Кегеннің сиырларын менсінбейтін зауытқа жеткенше...
Алматыдан құстай ұшқан көлік Кегеннің Аласа асуына іліне бере кібіртіктеді де қалды.
Былтыр ғана жасалған жолдың сау тамтығы қалмаған, жамау көтеретін де жайы жоқ: ойлы-шұқыр, шұрық-тесік. Бізді ауданға кіреберісте әкімдік қызметкерлері мен «ҚазАвтожолдың» жұмысшылары күтіп алды. Әкімдік қызметкерлері жол жөндейтін мекеменің жұмысшыларына тілшілердің келе жатқанын ескертпеген болу керек, көзбояушылықпен айналысуға үлгермей қалған сияқты. Төрт-бес жұмысшы күректерін көтеріп, жолдың бойында ары-бері сабылып жүр. Өздерінің не істеп жүргендерін де түсінбейтін сияқты. Төрт күректе бір арбаға толмайтын қойдың құмалағындай құрғақ асфальт. Қалың шұқырды қалай жамайтындарын білмей далбасалап жатқандары. Журналистердің алдындағы тектұрмастың кебі.
–Сіздер не істеп жүрсіздер? – деп сұрадық.
–Жол жөндеп жүрміз, – дейді шімірікпей.
–Бұл қандай жөндеу? Жолды арнайы техникамен жасамай ма?
–Олай да, былай да жасаймыз, – дейді мізбақпай.
Жұмысшыларды қаумалап қалғанымызды көрген «ҚазАвтожолдың» дөкейлері көліктерінен түсіп, бізге қарай жүгірді. Жұмысшылар бірдеме бүлдіріп қоя ма деп алаңдаса керек, келе сала «Сұрақтарыңызды маған қойыңыздар» деді ішіндегі ақ жағалысы. Өзін Жасұлан Қалтаев деп таныстырды, «ҚазАвтожол» компаниясының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары екен. «ҚазАвтожол» өкіліне қойылған алғашқы сұрақ былтырғы жасалған жол туралы болды. Сабазың саспайды.
–Былтыр асфальтті толық төсеген едік. Жердің ылғалдануына байланысты төсеме тез бүлініп кетті. Сондықтан істеген жұмыстар ойдағыдай нәтиже бермеді. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжатты дайындауға кірісеміз. Себебі бұл жолға күрделі жөндеу қажет. Асфальт-бетон жабындысын толықтай ауыстыру керек. Былтырғы жасағанымыз орташа жөндеуге жатады, күрделі жөндеу биыл жасалады», деп ақталды.
Естеріңізде болса, былтыр ғана сапасыз жолдан қажыған аудан тұрғындары Қайқы асуын жауып тастап, Алматы облысының әкімі барып, мәселеге нүкте қойғандай болған-ды. Жыл өтпей тозығы жеткен жолға «ҚазАвтожол» кінәлі ме, әлде мердігер компания ма? Жауапты мекеме өкілінің айтуынша, жол құрылысын жасауға міндетті «Іскер» ЖШС салғырттық танытып, тапсырыс берген тараптың талабын толық орындамапты, сөйтіп, келісімшарт бұзылған. Былтырғы орташа жөндеуге 682 млн теңге бөлінген. Желге ұшты деген осы болса керек. «Іскердің» аяқтай алмаған шаруасын биыл РУС-1 деген компания мойнына алыпты. Қыр астында қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Таулы аймаққа қазан мен қарашада қар түсетінін ескерсек, бір арба құрғақ асфальтты көз ғып сүйретіп жүрген жұмысшылар қаһарлы қысқа ешқандай қайран қыла алмайды-ау деп ойладық.
Қасымызда жергілікті белсенді Мақпал Шадан Кегендегі кері кеткен жолдың жайын айта келіп, «ҚазАвтожолдың» былтыр мердігер мекемеден шала жасалған жұмысты қабылдап алғанын қозғады.
«Сіздер АКТ бойынша жоқ дүниені қабылдап алып отырсыздар. «ҚазАвтожол» басшысының, технадзордың, мердігер мекеме басшысының үшжақты қолы қойылған құжатта. Содан кейін мердігер мекемені таңдап алған соң, бірден ақшаның 70 пайызын аударып жібергенсіздер. Оның да актілері тұр. Сіздерге заңды өрескел бұзуға кім рұқсат берді?» – деп, сұрақты төтесінен қойды.
Компания өкілінің жауабы сенімсіздеу шықты. «Құжатымыз тастай, бәрі заңды» деген сөзі жағасынан шықпай, құмығып қалды.
Кеген мен Райымбек аудандарының республикалық маңызы бар тасжолы 200 шақырымнан асады, бірнеше жылдан бері жыр болып келе жатқанын жұрт жақсы біледі. Осы өңірден сайланған депутаттар да халықпен кездескен кездерінде уәдені үйіп-төккен. Бірақ нәтиже жоқ. Ауданға жылына қанша мың саяхатшы келеді, бәрі осы жолмен жүреді, әлеуметтік желіге салады, жазады, тағы да ілгерілеу жоқ. Неге? Айтылған сынға пысқырмайтын, халықтың уәжіне құлақ аспайтын «ҚазАвтожолға» ешкімнің тісі батпай ма? Тіпті аудан атқамінерлерінің де амалы таусылған сияқты, жолға келгенде жүздерінен шарасыздық байқалады. Біз көлікке мініп жатқанда «ҚазАвтожол» өкілі мен мердігер мекеменің құлықсыз жұмысшылары күректерін арқалап кетіп бара жатты...
Әкімдік балансындағы үйлер және көлеңкелі бизнес
Келесі аялдама – Кеген ауылының шетінен бой көтерген шағын аудан. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дархан Маусымбаевтың айтуынша, 2018 жылдан бері 81-үй салынып жатқан көрінеді. Бірінші жылы 15 үй, 2019-2021 жылы 36 үй пайдалануға берілген. Биыл 20 баспананың құрылысы аяқталыпты. Әне-міне пайдалануға берілмек. Одан бөлек, тағы отыз үйдің құрылысы басталған. Біз бұл жердегі қаржыға, яғни миллиондар мен миллиардтарға тоқталмадық. Бізді қызықтырған әңгіме – үйді алған кейбір тұрғындардың заңсыз әрекеттері. Жекеменшікке берілмейтін, сатып алуға болмайтын коммуналдық баспана жастарға, баспанаға мұқтаж жандарға берілген әуелде. Бірақ әкімдікпен қатысы бар, тамыр-таныстарының арқасында баспаналы болып алған кейбір пысықтар үйлерін жалға беріп қойыпты.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы да оны жасырмай айтып берді. Қазіргі уақытта өздері Алматыда тұратын, ауылдағы тегін үйді біреулерге жалға беріп қойған бес азаматты анықтаған. Әкімдік қызметкерлері алдағы уақытта баспананы қайтарып алатындарын, үйге мұқтаж басқа тұрғындарға беретіндерін жеткізді. Жастар ауылынан шығарда тұрғындардың бірі тағы бір баспананың қонақүй қызметіне берілгенін, ортада делдалдар барын айтып қалды. Ал үйді заңсыз иемденіп, жалға беріп отырған бес бірдей адамды ұстап алған қырағы әкімдік өкілдерінің одан хабары жоқ екен, бізден естігендерін айтып, жағаларын ұстап жатыр. Жасырын түрде жалға берілген бес үйді анықтап, көлеңкелі бизнес жүргізіп отырған қонақүй иесін білмей қалдық дегенге ешкім сене қоймас, біз де сенбедік.
Аймақтың сиырларын менсінбейтін ет зауыты
Кеген жолының ойылған, «қазан шұңқырларынан» қаша-қаша екінші нысанға да ат тұмсығын тіредік. Журналистер көрсін, мақтап жазсын деп әкелген болу керек әкімдік қызметкерлері. Құрылысы 2021 жылы басталған «Кеген Мяспром» ЖШС-ға үкіметтен 4,5 млрд теңге бөлініпті. Төрт ауданның мал ұстаған шаруаларына арналған үлкен жоба деп таныстырды компания өкілі.
«Базис» компаниясының вице-президенті Тоқтар Баймолдаевтың айтуынша, зауыт – ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған көрінеді, тәулігіне 25 тонна ет өндіруге қауқарлы екен.
«Қазір Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында мал өсіретін 3000-нан аса шаруа қожалығы бар. Бұл аудандарда әзірге мұндай ет өңдейтін зауыт жоқ. Сондықтан тұрғындар мал бордақылап, комбинатқа өткізуге тапсырыс ала алады. Зауыт жұмыс жасаған уақытта мал бағасы қымбаттайды, шаруалар тентіреп мал сатпайды, бәрін біз қабылдаймыз. Себебі зауыт мемлекеттік субсидия негізінде жұмыс істейді. Біз бордақыланған малдың жем-шөбіне, өткізілген еттің әр келісіне субсидия алып отырамыз. Сондықтан шаруалардан етті қымбатқа аламыз», – деді.
Шаруаларға жұмақ орнататындай желпіне сөйлеген Баймолдаев әуелде малшылардың етін қымбатқа аламыз, мал бағасы қымбаттайды деп тұрған, сөз арасында «талапқа сай ет қабылдаймыз» деп қалды. Қандай талап екенін де сұрадық. Өзінің аңдамай сөйлеп қалғанын аңдап қалған Баймолдаев сөзінің соңын жуып-шайып жатыр. «Зауыт толық жұмыс жасаған уақытта ет бағасы белгіленеді. Сапасыз, талапқа сай келмейтін ет деген әңгіме болмайды, өйткені бізде еттің бірнеше түрлі өнімі дайындалады, арық малдың еті шұжыққа жарайды, әрине оның өзіндік бағасы бар, жеті жүз теңге бола ма, мың теңге бола ма, оны сол кездегі баға анықтайды», деп сырғып түсті.
Кейін қанықсақ, бұл өзі бір қызық жағдай екен. Біз сөзге тартқан тұрғындар жергілікті малдың етін болмашы тиынға шұжыққа қабылдайтынын айтады. Ауданның белсендісі Мақпал Шадан да бізге осыған сарындас әңгіме айтты. «Біздің сиырдың еті талапқа сай келмейді екен, комбинатқа асыл тұқымды сиырдың еті керек көрінеді. Қысқасы, қарапайым халыққа зауыттың пайдасы аз сияқты» дейді.
Сонда бұл ет зауытын кім үшін салып жатыр? Жергілікті халық Кегеннің Тасашы, Райымбектің Сарыжаз ауылдарының маңында әлдебір дөкейдің етті қара тоқал сиырлары бар екенін көптен бері айтып жүр. Ел құлағы елу, жұрттың аузына кім қақпақ болсын, жұрт арасында «Құлыбаевтың қорасы», «Құлыбаевтың қара тоқалдары» деген әңгіме желдей еседі. Сонда төрт-бес мың қара сиыр үшін бірнеше миллиард теңге шығындап зауыт салу қай қисынға келеді?
Қисынға келмейтін екінші әңгіме бар мұнда. Тәулігіне 25 тонна ет аталған төрт ауданнан табыла ма? Қарапайым математикалық амалмен қосып-алып, көбейтіп көрдік, зауытқа тәулігіне 25 тонна ет керек болса, айына 750 тонна ет өндіріледі екен. Шаруалардың қолындағы жергілікті бір сиырдан орташа есеппен 160-200 келі шығады десек, бір айда – 3700-4600 бас сиыр сойылады деген сөз. Кеген ауданында былтырғы есеп бойынша 27 мың тұяқ сиыр бар деп көрсетілген. Оның бәрі қасапқа кірмейтінін ескеріңіз! Жақсы, Кегенде 5 мың, Райымбекте 5 мың, Ұйғыр ауданында 5 мың, Еңбекшіқазақта 10 мың бас сиыр бордақыланып, сойысқа дайындалады дейік, 25 мың бас мүйіздіні бес айда жәукемдеп тастайды екенбіз. Зауыт ары қарай малды қайдан алады, өңделген еттің бәрін қайда салады? Бұл да алдын ала есептелмеген, жоспарланбаған шаруа сияқты.
Тіпті зауыт толық жұмыс жасаған уақытта тұтас Алматы облысы комбинатты шикізатпен қамтамасыз ете алмауы әбден мүмкін. Осы күдігімізді зауыт басшысына жеткіздік. Тоқтар Баймолдаев та ондай қауіптің барын мойындап отыр. «Сиыр таппай қалуымыз мүмкін, сондықтан да бұл зауытта тері, жүн өндірісін де қолға аламыз» дейді. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Қостанайдан да осындай бір ет зауыты ашылып, бір айда бірнеше жылдың нормасын орындап, ақыры жабылып тынған болатын. Оның үстіне, Кеген ет зауыты сеніп отырған төрт аудандағы мал басы да мәз емес. Егер бұл зауыт малды аймақ саналатын Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Қостанай облыстарынан ашылса әңгіме басқа. Ал мал ұстайтын кегендіктер мал қымбаттайды деп, мал ұстамайтын кегендіктер ет арзандайды деп мәз болып жүр.
Бала күнімізде еститін:
«Барып едім Кегенге,
Кеген – жақсы дегенге.
Тары тұрмақ талқан жоқ,
Суға шылап жегенге», –
деп келетін бір қыжыртпа болушы еді. Ет өңдеу зауытын ашып жатқандар бұл аймақтың сиыр тұқымдасын тауысып болған соң, осы өлеңді сәл өзгертіп айтып, тайып тұра ма дейсіз.
Жарас Кемелжан