Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:20, 29 Шілде 2021

Келді де, кетті

None
None

Әңгіме 

Асүйдегі аяқ тықырын жазбай таниды. Оу, өзінің де олай дөңбекшіп, былай дөңбекшіп, манадан бері күтіп жатқаны осы емес пе?! Сағатына қарады. Тура кешегі уақыт. Терезе пердесін былайырақ ысырып, көшенің арғы басындағы ұзынша тротуар бойымен арлы-берлі ағылған адамдарға бір нәрсе айтқысы келгендей тамағын кенеп, біразға дейін қарап тұрды. Жүрегі алқынып, аузына тығылғаны несі ит жегір?! Бұған не жорық, күректей алақанымен сол тұсты немкеттілеу сипады. Күні кешеге дейін зәулім қаланың дәл ортасындағы зиялыларға арнап соғылған алты қабатты әшекейлі үйдің ауласынан қолтығына пәпкісін қыстырған Құрманбек те бір бүйірлеп соларға қосылар еді-ау. Академияның экономика ғылыми зерттеу институты тура иек астында. Өңшең оқымыстылар  жиналған жердің әуселесін білесіз ғой, институттың емен есігі сарт-сұрт, қызметкерлер керіліп-созылып үздік-создық келе береді. Үйі іргеде болса да Құрманбек жұмыс орнына ерте барғанды жөн көреді. Әлде...(Мұндай қожанасырлығын өзінен басқа кім түсінуші еді) әлгі тобырдың арасынан біреулер суырылып шығып, танысын-танымасын қарсы келгендердің жүзіне күле қарап, жылы амандасып, содан оларды жанынан өткізіп жібергенше жүрісін баяулатып, ілбіп келе жататын Құрманбекті көре сала жүгіріп келіп, құшақтай алатындай елестейді. Жолдан былай шығарып алып, ал келіп, қос қолын құшырлана қыссын-ай; небір жүрек тебірентерлік сөздерді айтып, айналып-толғансын-ай! Құрманбектің де жонарқасы жіпсиді. Бір құдіретті күш аяғын жерден ажыратып, ақша бұлттардың арасына қарай ұша жөнелетіндей.

         Оның да себебі бар, болғанда қандай! Кәне, құдайшылығыңызды айтыңызшы, кімнің ғылыми мақаласы Германия мен Англияның айтулы журналдарында жарияланып жатыр? Жан-жағыңа қараңызшы, Құрманбек өзінен басқа тірі жанды көре алмайды. Жалғыз. Тіпті аузымен құс тістеген академиктерің де Құрманбектің жанында жіп есе алмай қалды, әнекей!  Республиканың күллі экономикалық көрсеткіштерін шемішкеше шағып, оны әлемдік масштабта безбендеп, нарық жағдайындағы ахуалды қолмен ұстатқандай дәлелдеп, аздаған жетістіктерді қоя тұрып, ілгері жылжуымызға кесе көлденең тұрған кемшіліктерді көзінен тізіп және оны жалпақ жұрттың талқысына салған Құрманбектен басқа жаужүрек оқымыстыңды тауып берші, кәнекей?! Жоқ қой, жоқ! Бұған келгенде әріптестері екіге жарылады; біреулері «бәрекелді» деп арқасынан қағудың орнына: «байқа, тым батырсынба бауырым, бүгін бе, ертең бе, өз ішімізде, өз күшімізбен орнына қойылатын кемшіліктерімізді ашық айтып, өзгелерден сүйінші сұрауың ­­̶  бізге жасаған жаулығың!" деп көрер көзге бірнәрселерді көңірсітіп келе жатады да, кілт етіп теріс бұрылады. Құрманбек аң-таң; кеше ғана тонның ішкі бауындай араласып-құраласып, реті келгенде… әсіресе, азын-аулақ жалақы қолға тиген күні екі-үш күрешкеден сыралатып, арқа-жарқа  әзілдесіп жүретін «достарының» өзі неге екенін қайдам, әсіресе, шетелдік журналдарға мақаласы шыққалы бері біреу ұстап алатындай, мұның жанынан алыстай берді. Екінші топтағылардың дені жастар, Құрманбектің мақалаларын құдды өздері жазғаннан бетер. Әлдебір жиналыстарға қатыса қалса, ақбас академиктердің жасына, сіңірген еңбегіне қарамай, сөйлеген сөзі жаттандылыққа ойыса бастаса мінбеден сүйреп түсіргендей, бәрі жабылып қол шапалақтап, еден тепкілеп, одан әрі ойын аяқтауға мұрша бермейді. «Сөз Құрманбек Айтуаров мырзаға берілсін!» Құрманбек жерге кірердей ыңғайсызданады. Осындай «спектаклді» алдын ала өзі ұйымдастырғандай, жиналыс төрағасына жалтақ-жалтақ қарап, «менің бұған қатысым жоқ» дегендей иығын қиқаңдатады. Залда тыныштық орнайды. Төраға ыңыранады: «көпшіліктің қалауы осы болса біз не істейміз? Ендеше Айтуаров-ақ сөйлесін. Бәріміз соны тыңдайық...» Құрманбек орнынан әрең көтеріледі. Соның артынша мынадай қатаң ескертпе де маңдайына сарт етіп тиеді: «Айтуаров, оппозициялық көзқарастан арыл. Үкіметті сынағанның бәрі данышпан емес, үй артында кісі барын ұмытпа!»

         Экономика төңірегіндегі деректер мен цифрларға толы Құрманбектің басы құдды есептегіш мәшине. Шатаспайды. Әрбір саланы өрге бастыру үшін не істеу керектігін де роботтай сартылдатады. Елдің әл-ауқатын жақсартуға жәрдем ететін жүйелердің әліге дейін жемісті жұмыс істемей, керісінше шетелдік келімсектердің ығына жығылуға бейім тұратын «екіжүзді» әрекеттерін сынағанда бар ма, бір пенде: «мұның артық» деп түзету енгізуге құлшыныс танытпайды. Көпшілігі ұйып тыңдайды. Институтқа жеткенше өзі үміттенгендей мұны ешкім де жолынан қалдырып, әрнені сұрап, артынша ғылыми жетістіктері үшін арқасынан қағып, жалбақтап жатпайды. Е, мейлі, оған иненің жасуындай ренжісеші. Сол көшедегі мың-сан адаммен бас изесіп амандасқаны  ̶  кәдімгідей дәтке қуат.

         Асүйдегі аяқ тықыры үсті-үстіне жиелейді. Мұнан артық жүрек тебірентерлік қуаныш бола ма-ай?! Құрманбектің ертең атын шығаратын немерелері әне, балабақшаға бару қамында. Атын шығарар, шығармас қалай десе де, солардың құлдыраңдап аман жүргендері олжа. Әжесінің де бар тілегі солардың үстінде, айналып-толғанып жүргенде келінінің күн сайын шегелеп айтатын ескертпесін де естен шығарып алады: «Жә, аяқтары салбырап аспаннан түскендей айта береді түгелер! Бала алдымен үйден оразасын ашуға тиіс. Содан соң балабақшасы бастарына алтын құйса да мейлі». Ал келініне салсаң, қайдағы жоқ ақырзаманды үйіп-төгеді: «Апитеті құриды. Тәтті дәмнен татып алмайды. Сонша ақшаны бекер төлеп жүрміз бе?» Сондағысы екеуіне ішкізетін бір-бір кесе қанжылым сүт.

         Құрманбектің де дегбірі қашады. Асығыс киінеді. Баласы мен келіні оянып кетпей қарасын батырғаны абзал. Әйелінің немерелеріне жаны ашып, жылы сүт ішкізгені дұрыс-ау, бірақ мына тірлігін онша құптамайды. Адам-ау, етектеріне оралып жатқан көп бала емес, екі түйір жаман неменің сырт киімдерін алдын ала дайындап қоюға болады ғой. Қап, мына бар болғырдың қарадай қарап жүйкеге тиюін-ай! Еденді ойып жіберетіндей дүңкілдетіп төргі бөлмеге жүгірді, дәліздегі шкафтың есігі де сан мәрте ашылып жабылды.

   ̶  Не ғып тұрсың?  ̶  Күйеуіне бір түрлі алакөздене қарайды.

         «Не ғып тұрғаны қалай?» Денің сау ма, құрымағыр?!»  ̶  Ең болмаса әйеліне де дауыс көтеріп, көкірегіндегі ойды түгел жеткізе алмай, ишарамен аңғартқаны нағыз бейшаралық еді. Бар кінәсін осы қызметімен ақтағысы келгендей, біреу мәжбүрлемесе де «мұнан былай балабақшаға немерелерімді өзім апарайын» деген адал ниетіне ризашылық білдірген біреу болсайшы! Ай, өзін де өлтіретін адам жоқ, шектен шыққан елпекбай, қас-қабағынан сес түгілі оның жұқанасын таппайсың.  Басқа-басқа, бәрінен бұрын мына әйелдің әкіреңдегені несі-ай, а?!

   ̶  Күн жаумай ма?

  ̶  «Қайдан білейін, құдаймен күнде сөйлесіп тұрады ғой деймісің?!»

   ̶  Қолшатырды ұмытпа. Жүк көтеріп жатқан жоқсың, азар болса қайта әкелерсің.

         Құрманбек екі немересінің қолынан мықтап ұстайды да, цемент басқышпен төмен құлдилайды.

                                                    -2-

         «Бұл не сорақылық? Мұндай жаман әдеттен қашан құтыласың, а?!» деп өзін қанша қарғап-сілесе де, одан әзір айығатын түрі байқалмайды. Балабақшадағы жағдай белгілі, жұрт асығыс, қақпа алдында алым-берімсіз селтиіп тұрсаң, біреулердің тусыртыңнан қағып өтуі әбден мүмкін. Не дейсің, дұрыс оныкі. Ілініп-салынып қашан барсаң да басшылық тарапынан ескерту жасалмайтын, ескерту түгілі барсың ба, жоқсын ба деп тексермейтін Құрманбек секілді жайлы мекемеде жұмыс істемеген соң елдің қызметтен кешікпеуі заңдылық, әрине! Сондықтан жолды бөгеме. Сенің атынан ат үркетін ғылыми дәрежеңнің құны көк тиын бұл жерде. Кішкентайларды тәрбиешінің қолына тапсырып, келесі аялдамадан автобусқа іліккенді айтыңыз.

         О, құдай шебер-ай, Құрманбек сорлыға шынымен не көрінген, а?! Мақтаныш па мұнысы, әлде ғылым саласы қаншалықты тоқыраса да біраз шаруа тындырған біз жүрміз ғой орталарыңда дейтін тоқмейілсу ме, дұрысы оның арғы астарына өзі де тереңдемейді. Бірақ біреулердің арт жақтан келіп, оқыс иығынан нұқып қалғанын жақсы көреді. «О-хо, Құрманбек Айтуарович… Апыр-ай, сізді ойда-жоқта балабақша ауласынан жолықтырамыз деп кім ойлаған. Біз сізді… әрдайым алдыңғы қатарлы ақыл-ойы дамыған әлемдік оқымыстылар бас қосқан симпозиумдардың мінбесінен көргіміз келеді. Сіз қайда?!..» Дұрыс-ақ, Құрманбекті танитындар мен танымайтындар осындай қысылтаяңда оқымысты кісіні әжік-гүжік әңгімемен алдарқатып қайтеді. Кейін кең отырып пікірлесетін де жағдай туар. Бәлкім, біреулер Құрманбекті көргеніне шүкірлік айтып, алда-жалда осы кісі аман жүрсе үйіне шақырып шай ішкізуді, балаларымның болашағы үшін батасын алуды да жоспарлайтын болар. Иә, қалай дегенде де, кез келген пенденің Құрманбек жөнінде айтсам деген бір ауыз тілек-пікірі бар. Тіпті оны құлағының түбіне аузын тақап, айқайлап айтудың да қажеті шамалы. Сондай сөздерді естіп келе жатырмын ғой деп, соған сенім білдірудің өзі неге тұрады?!

         Асығатын не бар, немерелерінің оны-мұнысын жинастырып, тәрбиешілермен тілдесіп, балабақшадан елдің соңынан шығады. Барлығы үйдің төңірегінде, бой жазып серуендеуге таптырмайтын маңай. Шоқан ескерткіші ­– ғажап мүсін. Жо-жоқ, оның тура академияның қарсы бетіне орналасқанын айтудан аулақ, бәлкім киелі мекенге кіріп-шыққан алдымен не істеп, не қойып жүргені туралы ұлы ғалымға есеп берсін деп осы мақсатпен де қойылуы мүмкін ғой. Басқаларда жұмысы не, ал өзі ескерткішті екі-үш айналғаннан-ақ терең ойдың тұңғиығына шым батады. Біршама іс тындырғаны рас, осы тұсқа келгенде ұлы ғалымның тас мүсіні орнынан сәл «қозғалып кетеді» де, Құрманбекті қолтықтай алып, жанындағы жайдақ орындықтың біріне жайғасады-ей: «Білем, бәрін білем, мына сарғыш зәулім сарайды күні-түн  кірпік қақпай не үшін күзетіп тұр деп ойлайсың?! Кімнің не істеп, не бітіріп жүргені маған бес саусақтай белгілі. Сенің әлі де жаңалық ашуға мүмкіндігің мол. Уақытты ырың-жырыңмен босқа өткізбе, пайдаға асыр. Тілекшің болудан шаршамаймын...»

         Әп, бәлем, қалай-қалай сілтейді-ей, а?! Құрманбектің де бой-сойы жеңілденеді. Тағы да бір нәрсе дәметкендей тас мүсінге тесіле қарап, отыра тұрайыншы дейді. Мүсін орынында. Анау-мынауға міз бақпайды. Ұлы ғалым дұрыс айтады: ойсыз-қамсыз, бір нәрсеге жәрдемін тигізбей, ың-шыңсыз іргелікке барып  батқан күн – өлген күн. Оның орнын енді ешнәрсемен толтыра алмайсың… Жә, жұрттың бәрі білетін, жұрттың бәріне түсінікті жарапазанды ежіктегеніне жөн болсын! Ұшып түрегелді. Екі қолын артына ұстап, әудем жерді олай-былай кезгіледі. Әйеліне несіне ренжиді. Соңғы кездері оның да жүріс-тұрысынан бір жайсыздықты аңғарады. Жалтақ. Басы бүтін баласы мен келінінің жағына шығайын десе Құрманбекті аяйды. Кейбір түні аһылап-укілеп көз ілмей шығады. Адам-ау, жақсы-жаманды көріп, өлшеулі ғұмырдың біраз бөлігін артқа тастаған кісі осыған да шүкірлік айтып, алдағының ащы-тұщы дәмін татуға үмітті болса, соған аман-есен жетейін деп, өзін күтіп, жүйкесін жұқартпай тып-тыныш өмір сүрудің жай-жапсарына  қам жасамас па?! Үстінде үйі, аш-жалаңаш емес, ішім-жемі жеткілікті. Бұлардан да нашар тұратын ел қанша. Алданышы бар, ғылыми орта әлі күнге дейін ұмытпайды, ақыл сұрап, іздейтіндердің қатары баршылық. Осының өзі бір пендеге аз бедел ме? Бұдан артық тағы не керек? Ай, Құрманбек, Құрманбек, ақыл тоқтатпаған бөзөкпе секілді ұшып-қонбай ұстамды, салмақты болсаңшы!..

         Әйелі баласы мен келіні жұмыстарына кеткен соң мұны қашан келер деп, терезеден төмен қарап, асыға күтеді. Тамақтың дәмдісін, шайдың қоюын кейінге сақтайды. Әйтсе де Құрманбек жуық арада көрінбейді. Бір шыны аяқ кофе институт асханасынан да табылады.

                                                       -3-

         Күндегісі осы, мәшиненің артқы орындығына жайғасқан бойда келіншегі алақандай айнаны ала сала бет-аузын сылап-сипауға көшеді. Құрманбектің ұлы сүйіктісін жақсы көреді, жақсы көрген соң соның дегеніне көніп, үн-түнсіз жүре береді. Бір айдың о жақ-бұ жағында істеп жүрген қызметінен аяқасты босап қалды. Басшылар оның себеп-салдарын ашып айтпады, өзі де тықақтап сұрамады. Қысқартудың әлегі. Бірақ пәленбай жыл бір мекемеде табан тайдырмай тұрақты жұмыс істеген, жұмыс істегеннен бұрын үндемей жүрсе де ұжымның үлкен-кішісіне ұстамды мінезі, әрі жаңашылдық іс-әрекетімен ұнаған Құрманбековтың қысқартуға бірден іліккені қалай?.. Ал мұражай директоры аузына су толтырып алғандай үнсіз. Өзі де қолды-аяққа тұрмайтын мазасыздау кісі еді. Денесі шымыр, әрі жеңіл, бір мәселенің шешімі табылмай қиналып жатса, алдында жұп-жуан хатшы қыз отырғанын елемей,  кабинетке алқын-жұлқын жетіп келетін де: «Құрманбеков, келіп кетші, ақылдасатын шара бар» дейтін еді. Бастығы шақырса ләппәй. Кең бөлмеге кіріп келе жатып, бұл да кеудесінде жаны бар пенде екендігін сездіріп үлгіреді: «Алдыңызда бөксесі бір құшақ хатшыңыз отыр, соны жұмсамайсыз ба? Өзіңіз ойын баласы секілді жүгіресіз де жүресіз». «И… и, бауырым-ай, ол хатшы орнынан тұрып, ыңыранып саған жетемін дегенше, мен саған екі барып, екі келмеймін бе?..» Әзілге ұқсас диалог осымен тынады.

         Ақылдасатын шаруаның жүгі салмақты. Мұражайдың бір жылдық бюджетін бас есепшіні араластырмай өз әлінше есеп-қисабын шығарып, керекті құжаттарды жамбасына басып, тымпиып отырмақшы. Бұл өзгелерге сес, яғни «бастық қаржыға келгенде де қамшы салдырмайды». Миллиондаған теңге, шым-шытырық деректерге  екеуінің әлі жетпес, сірә. Түс ауғанша тыраштанады, бірақ нәтижесіз. Тершіген маңдайын сүрткілеген директор кенет кеңкілдеп күледі: «Білемісің, сенің әкең менің жан жолдасым ғой. Құрекеңнің менсіз де шаруасы шашетек. Қинамайыншы-ақ дегем, амал нешік. Азар болса бір-екі сағат ұйқысы кем болар. Мына қағаздарды әкеңе апарып бер. Есептесін...»

