олигархтардың «төсқалтасы» ма?!

Алайда сала мамандары Қазақстан Даму банкінің елді дамытуға асықпай отырғанын, өзіне артылған үмітті ақтамағанын айтады. Тіпті бұл банкті «олигархтардың төсқалтасына айналды» дейтіндер де бар.

Негізінде, 2001 жылы ҚДБ құрылғанда мақсаты мен міндеті айқын болған. Аталмыш банктің құзыретіне елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру, мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау және елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектесу енген болатын. Бірақ құрылғанына 20 жылдан асқан бұл банк «өз міндетін толыққанды орындай алды» деп кеуде кере мақтана алмаймыз.

Банктің қаржыландыруға рұқсат берген жобаларына мұқият қарайтын болсақ, тізімнен көбіне «ығай мен сығайларды» көреміз. Мәселен, былтыр «Хромтау қаласында құны 178 млн доллар тұратын жел электр станциясы салынады» деп алақайладық. Бұл жобаны «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және Қазақстанның Даму банкі бірлесіп жүзеге асыруы керек. Ал енді «Қазақстан электролиз зауыты» атақты ERG тобының бір бөлігі. Оны ірі олигархтар – Потох Шодиев, Мұқадасхан Ибрагимова және Машкевичтер басқарады. Бұл үш фамилияның да атақ-дәрежесі, байлығы кім-кімге де таныс. Бұдан бөлек, банктен несие алғандардың қатарында Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұрхан, Нұржан Нығматулиндер және мыс саласында жүрген олигархтар Владимир Ким мен Эдуард Огай, шымкенттік олигарх Серікжан Сейтжановтар да бар.

Қазір Қазақстандағы алтын кен орнының иесі «АК Алтыналмас» және «Қаражыра» АҚ-да 20 пайыз акциясы бар кәсіпкер Владимир Жұманбаев ҚДБ-дан несие алу үшін өз кезегін күтіп жүр. Сондай-ақ танымал Pepsi, Da-da, Piala, Lipton шайларын шығаратын RG Brands АҚ-ның иесі, олигарх Қайрат Мәжібаев та ҚДБ-дан қомақты көлемде арзан несие алуға үмітті.

ҚДБ беретін арзан да қымбат несие

Биыл көктемде Жоғары аудиторлық палата Қазақстанның Даму банкі кейбір компанияларға бекітілген мөлшерлемеден де арзан несие беріп келгенін анықтады. Есеп палатасының берген деректеріне сүйенсек, банк кейбір қарыз алушыларға жеңілдік жасап, несиені белгіленген шекті мөлшерден де төмен пайызбен берген. Арзан несиелендірілген біраз жобаның қаржылық жағдайы нашарлаған, жоба бойынша жоспарлар орындалмаған. Банкке төлемдер кешіктірілген. Бұған қоса мемлекеттік аудит ҚДБ-дан алған арзан қаржыны алпауыт компаниялардың өз қожайын-акционерлеріне дивиденд түрінде төлегенін, банктердегі депозиттерге жоғары сыйақымен салып, табыс тапқанын да әшкереледі. Осыдан барып былтыр ҚДБ 25,9 млрд теңгені тиімсіз жоспарлап, 15,8 млн теңгелік пайдадан қағылған.

Сондай-ақ аудиторлық палата ҚДБ-ның бюджеттің арзан ақшасын жоғары пайызбен берген сәттері болғанын да анықтады. Банк бюджет қаражатын 0,15 пайыз мөлшерлемемен таратып, кейін оны жобаларға 9-11 пайыз мөлшерінде де қарызға берген. Осылайша бұл мөлшерлемелер 73 есеге дейін айырмашылық байқатқан. Осындай олқылықтарды анықтаған аудиторлар банк арқылы берілетін несие шарттарын қайта қарауды ұсынған. Есеп палатасы бұдан былай ҚДБ арқылы қарыз алушы барлық компанияға жылдық мөлшері бірыңғай 7 пайызды құрайтын сыйақы бекітуді жөн санаған.

Алайда аталмыш палатаның сынына жауап берген банк мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылатын сыйақы мөлшерлемелері уәкілетті органдар бекіткен қаржы-экономикалық негіздемеге толық сай келетінін, бұл мөлшерлеме салалық министрліктер тарапынан бекітілетін шекті ставка шеңберінде қалыптасқанын айтып ақталды.

Мешкей деген ат жақсы емес

Ал сарапшылар Қазақстан Даму банкіне қатысты қайта-қайта сын айтылмауы керектігін, бұл банк экономиканың локомативіне айналып, экономиканы тек алға сүйреу қажеттігін айтады.

Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбековтің пікіріне сүйенсек, күні бүгінге дейін елдегі экономикалық саясат олигархтардың мүддесіне бағытталып келді. Бұған әсер етуші құрылымның бірі Қазақстан Даму банкі болды. Бай-манаптар осы банктің шарапатын көп көрді. Маманның сөзінше, олигархтар ҚДБ арқылы несиелік төлемдерінің мерзімін шегеріп, несиелік демалыс алып, банк қаржысын жеке бастарына ыңғайлы етіп пайдаланып келді.

«Сондықтан Қазақстан Даму банкін қайта құрылымдау өз алдына, оның бүкіл функциясын, басшыларын өзгерту керек. Мұндай шешімдер дәл қазір қажет. Бұл 100 пайыз үкіметке бағынып отырған банк. 2017 жылы еліміздегі түрлі жобаларға инвестиция салдық деп жүрген байлар шетелде 18 млрд долларды заңсыз ұстап отырған. Былтырдың өзінде төлем балансындағы есепшот бойынша шетелге 10 млрд доллар қаражат кетіп қалыпты. Бұл сол кездегі теңге бағамымен есептегенде 4 трлн 300 млрд теңге. Бұл дегеніңіз – халық бюджетінің 25 пайызын құрайды. Сондықтан ҚДБ арқылы жүргізілетін валюталық бақылауды қолға алу керек», – дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Ал бірнеше жылдан бері бизнестің бел ортасында жүрген кәсіпкер Азат Қонысбек болса Қазақстан Даму банкінен де, кәсіпкерлікті дамыту қорларынан да осы уақытқа дейін еш пайда көрмегенін айтады.

«Мәселен, бізде кәсіпкерлікті дамытатын «Даму» қоры бар. Бұл қор менің кеңсемнің терезесінен қарасам, 60 метр жерде тұр. Осы қормен қатар отырғаныма 20 жылдан асты. Бірақ сол қордың біз сияқты кәсіпкерлерге пайдасын көрген жоқпын. Сол тәрізді, Қазақстан Даму банкі де тек олигарх кәсіпкерлерді қолдап жүр. Негізінде осылардан гөрі менің елге пайдам бар. Мен бірнеше қарапайым адамды жұмыспен қамтимын, жалақы төлеймін, салығын аударамын. Мұндай қорлар мен банктер біздерді менсінбейді. Алатын сыйақылары да өте қомақты. Сыйақы белгілі бір жетістікке жеткен кезде төленуші еді. Бұлар қатарынан үш жылдан асты, қатты сыналып жатса да өздеріне сыйақы ала береді. Мешкей деген ат жақсы емес қой. Сынай берсе адам ойланып, «түзелейін» дейді ғой. Ал біздің акционерлік қоғамдардың, қорлар мен қаржы институттарының сыннан қорытынды шығарып жатқанын көру өте қиын», – дейді кәсіпкер Азат Қонысбек.

Қарыз алып сыйақы беру жоралғысы

Жалпы сарапшылар Қазақстан Даму банкінің табыс табудан гөрі қарыз алуға көп бейімделіп кеткенін айтады. Мәселен, былтыр Қытайдың құрылыс банкінің Астанадағы бөлімшесі ҚДБ-ға 500 млн доллар сомасында несие беретін болып келісімге келген. Бұл сомаға банк инвестициялық жобаларды қаржыландырмақ. Бұдан соң Қытайдың мемлекеттік даму банкі ҚДБ-ға 250 млн доллар және 2 млрд юань несие беруді жоспарлап отыр. Бұл сома арқылы ҚДБ республикалық маңызы бар жолдарды қалпына келтірмек. Сондай-ақ банк биыл Испанияның қаржы институтынан 400 млн еуро қарыз алатынын да мәлімдеді. Бұл қаражат елдегі энергетика жобаларына жұмсалады. ҚДБ Астана мен Маңғыстаудағы қонақүйлер мен ойын-сауық орталықтарын салуға 200 млрд теңге несие бермек. Бұған дейін ЭКСПО-2017 көрмесін салуға да банк арқылы қаражат бағытталған. Кинотеатр, бизнес орталықтарын қамтитын жобаларға да қаражат бөлінді. Алайда нақ қазір өңдеу өнеркәсібіне жеңілдетілген несие беруге қажеттілік туындап отырған сәтте мұндай ойын-сауық, қонақүй орталықтарына қаражат бөлген қаншалықты тиімді?!

ҚДБ қарыз алып жатқанымен, топ менеджерлеріне қомақты сыйақы беру жоралғысын ұмытпайды. Қазақстанның Даму банкінің басқарма мүшелері 2022 жылы 251,74 млн теңге сыйақы алса, 2023 жылы жалпы сомасы 272,9 млн теңге сыйақы алған. Ақпаратта сыйақының жеті адамға төленгені жазылған. Бірақ банк басқармасында қазір бес адам бар: Марат Елібаев, Владимир Ли, Ботагөз Әбішева, Әсет Шәріпов және Бақытжан Омаров. Бұл құрам 2024 жылдың қыркүйегінде бекітілген. Былтыр және биыл басқарма мүшелерінің қанша сыйақы алғаны туралы ақпарат еш жерде кездеспейді. Бәлкім, банктің басқарма мүшелерінің ұяты оянып, сыйақы алудан бас тартқан болар немесе құлаққа тыныштық іздеп, мұндай ақпаратты құпия ұстауды жөн көрген шығар. Қалай десек те, Қазақстан Даму банкінің қазіргі жайы осындай...

Қ.Сайлау