Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:00, 04 Мамыр 2022

«Кедейді байытамыз» бағдарламасы...

None
None

 

Үкіметтің аңызы ма, ақиқаты ма?!

Өткен аптадапремьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырды.Бағдарламада 1 миллионнан астам бюджет саласы қызметкерлерінің, квазимемлекеттік сектордың, өндірістік персоналдың еңбекақысын көтеру көзделген. Бұл тізімге дәрігер, мұғалім, ғылыми қызметкер, мемлекеттік БАҚ қызметкерлері, квазисектордың өндірістік персоналы да  еніп отыр.

Бұған қоса, бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен, 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын орта бизнес белдеуі құрылатын болады, бұл ШОБ өкілдеріне кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Ералы Тоғжановтың  айтуынша, сырттан келетін тауарлардың үлесін төмендетіп, ішкі нарықты өз тауарымызбен қамту мақсаты да қойылған.

«Халықтың табысын арттыру – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың мойнындағы міндет. Әр азамат өз бала-шағасын ойлап, айналасына оң әсерін тигізуі керек. Күндердің күнінде мұнайдың бітетіні белгілі. Басқа бағыттарды дамытуымыз керек. Қазақстанда ондай мүмкіндік бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын атауға болады. Жер жетеді. Соны дұрыс пайдалануымыз керек», – деді Ералы Тоғжанов.

Сөйтіп, аталмыш бағдарлама ойдағыдай, жүзеге асар болса, Қазақстан халқының аузы 2025 жылға қарай аққа тиіп, молшылықта өмір сүретін болады. Алайда сарапшылар үкіметтің мұнысын ақиқаттан гөрі аңызға балап отыр.  Сарапшылардың пайымдауынша, үкімет әлі күнге дейін бір ғана күнкөріс себетіне қатысты мәселелерді реттей алған жоқ. Бұған қатысты сала мамандары «халықтың жағдайы жақсаруы үшін, ең алдымен, күнкөріс себетін ең төменгі жалақымен емес, орташа жалақы мөлшерімен есептеген жөн», дейді. Бүгінгі таңда еліміздегі күнкөріс себеті 36 000 теңгені құрайды. Бұл соманың 60 пайызын халық азық-түлікке жұмсаса, қалған 40 пайызы (11, 285 теңге) тұрмысқа қажетті заттарға тиесілі. Біз пікірлескен бірқатар мамандар «бұл сомаға бірден толыққанды тамақтану жүйесін қалыптастырамыз деу қиын», деп жауап берді.

Экономист-ғалым Арман Алдоңғаровтың айтуынша, еліміз әлі де салауатты тамақтандыру жүйесін қалыптастыра алмай отыр.

          – Нақ қазір қымбатшылық қысып, халықтың күнделікті тұтынатын ет, сүт, нан өнімдері бірнеше есе қымбаттап кетті, Мысалы, біз күніне 250 грамм нан, 50 грамм макарон немесе жарма, 260 грамм картоп, 100-150 грамм ет, екі күнде бір жұмыртқа тұтынуымыз керек болса, бізден экономикасы кемшін бірқатар елдерде күнкөріс себетіне енетін азық-түліктердің мөлшері әлдеқайда ауқымды. Біз – салауатты өмір сүру, кедейлікті жою, адам капиталы туралы жиі айтамыз, бірақ әлеуметтік жағдайды дамытуға қатысты бірінші мәселе, азық-түліктің бағасы мен сапасы екеніне аса мән бермейміз. Сондықтан болашақта экономикасы дамыған, адам капиталы артқан ел болуымыз үшін де осы мәселелерге мән бергеніміз абзал. Инфляцияны ауыздықтай алмай отырып, халықтың әл-ауқатын көтеру туралы сөз ету аңыз тәрізді. Енді барлығын уақыт көрсетеді, – дейді Арман Алдоңғаров.

Бұдан бөлек, мамандардың  пайымдауынша, нақ қазіргі қалыптасып отырған экономикалық жағдайда үкімет, ең алдымен, халықтың құнсызданған жалақысын, жәрдемақысын көтеру жағын ойлауы керек еді. Әттеген-айы, қазір халыққа мардымсыз үстемақы қосылып отыр. Бұл ретте, «Аналитик» талдау орталығының бас сарапшысы Дәурен Арын халықтың кедей екенін мойындайтын кезең жеткенін алға тартты.

– Қазір тапқан табысы мен күнкөріс деңгейі қабыспайтындардың қатары көп. Біз қазір әлеуметтік аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз. Үкіметке халықтың кедейлігін мойындайтын кезең жетті. Соңғы бес жылда халықтың ақшаны тамақтан үнемдеуі көп нәрсені аңғартады, – дейді бас сарапшы.

Дәурен Арынның айтуынша, үкімет күзге дейін сауатты шешімдер қабылдауы тиіс, әсіресе елдегі орташа жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты нақты шешімдер қабылдайтын кезең жетті. Ол үшін маман айтып отырғандай, халықтың азық-түлік тұтынатын себетінен бастап, орташа жалақы көлемі, күнкөріс деңгейі қайта сұрыпталуы қажет.

– Дамыған елдермен біздің орташа жалақы мөлшерін салыстырудың өзі ыңғайсыз. Біз өркениетке ұмтылған ел болғандықтан, олардың жақсы жағын алып қалуға тырысуымыз керек. Бірқатар дамыған елдерде орташа жалақы мөлшері 4500 долларды құрайды. Көптеген елдер  өздерінің табиғи байлығын адам ресурсын дамыту үшін пайдаланады. Бірінші кезекте, адам капиталын дамытуды қолға алған мемлекеттер қазір ұтылмайды. Сондықтан бізге де осы бағытты ұстану керек. Жалған статистикадан аулақ болған жөн. Болмашы үстеме қосып, оны жария етіп жатқанымен қымбатшылық жеп қойып жатыр. Мұны мойындау керек, – дейді Дәурен Арын.

Жалпы,  мамандардың байыптауынша, келер күзде қымбатшылық қоюлана түседі. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жайттың өзі мұны аңғартып отыр. Сондықтан біздің атқарушы органдарға болашақта аңыздан гөрі ақиқатқа сүйеніп, жұмыс істеген жөн. Байыптағанға, осы уақытқа дейін де үкімет «Жұмыспен қамтудың» жол картасын жасап, небір әлеуметтік бағдарламаларды халыққа ұсынды. Бірақ олардың нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай болмады. Демек, күні кешегі Тоғжанов таныстырған әл-ауқатты, халықтың табысын арттыру бағдарламасына да мамандардың сенімсіздікпен қарайтын жөні бар. Отыз жыл бойы аңызға сенген құлақ енді нақты нәтижені көрмей, күдігін сейілтпесі тағы анық...

Тегтер: