Келесі Конституцияны халық жазуы әбден мүмкін
Бұрынырақтағы бір мақаламда «Біздің елде заң да, мемлекеттік билік те бір ғана билік өкілдерінің қолында.
Олар қажет болса, жеке мүдделері үшін халықтың келісімінсіз Ата заңымызды да оп-оңай өзгертіп жібере алады, өзгертіп те жатыр. Алайда адам құқығын таптаудың небір түрлерін тауып, қара халыққа білгенін істеп келген құдіретті билік бір-ақ нәрсеге – халықтың өздеріне деген сенімі мен құрметін қайтаруға шамасы жетпей, діңкесі құрып, күн өткен сайын қадір-қасиетінен айырылып барады деп жазған екенмін. Енді міне, ол күн, ол кезең келмеске кетті, жаңа кезеңге аяқ бастық деп қуанып жатырмыз. Жаңа Қазақстан құрамыз деп бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Тіпті осындай биік мақсат жолында алғашқы қадамымызды да жасаған секілдіміз. Ол қадамды мемлекетіміздің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылатын Ата заңымыздың (Конституциямыздың) кейбір жекелеген баптары мен тармақтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бастаған секілдіміз…
Көңіліміз теңіздей толқып, жүрегіміз атқақтай соғып, үлкен үмітпен күткен Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы да жарияланды. Иә, апыр-топыр қолға алынып, өте тез жарияланды және өте жақын арада республикалық референдумның өтетіні де белгілі болды. Осы уақытқа дейін де мемлекеттік маңызды мәселелерді шешерде қара халықпен бір ретте санасып, ақылдасып көрмеген халық қалаулылары мен халық қызметшілері бұл жолы да «бірінің көзін бірі шұқып жатпастан» жұртқа тіс жармастан, жиырма жылдан бері бұрынғы президенттің шимай дәптеріне айналып, жырым-жырымы шыққан Ата заңымыздың 33 бабына тағы да 56 түзету енгізілген үлкен жобаны дайындап қойыпты. (Басты қағида: Күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет).
Қысқасы, Ата заңымызға 56 түзету енгізілмек, ал референдум бюллетенінде бір ғана сұрақ: «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба? Сіз ол жобамен толық таныссыз ба, жоқ па, оған қарамастан бірін-бірі қайталайтын сөздерден тұратын бұл сұраққа «иә» немесе «жоқ» деп бір ауыз сөзбен ғана жауап беруге тиіссіз.
Енді аталмыш жобаны оқып шыққаннан кейін қандай ой түйгенімді де айта кетейін. Менің білігімде, Ата заң (Конституция) – мемлекеттің саяси, құқықтық және экономикалық жүйесінің негіздерін анықтайтын, мемлекет құрудың негізгі мақсаттарын айқындайтын, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты. Ал біздің Ата заңымыз осы талаптардың бәріне толыққанды жауап бере алатын дәрежеде ме? Айталық мемлекет құрудың негізгі мақсаттарын нақты айқындап бере алды ма? Егер еліміздің, жеріміздің мәртебесі тайға таңба басқандай нақты айқындалса, бөтендер жерімізге неге жиі-жиі көз аларта береді? Бір кездері тағдыр тауқыметімен құшағымызға келіп тығылып, нанымызды жеп, суымызды ішіп отырған кейбір ұлт өкілдері неге бір саусағын ішке бүгіп, елімізге сес көрсете береді? Біраз уақыт бұрын өзге ұлттың өкілі, өзім шамалас бір жігітпен сапарлас болғаным бар. Сонау ата-әжесінен бері қазақ елінде тұрып келеді екен. Сөз саптасынан саяси сауатты екені анық байқалады. Мен де өзімнің әжептәуір білімді екенімді көрсетіп, еліміз, жеріміз жайлы мақтанышпен біраз көсілдім. Пойыздың терезесінен тысқа көз салып тұрып: – Шіркін, қазақтың даласы, қандай кең еді, – деп қалдым. Сол-ақ екен, әлгі жігіт жұлып алғандай:
- Неге қазақ деп бөліп айтасыз? Конституцияда Қазақстан Республикасы деп анық көрсетілген емес пе? Тіпті бүгінде қазақстандық ұлт деген сөздер де жиі айтылып жүр ғой… Ендеше, жер барлық қазақстандықтарға ортақ болмай ма?
Не дерімді білмей, аузыма құм құйылды. Әйтсе де оның түпкі ойын білмек болып, сөзге тарта түстім.
– Солайына солай ғой… Әйтсе де, ата-бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, мемлекеттік құрған жері өз ұрпағына тиесілі болмағанда, кімге тиесілі болмақ? Қазақ ұлты секілді әрбір өзге ұлттың да өз елі, өз жері өз мемлекеті бар емес пе?
- Жоқ, қазақ елі көшпелі ел болған. Көшіп қонып жүріп, бармаған тауы, баспаған жері қалмаған. Сонда, олар жүріп өткен жердің бәрі бір ғана қазақтың жері бола бере ме? Мемлекет дейсіз, қандай мемлекет? Президентіміз Н.Назарбаевтың өзі қазақта шекара, мемлекет болмаған деп ресми түрде мәлімдеген жоқ па? Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1995 жылы қабылданған жаңа Конституцияда да мемлекет басшысы Назарбаевтың тікелей мұрындық болуымен қазақ халқы деп емес, Қазақстан халқы деп жазылды ғой...
Тұра алмастай жеңілгенімді білсем де, шаужайына жармасып жатырмын:
– Сонда сеніңше, қазақ халқы мен Қазақстан халқы деген сөздің арасында айырма бар ма?
- Әрине, үлкен айырмашылық бар. Қазақ халқы дегенде бір ғана қазақ ұлты жайлы айтылса, Қазақстан халқы дегенде, тек қазақ ұлты ғана емес, басқа ұлттар туралы да сөз қозғалып тұр.
Әрі қарата «қазақты» былай қойып, «стан» деген сөздің қазақша аудармасы туралы да айтысымыз жалғасты...
Осы бір жанға жағымсыз диалогты неге еске түсіріп отырмын? Ата заңымызды қолға алып, алғашқы кіріспе бетін (оны не үшін қабылдағанымыз туралы қысқаша мәлімет беретін преамбула бөлімі) ашайықшы. «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп баттиып жазулы тұр. Ойланасың, таңданасың… «Ортақ тарихи тағдыр біріктірген...» деген анықтама ешбір халықты жалынып, көмекке шақырмаған, олармен ортақтасып мемлекет құрмаған, әлем қауымдастығынан ойып тұрып орын алған, ешбір тағдыр-тауқыметке мойымастан, ата-бабалары аманат етіп қалдырған байырғы өз жерінде түтінін түтетіп отырған қазақ халқына тіптен сәйкес келмейді ғой… Бұл жерде қазақ жерінде тұрып, өсіп-өніп, өркендеп жатқан басқа ұлт өкілдері жайлы айтылып тұрғаны айдан анық. Ендеше, жоғарыда сөз еткен өзге ұлт өкілінің шыңғырып шындықты айтқанын, олардың да қазақ жері біздің де жеріміз деп айтуға, тіпті сес көрсетуге де әбден хақы бар екенін мойындамасқа қандай амалың бар? Алайда дәл бүгін басымызды көтертпей тұрған осы анықтама мен санамызды сансыратқан «станды» алып тастауымызға әбден мүмкіндік туып тұрған жоқ па? (Полевой стан қазақша дала қосы, маусымдық жұмыс орны кейде уақытша тұрақ деп те аударылып жүр. Олай болса, Қазақстан деген сөзді қазақтардың уақытша тұрағы деп жіктеуге де болатын болғаны ма?.. Енді біреулер «стан» парсы сөзі, халық, ел дегенді білдіреді деп те жүр). «Стан» демекші, елімізбен көрші отырған Ресей елі де өз мемлекетінің атын Конституцияларында «орысстан республикасы» деп емес, Ресей федеративтік республикасы (Российская федеративная республика) деп жазды ғой. Қытай елі де «қытайстан» деп емес, Қытай халық Республикасы деп аталып жүр. Тіпті бүгінде жергілікті халқы қалмаған деп саналатын, керісінше, өзге ұлт өкілдері өте көп қоныстанған франция мемлекеті де «французстан» деп аталған емес. Ендеше, біз де әлдекімдерді жерімізге таластыра бермей, Ата заңымыздағы кіріспе сөздін басын: «Біз, қазақ халқы...» деп өзгертіп жазсақ қолымызды кім қағады? Басымызды кім шауып алады?
Әрі қарай ширек ғасыр бойы жыр болып келе жатқан мемлекеттік тіл туралы 7-бапты оқығанша асыққанымыз анық. Өкінішке қарай, Ата заңға өзгертулер енгізген ел жанашырлары бұл жолы да 7-баптың 2-тармағындағы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген ана тіліміздің адымын аштырмай қойған атышулы мәтінді алып тастауға жүректері дауламай, жалтақтап, қорқақтап, аттап өте шығыпты. Оларды «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», «Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ» деген өте үрейлі нақыл сөздер емес, тіпті басқа нәрсе қатты үрейлендіретін секілді. Үрейленбесе, қорықпаса, еліміздің, тіліміздің болашағын ойласа, 2-тармақты алып тастап, оның орнына «Қазақ елінің азаматтары сондай-ақ көршілес елдерден келушілер – ұлты, діні, шеніне қарамастан, мемлекеттік тілді білуге және сол тілде сөйлеуге міндетті» деп жаза салуына әбден болатын еді ғой… Мәселен, ең жақын көршіміз әрі досымыз бола тұра ресей мемлекеті Ата заңдарына қазақ тілі ресми түрде орыс тілімен тең қолданылады деп жазған жоқ қой. Керісінше, орыс тіліне қысым жасап жатсыңдар, деп күнде қоқаңдап, басымызға әңгір таяқ ойнатып отырған жоқ па? Қысқасы, елімізде орын алып жатқан он бәленің тоғызы тілден, дәл осы 7-баптың 2-тармағының кесірінен болып жатқан жоқ па? Айтпақшы, Ресей мен Германия секілді ірі елдерге барғанда, сол елдің тілінде сөйлей алмасаң, аштан арам қатуың мүмкін екенін де естен шығармаған абзал...
6-баптың 3-тармағы да не себепті өзгертілгенін түсіне алмадым. Бұрынғы нұсқасында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп көрсетілсе, жаңа нұсқада бұл ресурстардың бәрі халыққа тиесілі екені, алайда халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратыны жазылыпты. Халықтың аты аталып, құлаққа жағымды естілгенімен, екі нұсқада да биліктің ғана қожалық етіп, меншік құқығын өзі жүзеге асыратыны анық айтылып тұр. Қысқасы, «Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да да жапалақ өледі». Сол секілді, 15-баптың 2-тармағындағы «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ» деп келетін мәтіннің мағынасы да түсініксіз әрі күлкілі көрінді. «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ» деген сөзден кейін «бірақ әлдекімнің, әлдененің ықпалымен не тапсырысымен ондай әрекетті жасауына рұқсат беріледі» деген сөз өзінен-өзі сұранып тұрған секілді екі ұдай ойда қалдым.
Ары қарата «сот», «кеңес», «парламент», «президент» деп қайталанып, қоңыр қаздай тізіліп кете береді екен. Әрине, Ата заңға енгізілген барлық өзгертулер мен толықтырулар өте маңызды екенінде дау жоқ, әйтсе де, ақыры өзгерткен соң басқа да кейбір баптар мен тармақтарды да өзгертуге болар еді-ау деген ой қылаң бергенін жасыра алмаймын.
Мәселен, 3-баптың 1-тармағындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы –халық» деген ешбір заңдық күші жоқ жылтырақ сөзді «Мемлекеттік биліктің бірден-бір құрылтайшысы әрі бақылаушысы – халық және оның мүддесі биік тұруы тиіс» деп өзгертсе, бұл тармақ анағұрлым заңдық күшке ие болар еді. (Президентті де, парламентті де сайлайтын халық. Олай болса халық мемлекеттік биліктің әрбір ісін бақылауға да құқылы болуға тиіс емес пе?) Сол секілді, осы баптың 2-тармағына «ал мемлекеттік органдар белгіленген бір мерзімде халық алдында есеп беріп отырады» деген сөзді де қосуға болады деп ойлаймын. Сонда ғана бұл бап халықтың мүддесін қорғайтын үлкен заңдық күшке ие болатыны анық. Мемлекеттік биліктің негізгі құрылтайшысы шынымен де халық болса, онда оларды төбесінен ұрып, жерге тыға бермей, анда-санда осылай қолпаштап, қолтығынан көтеріп қоюға да әбден болады ғой. Бүгінге дейінгі биліктің барынша күш алып, қара халықтың барынша әлсіреп, табанға тапталып, бірін-бірі жау көріп, араларының тіптен алшақтап кетуі де дәл осы баптың заңдық күшінің өте әлсіздігінен десем, қарсылық танытып, дау айтатын ешкімнің шықпасына сенімдімін. Ары қарата да заңдық күші әлсіз, тек сөз жүзінде қалып қойған біраз баптар мен тармақтар туралы өз ой-пікірімді жалғастыра беруіме болар еді. (Айталық, 1-баптағы Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары; 17-баптағы Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды; 32-баптағы Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы; 34-баптағы Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi деген тым сыпайы сөз жолдарын сәл қатаңдата түсіп, заңдық күшін арттыруға болар еді...). Әйтсе де, осы жерден тоқтағанды жөн көрдім. Өйткені осы уақытқа дейін қара халық боп жүз жерден ұсыныс айтып, мың жерден ой-пікірімізді білдірсек те, билік тек өз мүдделеріне қарай шешіп келді ғой, бұл жолы да солай болатын шығар деген күдік пен сенімсіздік ойымды тұсап, қаламымды жүргізбей қойды. Иә, бұл жолы да жоғары жақтағылар қара халықпен ақылдасып, санасып жатпастан, Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ол жобаны баспасөз бетінде жариялап та үлгерді. Енді ол жобаның рферендумда халықтың басым дауысымен қабылданып кетуін асыға күтіп отыр. Оның себебі былай, ары-беріден сөз қозғамай-ақ қояйын, бұл жоба бұл жолы да қалай жазылды, солай еш өзгеріссіз бір ауыздан қабылданатынына дау жоқ. Алайда келесі Ата заңымызды өмірдің барлық тепірешін көріп, санасы оянып, жүрек көзі ашылған қара халықтың өзі жазуы әбден мүмкін… Ал мұндай батыл қадамның қазіргі ауызбен ғана айтылып жүрген «Жаңа Қазақстанның» (қазақ елінің) құрылуына даңғыл жол ашатыны да айдан анық.