Келінінің атын жамылып, ақша сұраған күдікті ұсталды
Әлеуметтік желіде, мессенджерде туысының, танысының атынан ақша сұрап, алаяқтық жасаудың кейінгі кезде жиілеп кеткені рас.
Түркістан облысында келінінің атын жамылып, алаяқтық жолмен есепшотына ақша аудартып алған ер азамат анықталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түлкібас аудандық Полиция бөліміне жергілікті әйел арызданып, белгісіз біреудің алаяқтық тәсілмен есеп-шотына 100 000 теңге ақша салдырып алғанын хабарлаған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 190-бабы «алаяқтық» бойынша тіркеді.
Тәртіп сақшылары қылмысты дер кезінде ашып, алаяқты ұстауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде ақша аударылған есепшот анықталды. Ол Қазығұрт ауданының тұрғынына тиесілі болып шықты. Күдікті ер азамат аудандық Полиция бөліміне жеткізілді.
Анықталғандай, ұсталған азамат ватсап желісі арқылы жәбірленуші әйелге келінінің атынан хабарлама жазып, ақша қажет екенін айтқан. Жәбірленуші алаяқтың сөзіне сеніп, 100 мың теңге салып жіберген. Қазіргі уақытта күдікті деп танылған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.