Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:49

«Келесісі кім?» – Иранда билікке жақын адамдардың қорқынышы үдей түсті

Хоменеи, Лариджани, Хатиб, Сулаймани
Фото: ЖИ / Жас Алаш

The Wall Street Journal журналистері «Моссад» агенттері Иран үкіметінің өкілдері мен қауіпсіздік күштері командирлеріне телефон соғып, оларды қалай қорқытып жатқанын баяндады.

Иранға қарсы соғыста Израиль мен АҚШ міндеттерді бөлісіп алған: америкалық әскерилер әскери және өнеркәсіптік нысандарға назар аударса, израильдік тарап режимнің ішкі құрылымдарын нысанаға алған, деп жазады The Wall Street Journal. Басылым бұл мәліметті нысаналар тізімі мен келтірілген шығындар туралы есептерге сүйене отырып жариялаған.

Израиль соғысқа Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи резиденциясына соққы беруден бастаған. Ол алғашқы күні-ақ қаза тапқан. Келесі күні Израиль авиациясы Ислам революциясы сақшылары корпусының бөлімшелеріне, «Басидж» еріктілеріне және арнайы полиция күштеріне қатысты штабтар мен басқару орталықтарына жүйелі түрде соққы жасай бастаған.

WSJ деректеріне сәйкес, соққылар әртүрлі нысандарға бағытталған. Кейін Израиль барлау қызметі Иран қауіпсіздік күштерінің резервтік жоспары бар екенін анықтаған: инфрақұрылым жойылған жағдайда қызметкерлер спорт нысандарына жиналуы тиіс болған. Израиль бұл нысандардың толуын бақылап, кейін сол жерлерге соққы жасаған. Нәтижесінде қауіпсіздік күштері мен әскердің жүздеген қызметкері қаза тапқан. Құрбандардың басым бөлігі Тегерандағы ірі футбол стадионы – «Азади» стадионында тіркелген.

Израильдің тағы бір маңызды нысанасы – Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани болды. Ол Иранның ядролық бағдарламасының негізгі архитекторы әрі Әли Хаменейдің жақын серігі саналған. 17 наурыз күні таңертең Израиль арнайы қызметтері Лариджанидің Тегеран маңындағы құпия паналау орнына келгені туралы ақпарат алып, сол жерге ракета соққысын жасаған.

Сол уақытта Израиль «Басидж» командирі Сүлеймани орынбасарларымен бірге Тегерандағы орман ішінде тігілген шатырда жасырынғаны туралы мәлімет алып, оны да жойған.

The New York Times жазуынша, Лариджанидің өлтірілуі Иран қоғамында елдің болашағы мен қақтығыстың әрі қарай қалай өрбитіні туралы алаңдаушылықты күшейткен. Әсіресе билікке жақын тұлғалар қатты алаңдап отыр. Олардың бірі журналистерге әріптестер арасында «келесі кім болады?» деген сұрақ жиі қойылып жатқанын айтқан.

Тағы бір шенеунік Лариджанидің қазасы туралы естігенде «қатты қалшылдап кеткенін» жеткізген. Оның айтуынша, қоғамды тұтас үрей билеп алған: адамдар Израиль барлық ирандық басшыларды жойып шыққанша тоқтамайды деп қорқады.

Израиль бағалауынша, бұл шабуылдар режимнің төменгі буынындағы қызметкерлердің рухын түсіріп, қауіпсіздік күштерін көліктерде, мешіттерде немесе спорт нысандарында түнеуге мәжбүр еткен.

Куәгерлердің айтуынша, күштік құрылым өкілдері қауіпсіз орын іздеп, мектептерді, спорт кешендерін және тұрғын үйлерді иемденіп алған. Тегеранның бір ауданында полиция блокпосты әуе соққыларынан жасырыну үшін көпір астына көшірілген. Қауіпсіздік қызметкерлері шатырларда немесе автобустарда орналасуда. Олар тұрғын үйлерге кіріп жасырынғанда, тұрғындар нысанаға айналудан қорқып, үйлерін тастап кетіп жатыр.

WSJ атап өткендей, Израиль мен АҚШ бастапқыдан-ақ бұл соғыс Иранда режимді әлсіретіп, оны құлатуға жағдай жасауға тиіс деген ұстанымда болған. Жоғары лауазымды тұлғаларды жою осы науқанның маңызды кезеңдері ретінде қарастырылған.

Сонымен қатар, басылым деректеріне сәйкес, Израиль барлау қызметі кейбір ирандық командирлерге қоңырау шалып, оларды ықтимал наразылықтарды баспау үшін қорқытуға кіріскен. Журналистер сондай әңгімелердің бірінің мазмұнымен танысқан:

– Мені естіп тұрсыз ба? – дейді «Моссад» агенті парсы тілінде. – Біз сіз туралы бәрін білеміз. Сіз біздің қара тізімдесіз.

– Жақсы, – деп жауап береді командир.

– Мен сізді алдын ала ескерту үшін қоңырау шалып отырмын: сіз өз халқыңыздың жағында болуыңыз керек. Әйтпесе сізді де басшыларыңыздың тағдыры күтеді. Түсіндіңіз бе?

– Аға, Құран ұстап ант етемін, мен сізге жау емеспін. Мен біттім. Тек бізге көмектесіңіз.

Ирандықтар елде хаос жақындап келе жатқанын айтады. Қауіпсіздік күштері бар мүмкіндігімен жұмыс істеп жатыр. Алайда әскери тәжірибе көрсеткендей, тек әуе соққылары арқылы билікті құлату өте қиын, тіпті мүмкін емес, деп жазады WSJ.

«Егер Иран режимі аман қалса, ол бұл қақтығыстан бұрынғыдан да сенімді әрі қауіпті болып шығуы мүмкін», – деп қорытындылайды журналистер.