         Кабинеттегі оны-мұнысын жиып-теріп, сөмкесіне салып алған соң әкесінің «жан жолдасы» — директордың қабылдау бөлмесінде қара-құра көпшіліктің арасында тұрып, біраз ойланды. Бір жағынан арыз айтуға келгендей қиналды. Басшыларға тән үйреншікті жауап белгілі: «Түсіндім. Абыр-сабыр басылсын. Ешнәрседен қам жеме. Бәрі дұрыс шешіледі. Өзіміз хабарласамыз. Үйге барып, дем ала бер». Кірмеді. Есікті жайлап жапты да, сыртқа беттеді.

         Кей-кейде келіншегінің бұртаңдағанына қарамай «мен дұрыс істедім» деп өз-өзіне кәдімгідей риза болатыны бар. Ондайда көңілі көтеріледі, ыңылдап бір әуеннің қайырмасын қайталағысы келеді. Қысқасы, мұражайдағы әжік-гүжік қызметті көзді ашып-жұмғанша таксистке айырбастап жіберді. Ақылды адам алдымен өзі үшін тірлік жасауы керек. Жаны тыныш, ертеңгілік апыл-ғұпыл жұмысқа барамын деп асықпайды. Тек келіншегі үшін ғана ерте тұрады. Жаман үйреткен өзі. Бұрындары қыңқ деместен томпаңдап, жұмысына жүре беруші еді. Қазір мәшинеге мінгенді жақсы көреді.

         Келіншегі әдеттегіше артқы орындықта шайқатылып келе жатып, шаруасын бітіреді. Күйеуінің таксист болғанын асылы ол да жек көрмейтін тәрізді.

  ̶  Әдемісің!  ̶  Күйеуі маңдайшадағы айнаны келіншегіне туралайды.

   ̶  Енді байқадың ба?  ̶  Ол да қылымсиды. Бетке жағылған опа-далаптың үстін үлбіреген ақ мақтамен сүрткілейді. Жасанды кірпіккке қара бояу жағады. 

     ̶  Байқа, біреулер қанжығасына өңгеріп кетіп жүрмесін.

         ̶  Қызғанамысың?

         ̶  Гүлдей құлпырған сендей қатын қызғанбасыңа қоя ма?!

         ̶  Үйде жүргенде ғой...

         ̶  Не «үйде жүргенде».

         ̶  Ұйқыдан бас көтермеуші ең...

         ̶  Жұмыс қой, план орындау  керек. Таксистің мұраты – табыс табу.

         ̶  Бұрын мұндайың жоқ-ты.

         ̶  Үйрендік қой. Қап!.. Заказдың көбейіп тұрғаны-ай!

         ̶  Әйтпесе?..

         ̶  Қала сыртындағы тоғайға алып кетейінші деп ем...

         ̶  Бұл жаңалық, үлкен жаңалық әрі құлаққа жағымды жаңалық.  ­­--  Келіншегі қолаң шашын алтын сырғалы құлағының артына қыстырады. Сыңғырлай күледі. Күлкісі де біртүрлі, кісіні сарсаңкесек күйге түсіреді-ей!..

         ̶  Мен сенің жұмыстан неге және қалай қысқарған себебін түсіндім.

         ̶  Иә?

         ̶  Бәріне әкең кінәлі.

         ̶  Қалайша, қайтіп?..

         ̶  Оны үйге барған соң асықпай түсіндіремін. Кешкісін сол уақытта осы арадан алып кет.  – Келіншегі айналы ғимарат жанынан түсіп қалды.

                                                       -4-

         Не істеп, не бүлдіріп қойды? Терезесі темір торлы мәшине қорабында бірнеше кісімен бірге селкілдеп белгісіз бағытқа бет түзеген Құрманбек жанындағыларға сүлесоқтау назар жықты. Оларға екі дүние бір қадам; ауыздарында резина сағыз, бір-бірінің құлағына әлденелерді сыбырлап, артынша мәз болып, жыртыңдап күледі. Танауға жылтыратып бірнәрсе жапсырған. Шаштары дода-дода, кейбірі екі шекесін тықырлап қырғызып, қалғанын төбесіне шөмеле ғып түйіп қойған. Жынысын айыруың екіталай. Құрманбекке оның қажеті қанша. Аздаған өкінішін жасырып қайтеді. Экономика саласының айтулы білгірі, оқыған-тоқығаны мол, демократиялық үрдісті пайдаланып қандай ортада болмасын, ойын ашық айтатын әтібірлі азаматты өстіп те қорлауға бола ма екен, а?! Іле-шала сабасына түседі. Көре қал, сәлден соң барлығы ойдағыдай шешіледі. Бұлардың бастықтары  мәшинеден тәлтіректеп түсіп келе жатқан Құрманбекті көргенде естері шығып, аяқ астынан әбігірге түсер-ау; білместігін беттеріне басып, біреулердің жер-жебіріне жетер-ау. Тіпті осы қылмыстары үшін шен-шепкендерін де төмендетіп жіберер. «Бұл не масқара, Құрманбек Айтуаров мырзаны!..»  Әлдекімнің қолын алмақ түгілі, ауыз ұшымен сәлемдесуді де артық қимылға санайтын мекеме меңгерушісі Құрманбектің алдында құрдай жорғалайды: «Кешіріңіз, біздің тараптан бір кемшілік кетті...» Бүгінгі көрген азабынан қорытынды шығарып, иегін көкке көтеріп, басқа образға кіріп кететін Құрманбек қайда?! Меңгерушінің иілгеніне дән риза: «Тым қатты кетпеңіздер, кемшілік жібермейтін пенде бола ма. Олардың да отбасы, бала-шағасы бар шығар. Байқаңыздар»… Сөйтіп, екі-үш әскери жігіт жеңіл мәшинемен Құрманбекті үйіне жеткізіп тастайды.

         Соңғы уақытта барар жер, басар тауы қалмағандай әлденеге наразы топ қолдарына плакаттарын ұстап, сырнайлатып, кернейлетіп Шоқан ескерткіші маңынан табылатын болып жүр ғой. Және ай сайын. "Қарақтарым-ау, бұл өңшең оқымыстылар жиналатын киелі орын еді. Талай толғақты әңгімелердің тиегі осы жерде армансыз ақтарылатын. Ана бұрыштан таяғына сүйеніп, Гер-ағаң келе жататын. Гер-ағаң секілді нағыз зиялыны енді қанша жерден ойбайласаң да таба алмайсың. Гер-ағаң жоқ, тек көңілге демеу – кешегі өзі отырған орындықта тас мүсінге айналған жарқын бейнесі ғана  менмұндалайды...» Құрманбектің манадан бері Шоқан ескерткішінің маңында айналсоқтап жүргені — түстері бөтен біреу-міреулер кезіксе осы жайды түсіндірмекші-тін. Және осылай істегенім жөн ғой деп, көптен ойланып та жүрген-ді. «Бәлкім, ереуілшілердің де мұрат тұтқан бір мақсаттары бар шығар. – Ізінше жұмсарады, — Әділдікті Шоқан ескерткішінің маңынан іздемегенде қайдан іздейді? Ескерткіш түбінде тұрған адам жалған сөйлеуге құдайынан қорықсын. Шындықтың шырқау биікке көтерілер мекен осы маң!» Көңілге қонатын-ақ тұжырым. Құрманбек адымын жылдамдатып, жұмыс жағына қарай бұрыла берген.

         Әне, әнекей, үлкен көшенің арғы басынан бері бұрылған даурыққан жұрт жолындағының бәрін таптап кететіндей, алқын-жұлқын қимылдап ескерткішке таяп қалды. Сірә, ереушілері осылар болар, дені жастар. Бесіктен белі шықпай жатып, бұлардың қабырғаларын қақыратқан қандай мәселе; елдің назарын неге аударғылары келеді; биліктен нені талап етеді? Әлде демократияның жолы осы екен деп, әлдекімдерге еліктегенсіп елерменің күйін кешсе, бұ шіркіндердің қас пен көздің арасында арандап қалуы түкке де тұрмайды. «Бұлар не айтар екен?» --  Құрманбектің де қызығушылығы оянып, сәл аялдады. Бұрын-соңды халық санасына сіңбеген тосын ойлар ортаға тасталса, неге тыңдамасқа. Белсенділер ескерткіш тұғырына арқа сүйегендей бірінен соң бірі шығып, қолдарын арлы-берлі сермеп, тоқтаусыз сөйлеп жатыр. Аса бір таңғалатындай оқыс пікірді құлағы шалмаған соң, айқайшылардың шетіне қарай ысырылған. Пікірлердің дені қайталау, талай мәрте айтылған, тағы қанша айтыларын кім білсін.

         Кенет жау тигендей терезесі темір тормен тұмшаланған жабық мәшине ішінен сау етіп түскен қара киімді полицейлер дереу ереушілерді бөліп-бөліп қоршауға алсын. Құрманбек те солардың ішінде кетті. Қоршаудан әрі-бері шығуға әрекеттеніп еді, беттеріне қара перде таққандар «үлкен кісі екен, қинамайық» дейтін рақымшылық сыңай байқата қоймады. Қоршау ішіндегілер азан-қазан; айқайлайды, шыңғырады, әлдекімдердің әдрістеріне былапыт сөздерін жаудырады. Құрманбек одан сайын мазасызданды. Әйелінің жылы-жұмсағын жеп, шайдың қоюын ішіп, терлеп-тепшіп рақат күй кешетін кісінің қайдағы жоқ пәлеге тап болғаны-ай! Барған сайын қоршаудың аумағы кішірейе берді. «Мейлі, қайда апарса да мына «түрмеден» тездетіп құтылса екен». Мәшиненің артқы есігі ашылды да «өңшең қылмыскерлерді» қолтықтан демеп, жығылған-сүрінгеніне қарамай темір торлы қорапқа тиеді.

                                                    -5-

         Көрші бөлмеде кеше өзінен жауап алған тергеуші бір дөкеймен сөйлесіп отыр.

         ̶  Құрманбек Айтуаровты не істейміз?

         ̶  Өздерің шешіңдер.

         ̶  Өздерің шешкенде… алдымен сіздермен ақылдасып алайық деген ой. Кейін бізге «неге босаттыңдар?» деп ұрысып жүрмесеңіздер...

         ̶  Босатқанда… сәл тоқташы. Өзімен сөйлестің бе?

         ̶ Сөйлестік, «Мен ереуілге қатысқан жоқпын» деп ат-тонын ала қашады.

         ̶  Қатыспаса ол жерде боқ бітіріп жүр ме?

         ̶  Соны айтам да...

         ̶  Балабақшаға немеремді апарып келе жатқам дейді.

         ̶  Немересін апарса апарсын, ал сонан соң үйіне тура тартпай ма?

         ̶  Соны айтам да...

         ̶ Сендер… тым жалпақшешейсіңдер. Біреуді аяйсыңдар, біреудің кінәсі болса да оны мойындата алмайсыңдар… Боссыңдар. Істеріңнің бәрі былқ-сылық, шала. Соған қарамай шен сұрайсыңдар, тоқсан сайын премия сұрайсыңдар… Немене мемлекеттің ақшасы есепсіз шашылып жатыр ма? Бір шаруаны аяғына жеткізбейсіңдер...

         ̶  Енді… мына кісінің елге сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз ғой.

         ̶  Қандай еңбегін айтып тұрсың?

         ̶ Экономист. Біраз шәкірт тәрбиелеген. Мақалалары шетелдік журналдарда жарияланған. Оқу орындарына, түрлі мекемелерге барып лекция оқыған.

         ̶  Бір лекциясын тыңдадың ба? Шетел журналдарында жарияланған мақалаларын оқыдың ба?

         ̶  ?

         ̶  Оқымасаң не оттап тұрсың?! Ал біз ол мақалалардың бәрін аудартып түгел оқығанбыз. Шетінен бізді қаралау. Экономикалық өсімді көре алмайды. Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда көңіл көншітпейді-міс; жағдайымыз неге Сингапурмен теңеспейді-міс; қазақтар арабтар секілді мұнайдан түскен пайданың неге қызығын көрмейді-міс; ауыл әлі ауызсуға жарымай отыр-мыс… Айтуаровтың лекциясының тақырыбы тек осы төңіректе. Ал сөйткен «шешенге» сендер шаң жұқтырмайсыңдар.

         ̶  Біз о жағын қайдан білейік. Митингіге кездейсоқ қатыстым деген соң, үлкен кісінің айтқанына сендік.

         ̶  Кешірім сұрады ма?

         ̶  Не үшін?

         ̶  Сенің басың дұрыс жұмыс істей ме өзі? «Не үшін?» Ең болмаса енді ереуілге қатыспаймын деп уәде берді ме? Ал Айтуаровтың жұмысы тура Шоқан ескерткішінің жанында. Жұмыс уақыты...

         ̶  Ереуілшілердің шашбауын көтергісі кеп, сол жерге саналы түрде аялдаған демекпісіз?

         ̶  Енді не деп ең? Бәлкім, солардың ішінде мүдделестері де болған шығар. Олар жастарды қақпанға түсіруге шебер. Дұрыстап тексермегенің осыдан-ақ көрініп тұр.

         ̶  Онда тексерісті әрі жалғастырайын.

         ̶  Сүйт, өзінің денсаушылығы қалай?

         ̶  Изоляторда екі күн түнеді. Қыңқ деп бір жалыбы айтқан жоқ.

         ̶  Оған әлі аз. Шекесіне бір нәрсе тимейтін сорлы екен де?!.. Баласы қызметтен босады. О жөнінде ешнәрсе айтпады ма?

         ̶ Онысын естімеппіз.

         ̶  Тоқта, мәселе былай. Бірнеше күннен соң біздің елге басшылардың арнайы шақыртуымен Германиядан Нобель сыйлығының лауреаты, экономист Эдуард Швайгер келіп, жұрт алдында әлемдік нарық жайында лекция оқиды. Қазір өліп-тіріліп соған дайындық үстіндеміз. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Ал сенің әлгі батырың оның лекциясын тыңдап, тыныш отырады ғой деймісің?! Бүйректен сирақ шығарып, отырыстың шәт-шәлекейін шығармасына кім кепіл?.. Дұрыстап қараңдар. Шай-суын беріңдер. Айтуаровтың әзірге жылы орнын суытпағандарың мақұл. Түсінікті ме?

         ̶  Түсінікті. Бәрі айтқаныңыздай орындалады. О, кей!

         Телефон сымы қол тигізбей күйіп тұр.

                                                           -6-

         Ұшақтан түскен Нобель сыйлығының лауреатын үкімет мүшелері қала әкімімен бірге траптан күтіп алды. Көздері күлімдеген екі бикеш жаңбырдан соңғы ызғарлы ауа райына қарамай, ұлттық киіммен дірдектеп қонаққа бірі өзінің бойына шамалас бір құшақ роза гүлін ұсынды; екіншісі тұз бен наннаң табақшасын тарту етті. Орталықтағы қонақүйдің маңайы толған күзет. Қарапайым киініп, жұрт арасында елеусіз жүрген «үш әріптің» қызметкерлері қаншама. Нобель сыйлығының лауреаты біздің елге күн сайын келіп жатқан жоқ, есте қаларлық ескерткіш сыйлау – биліктегілердің шаруасы. Ол кісінің уақытына байланысты мәдени шаралар маршруты талай мәрте сүзгіден өткен. Бурабайдың, не Баянауылдың тұмса табиғатын тамашалаймын десе тікұшақ дайын. Барар-бармас, ал бара қалса дайындықсыз қапыда қалмас үшін о жақтағы атқамінерлерге мәселенің жай-жапсары мұқият тапсырылған. Атпен серуендей ме, әлде моторлы қайықпен айдын көл ортасындағы таңғажайып тас аралдарға шығып, жаяу аралағысы келе ме, оны өзі  шешеді.

         Лекция оқылатын орын біреу емес, бірнешеу. Олардың дайындықтары да ойдағыдай. Шақырылған қонақтардың тізімі әлдеқашан жасалып, шақыру билеттері таратылған. Тек бір нәрсенің басы ашылмай тұр, жиын ұлттық театрда өте ме, әлде опера театрында ма, бәлкім, жаңадан іске берілген балет сарайында. Мұның өзі сақтық шараларына деген жауапкершілік. Егер алқақотан басқосу өтетін ғимарат алдын ала белгілі болса, кімге соқтығарын білмей сандалып жүрген оппозиционер сымақтар тайлы-тұяғы қалмай, сол жерге ертірек барып, палаткаларын тігіп, қадірлі қонақты шимай-шатпақ  плакаттарымен «құшақ жая» қарсы алмай ма?! Тыныштық керек. Қонақ кеткен соң қалай даурықса да еріктері. Ас дайындауға Түркиядан аспаз шақырылды, сан түрлі көліктер сақалай сай. Аудармашылар қонақүйдің астыңғы қабатындағы люксте. Бірі жалықса істі екіншісі іліп әкетеді.

         Қонақ: «жол шаршатты білем, кішкене көз шырымын алғаным жөн болар» деп түс ауа есік пен төрдей келіскен кереуетке жантая беріп, есіне әлдене түскендей орнынан ұшып түрегелді. Қоңырауды басып, аудармашының бірін шақыртты.

         ̶  Сіз,  ̶  деп сызылды жап-жас жігітке.  ̶  Сіздердің ішкі істеріңізге араласуға менің құқым жоқ. Құрманбек Айтуаров деген мықты экономист ғалым бар сіздерде. Лекцияға шақырылды ма, шақырылмады ма, мен білмеймін. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, сол кісі ертең уақыт тауып менімен жолықса...

         Бұрын-соңды мұндай кездесулерге қатыспаған аудармашы тәжірибесіздігін бірден байқатып алды. «Қазір» — деп бөлмеден шығып кетті де, көп айналмай қайта кірді. Тәжірибесіздігі болмаса сөйте ме, оның орнында басқа біреу болғанда: «ол кісі ауылда жоқ, жол жүріп кетіпті» не, «сырқаттанып қалыпты» деп тіл ұшына оңай орала салатын өтірікті қыстыра салмай ма?!

         ̶  Ол кісі… ол кісі тұрмеде...

         ̶  Қалай, қалайша?!  — Кәделі сыйлықтың иегері мәселенің анық-қанығына өзім көз жеткізейін деп, қонақ қабылдауға бекітілген әрі неміс тіліне жүйрік комиссия төрағасымен ауызба-ауыз сөйлесті. Рас… Сол-ай! Лекцияны сонда кімдер үшін оқымақ?!

         Түн жарымында жиналып, такси шақыртып, әуежайға тартты. «Келді де кетті. Мұнысы несі?» деп зиялы қауым әлі күнге дейін аң-таң.

Тегтер: