Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 28 Наурыз 2023

Келесі сайлауға дейін...

None
None

Меніңше, бұл менің «Сайлау туралы» деген тақырып қойып жазып отырған бесінші, не алтыншы мақалам болуы керек… Мен де шаршамаймын, жүйе де қозғала қоймайды, халық та алданудан жалықпайды.

Соған қарағанда, өмір бір орнында қозғалмай, тұрып қалған сияқты.

Сайлаудың қалай өткенін бәріміз де білеміз, тек билік қана өзінің ұстанымында қалды. Оларға сайлаудың өткені ғана керек. Қалай өткені емес, «сайлау өтті» деген бір ауыз сөз керек. Болды. Ондағы орын алған заңсыздықтарды жоққа шығару – сот пен прокуратураның міндеті, ал әділетсіз сайлаудың құрбандары – айқайлап-айқайлап, дауыстары қарлыққан соң, қолдарын бір сілтеп, үйлеріне тарайды. Келесі сайлауға дейін...

Мені қазір «сайлау қалай өтті» дегеннен көрі, «осы сайлаудан кейін қандай өзгеріс болады» мен «жеңгендер үшін – әділетті, жеңілгендер үшін – әділетсіз сайлау арқылы келген депутаттар не істеуі керек» деген сұрақтар көбірек қызықтырады.

Біріншіден, қазіргі әлеуметтік желідегі фото, бейнежазбалар мен үміткерлердің дәлелдеріне қарағанда, кем дегенде, жүздеген сайлау комиссиясының мүшелері алды қомақты айыппұл төлеп, соңғылары төрт жылға түрмеге кететін сияқты. Әліптің артын бағайық. Мүмкін, егер оларды заң бұзушылыққа итермелеген, нақты бұйрық бергендер анықталса, бұлардың саны екі жүзге барып қалуы да ғажап емес. 2019 жылы «Ұлт тағдыры» қозғалысының үш айдай соттасқанын (сол уақыттағы оппозициямыз дейтіндер Қосановты жамандаймын деп, қатты шаршап, не соттасуға, не көшеге шығуға жарамай, тұралап қалған) есімізге түсірсек, кешегі заңсыздықтың дәлелдері, бейнематериалдары сот залынан аспайтын сияқты.

Екіншіден, билік сайлауға үлкен дайындықпен, нақты жоспармен келді. Сайлаудың уақытын белгілеу (наурыз мейрамы мен оразаға алып келу – саяси технологияның жеңісін көрсетеді) бір мандатты округтерге «Аманаттың» мүшелерін тықпалау, оларды жеңіске алып келу, сол арқылы мәжілістегі жетпіс жеті орынды сақтап қалу, т.т. – осы дайындықтың жемісі. Олар, бір сөзбен айтқанда, халықтың таңдауына, сол таңдаудың нәтижесінде, заң шығарушы билікке жаңа саяси тұлғалардың келуіне мүмкіндік бермеді. Мақсаттарына жетті. Менің сайлау алдындағы «80 пайыз биліктің адамдары, ал 20 пайыз халықтың таңдауы болуы мүмкін» деген «көріпкелдігім» – тым оптимистік болжам екен, егер атын ауыстырғыш партиядан 77 адам өтсе, басқа партиялардың адамдарын да, партияның өздерін де, басты ауыртып жатпай, осы бағытқа батыл қосуға болатыны бәрімізге мәлім шындық болса, мәжілістің 99 пайызы «Жаңамыз!» деген ұранды көтерген – Ескі Қазақстанның қолында болатыны анық.

Үшіншіден, ең қиын таңдау – халықтың белгілі бір бөлігінің үміті болған, солардың қолдауына ие болған бірнеше депутаттың (бір мандатты аймақтан түскен де, партияның тізіміне кіргендер де) алдында тұрған сияқты. Сайлаудың бір аймақта әділетті, ал қасындағы екінші аймақта әділетсіз өтуі мүмкін емес. Жүйенің ерекшелігі де – осында. Барлық аймақтық сайлау комиссиялары, барлық учаскелердегі сайлау комиссиялары бір адамдай, бір бағытта, бірдей тәсілмен, бір мақсатқа жұмыс істейді. Қатардан шығуға болмайды! Сондықтан «мен әділетті сайлау арқылы жеңіп шықтым» деп айтуға ешкімнің аузы бармайды деп ойлаймын. Олардың сайлау учаскелерінің хаттамаларын алға тартуы да баланың ойыны сияқты әсер қалдырады. Дәл сондай хаттамалар бумасын сенің жан досың, ең бастысы, сенің мүдделесің де көрсетіп, дәлелдеп жатыр ғой. Оларға не айтасың? «Менікі – дұрыс, ал Сенікін – әділ сот шешеді» деу қалай болар екен… Екі оттың ортасында қалды деген – осы. Әрине, ең дұрысы, «Сайлау әділетсіз өтті, мен ондай сайлауды мойындамаймын» деп, өзінің өтпей қалған мүдделесінің қасынан табылу. Бірақ оған да жүрек керек.

Төртіншіден, сайлау өзгермесе де, сол ескі сайлау жүйесімен жасақталған парламенттің өзгергенін көре аламыз ба деген сұрақ та күн тәртібінде тұр. Меніңше, бұл сұрақтың жауабын алғашқы айларда-ақ алатын сияқтымыз. «Осылардан бірдеме шығады» деген, бірақ партиялық тізіммен депутат болғандар «партиялық тәртіпті» бұзып-жарып, өзінің жеке пікірін заңға айналдырса, ең болмаса, халыққа қажетті заң жобаларын дайындап, парламенттің алдына қоя білсе, шынымен де бірдеменің өзгергені болар еді. Ал жеке мандатты иеленген батырлар, президент аппаратының нұсқауына, спикердің қабағына қарамай, сол заңдарды қорғап шыға алса, нұр үстіне нұр болады. Бұл, әрине, арман, бірақ арман кейде мақсатқа айналады.

Бесіншіден, менің ойымша, жаңа парламенттің қабылдайтын бірінші заңы – «ҚР Мемлекеттік тілі туралы» заң болуы керек. Екінші орында – «ҚР Жер туралы» заңы тұр деп білемін. Сонымен қатар, саяси реформаның өзегі болып табылатын «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдарға да не кең көлемде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі шарт.

P.S. Бір мандатты аймақтан түскендердің санына қарап, мәжілістегі орындардың жартысынан көбін мажоритарлық жүйе арқылы жасақтау керек екені анық көрінді. Алайда, азаматтардың неліктен депутаттыққа ұмтылатынын түсіне алмай-ақ қойдым. Меніңше, олардың көпшілігі депутаттың міндетін, қызметін білмейтін сияқты. Депутат заң дайындайды, оны мәжілістен өткізуге күш салады. Депутаттың кабинетіне кіргенде, үстелдің үстіндегі заң жобаларынан ісіп-кеуіп кеткен папкалардан төбесі көрінбейтін, үйіне де екі сумка папкаларын көтеріп кететін талай халық қалаулыларын көрдім. Бір заң жобасын дайындау үшін ондаған заңдарды қарап шығу керек, салыстыру қажет, түсініктеме жазып, дәлелдерді дайындау шарт. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін біздің депутаттар бұндай жұмысты толық жүзеге асырды деп айта алмаймын. Олар атқарушы биліктің дайындап берген заң жобаларын қарап шығып, кей баптарға түзетулер енгізуден аса алмады. Мүмкін, кейбіреулер «Парламентке барып, халықтың мұң-мұқтажын айтамыз» деп ойлайтын болар. Ауыз бәрімізде бар, ал депутаттарда ауызбен қоса қоғамға қажетті заңдарды жазу, дайындау, өткізуге тырысу құқығы бар. Халық осыны күтеді.

Тегтер: