Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:30

«Келешек мектептері» жобасымен салынған елордалық мектеп оқу үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді қолданып отыр

1

Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Келешек мектептері ұлттық жобасы аясында заманауи, қауіпсіз және тең білім беру ортасын қалыптастыру көзделген.

 Жаңа форматтағы осындай білім ордаларының бірі — елордалық №101 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда оқу процесіне қазіргі тәсілдер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтері белсенді енгізілуде. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Мектеп 2024 жылдың қыркүйегінде ашылған. Соның нәтижесінде маңайдағы білім беру ұйымдарындағы жүктеме азайып, сыныптардың шамадан тыс толуы қысқарды. Қазіргі таңда мектепте 3 764 оқушы білім алады, 136 сынып-комплект жұмыс істейді. Оқу екі ауысымда ұйымдастырылған. Жобалық қуаты — екі ауысымда 4 мың оқушыға дейін.

№101 мектеп жаңартылған білім мазмұны мен инклюзия қағидаттарын ескере отырып, сапалы әрі қолжетімді білім беруді қамтамасыз ететін заманауи білім беру ұйымы саналады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалып, арнайы кабинеттер, психологиялық демалыс аймақтары жабдықталған, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жолға қойылған.

Мектеп директоры Алма Жұмабекованың айтуынша, оқу процесінде заманауи технологиялар кеңінен қолданылады.

«Білім беру барысында интерактивті панельдер, цифрлық білім ресурстары, онлайн-платформалар, аралас оқыту және жобалық қызмет элементтері пайдаланылады. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қолдауымен мектепте жасанды интеллект технологияларын тікелей қолданатын бес пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар — Kepler Vision, Google Workspace for Education, Dana Tiin, Roqed AI және Just Edu», — деді мектеп басшысы.

Оның сөзінше, оқу орнында STEM бағытына айрықша назар аударылады. Физика, химия және биология пәндеріне арналған заманауи жабдықталған зертханалар жұмыс істейді. Робототехника кабинеті Spike Prime, Arduino, Rev Robotics, Fishertechnik жинақтарымен, гуманоид роботпен, дрондармен, VR-құрылғылармен және 3D-принтерлермен толық қамтылған. Бұл жабдықтар сабақ барысында да, сабақтан тыс уақытта да пайдаланылады.

Мектептегі оқу кеңістіктері әртүрлі форматтағы сабақтарға — зертханалық жұмыстарға, топтық жобаларға және пікірталастарға бейімделе алатындай трансформацияланған.

Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Олардың қатарында робототехника, STEM бағыттары, бейнелеу өнері және хореография бар.

Оқушылардың қауіпсіздігі кешенді түрде қамтамасыз етілген. Мектепте 191 бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың бір бөлігі елордалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Сондай-ақ электронды өткізу жүйесі мен автоматты өрт дабылы іске қосылған. Ата-аналар мен келушілер үшін кіру тек рұқсатнама және алдын ала тіркелу арқылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру жағдайларын теңестіруге, үш ауысымды оқытуды жоюға және ескірген білім беру инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.

Тегтер: