Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 02 Шілде 2024

Кегенде бір несиені екі рет төлейсің

несие
Фото: из открытых источников

Алматы облысы Кеген ауданында бір топ шаруа «екі күймек бір жанға әділет пе?» деп, жауапты органдардан араша сұрап жүр. Біз өңірдегі белсенділермен, жапа шеккен шаруалардың өзімен және заңгермен сөйлесіп, мәселенің мәнін ұққандай болдық.

Бұл даудың тамыры сонау 2013 және 2015 жылдарға барып тіреледі. Сол жылдары Кеген ауданының 68 тұрғыны «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-дан жеке кәсіпкерлік мақсатында несие алады. Әрі көбі несиесін уақытында төлеп болады. Сөйтіп алаңсыз жүргенде аяқастынан шоттары бұғатталып, мойындарына миллиондаған қарыз мінген.

Бағдарламаның талабы бойынша несие тікелей халықтың қолына берілмей, ортада «Нұрай Несие» кредиттік серіктестігі» ЖШС құрылып, ақша соған аударылған. Ол компания ақшаны тұрғындарға таратып береді. Ал шаруалар ақшаны «Нұрай Несиеден» алғандықтан, сол компанияның өзіне қайтарады. Бірақ «Нұрай Несие» халықтан алған ақшаны «Жетісу» ӘКК-ге құймаған. Яғни мемлекет пен халықтың арасындағы қаржы орта жолда қолды болып кеткен.

Енді әу баста кредиттік серіктестік құрамында қарыз алған 68 адам осы ақшаны қайтаруға міндеттеліп отыр. Жалпы қарыз сомасы – 262 184 042 теңге.

«2012 жылы «Нұрай Несие» ЖШС құрылған. Біз 2015 жылы несие алдық. Оны 2019 жылы мерзімінен бір жыл бұрын өтеп болдым, қолымда мұны растайтын барлық құжат бар. Кепілге қойған заттарымды да шығарып алғанмын. Сонымен бұл әңгіме жабылып, жан-жаққа кеткен едік. Кейін халықтың жартысы несиесін өтемепті, соттасып жатыр екен дегенді естіп жүрдік. Бірақ өзіміз қарыздан құтылғандықтан, көп қаузамадық. 2023 жылы банк шоттарымыз бұғаттала бастады. Біз серіктестік басшысы Ұланға хабарласып, сұрадық. Ол соттың бізге қатысы жоқ екенін, несиесін төлемеген адамдармен соттасып жатқанын айтып, алаңдамауымызды сұрады. Біз оның осы сөзіне сеніп, бейғам жүре бердік.

Сол әңгіме осыдан 20 күн бұрын қайта шығып, бүкіл шотымыз бұғатталып, ішіндегі ақшамызды сыпырып алды. Мысалы, менің 8 миллион теңгемді сот орындаушылары алып қойды. Содан кейін ғана халық жиналып, жауапты органдарға арыз жаза бастадық. Алғаш шоттарымыз бұғаттала бастағанда Ұлан «бәрін өзім шешемін» деп, 15 күн алдап жүрді. Кейін оның өзін таба алмай қалдық.

Жақында «Жетісу» ӘКК-ге барып, несиені толық төлегенімді дәлелдедім. Мұны олар да мойындап тұр. Бірақ біз қол қойған бірлескен кепілдік туралы хатты алып шықты. Бізге осы құжат негізінде сот шешімі шығып отыр екен. Онда 68 адамның қолы қойылған, мен өз қолымның жалған екенін бірден байқадым», – дейді аудан тұрғыны Қанатқан Мыса.

Тұрғынның сөзінен бірнеше заңсыздықтың төбесі көрінеді.

Біріншіден, «Жетісу» ӘКК несие таратарда нарықта бұрыннан бар сенімді компанияға емес, жаңадан құрылған «Нұрай несиеге» ақша аударған. Жұрт аталған ЖШС осы ақшаны «игеру» мақсатында әдейі құрылған болуы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені 2020 жылы 27 қарашада Алматы облыстық экономикалық соттың шешімімен серіктестік таратылған.

Екіншіден, 2020 жылдан бастап «Жетісу» ӘКК арызы бойынша бірнеше мәрте сот отырысы өткен. Бірақ серіктестік құрамындағы шаруалардың ешбірі бұдан хабарсыз болған. «Нұрай несие» жауаптысы Ұлан Аришов тұрғындарды алдап, ешбірін сотқа қатыстырмаған. Сөйте тұра сот шаруаларды 260 миллион теңгеден аса қарызды қайтаруға міндеттеп отыр.

Үшіншіден, бірлескен кепілдік хаты деген құжат қолдан жасалған болуы мүмкін. Мұны біз тұрғындардың сөзіне сүйеніп айтып отырмыз. Шаруаларды қарыз төлеуге міндеттейтін сот шешімі дәл осы құжат негізінде шыққан, өйткен бұл құжат бойынша, 68 тұрғын жалпы несиенің толық қайтуына кепіл болады. Көпшілік хатқа өздері қол қоймағанын айтып отыр.

Демек, істің жалпы барысын былай сипаттауға болады: кредиттік серіктестік құрылып, жұрт несие алған, кейін серіктестік тарап кетіп, кредитті қайтармаған. Ал «Жетісу» ӘКК борышты тұрғындардан сұрап, сотқа жүгінген. Осы жерде «Жетісу» ӘКК мен тұрғындардың сөзінде қайшылық бар. ӘКК бағдарлама шарты бойынша серіктестік құрамындағы әр адам несиені өтеуге кепіл болады десе, көпшілік мұндай шартты білмейміз, әркім өзіміз үшін жауап береміз деп отыр. Олар тіпті бірлескен кепілдік хаты кейін, дау ушығып кеткен кезде қолдан жасалды деп санайды.

«Жетісу» ӘКК-нің басқарушы директоры Дәурен Рабилов бірлескен кепілдік хаты жалған болып шықса, несиесін толық өтеген тұрғындарды жауапкершіліктен босатуға болатынын айтты.

«28 маусымда Кегенге барып, жұртпен кездестім. Сол кездесуде қарыз алған 68 тұрғынның ешбірі бірлескен кепілдік хатқа өздері қол қоймағаны белгілі болды. Бұл құжатты олар көрмеген, бұл жерде алаяқтықтың белгісі шығып тұр. Біз микрокредит ұйымының басшысынан күдіктеніп отырмыз, ақша қайда кеткенін сол кісіден сұрау керек. Бірақ ол не тұрғындармен кездеспейді, не бізге жауап бермейді.

Кегендегі кездесуге келген адамдар қарызды толық жапқандарын айтып отыр. 23 адамның несиесін өтегені жөніндегі түбіртекті алып қайттым. Оны салыстырып, тексеріп жатырмыз. Өкініштісі, бұл түбіртектер банктің емес, «Нұрай несие» бухгалтериясының таңбасы басылған жай қағаз ғана. Осы қиындық тудыруы мүмкін.

Бірлескен кепілдік хат сараптамадан өтеді, егер оның жалған екені анықталса, сот оны «жарамсыз» деп, шешім шығарады. Содан кейін біз жоғары жаққа хат жазып, несиесін толық өтеген адамдарды шоттарын бұғаттан босатуға күш саламыз», – деді.

Ауыл тұрғындары да, «Жетісу» ӘКК өкілдері де «Нұрай несие» жауаптысы Ұлан Аришовпен байланысқа шыға алмай отырғандарын айтты. Ол қарыз алған шаруалардың сеніміне кіріп, іс әбден насырға шапқанға дейін жасырып келген. Дау жоғарғы сотқа дейін жетіп, қарыз қамыты мойынға түскенде хабарсыз кеткен. Біз де оның телефон нөміріне бірнеше мәрте хабарластық, бірақ телефон сөндірулі болды.

Біздің ойымызша, бұл дауға ең алдымен мемлекеттік бағдарламаның кемшілігі себеп болып отыр. Егер ақша тікелей тұрғындар қолына тисе, ешкім екі ортада делдалға жем болмас еді. Екіншіден, мемлекет қаржысына дұрыс бақылау жасамаған «Жетісу» ӘКК-нің кінәсі бар. Мекеме ақшаның шаруалар қолына тиген-тимегенін, олар несиені қайтарған-қайтармағанын қадағалап отырса, қаржы қолды болмайтын еді.

Мемлекеттік бағдарламамен несие алып, жеке кәсіп бастаймыз деп тығырыққа тірелген тұрғындардың жалғыз үміті бірлескен кепілдік хатында қалды. Егер сол хаттың жалған екені дәлелденіп, сот шешімі жойылса ғана, олар бастарын арашалап алуы мүмкін. Әйтпесе, алған несиесін еселеп жапқаны аздай, бюрократияның құрбаны болған 260 миллион теңгені тағы төлеуі мүмкін.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: