Кеген – Нарынқол тасжолын еріген қар суы шайып кетті
Республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автожолында еріген қар суы салдарынан инфрақұрылымға зақым келіп, жолдың бір бөлігінде қозғалыс уақытша шектелді.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, 3 сәуір күні шамамен сағат 11:30-да жолдың 20-шақырымында су құбыры зақымданып, жолдың топырақ төсемі шайылған.
Аталған учаске бұрын су тасқыны қаупі бар аймақ ретінде қарастырылмаған. Қазіргі уақытта бұл бөлік орташа жөндеу жұмыстарына байланысты мердігер ұйымның қарауында.
Жолдың бұл бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектелді. Жүргізушілер үшін айналма жол ретінде топырақ жол ұйымдастырылған.
«Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында», – деп хабарлады компания.
Оқиға орнында арнайы техникалар жұмылдырылып, шамамен 20 техника жұмыс істеп жатыр. Жақын уақытта қиыршық тас төселген уақытша айналма жол жасау жоспарланған.
Зақымданған учаскеде қалпына келтіру жұмыстары еріген қар суының толық өтуінен кейін басталады.