«Келіннің» компаниясы қара тізімге ілікті
Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына, жақындарына, жегжат-жұрағаттарына қатысты келеңсіз әңгімелердің жиілеп тұрғаны рас.
Тұңғыш президенттің бауырлары, күйеу балалары, құдаларының алды қызметінен босатылды. Арты әртүрлі айыптаулармен қамауда отыр.
Бұл тізімге елбасының келіндерін де қоссақ болады. Атышулы әулеттің келіндері туралы әңгіме қозғағанда, елбасының бауыры Қайрат Сатыбалдының жұбайы Гүлмира Сатыбалдыны айналып өту мүмкін емес шығар, сірә.
Гүлмира Сатыбалдының рейдерлікпен айналысқаны, бизнестегі әріптестерін зар илеткені туралы арыз-шағымдар, үндеулер былтырдан бері ғаламторда көп жарияланды. Бірақ құзырлы органдар бұған Қаңтар оқиғасынан кейін ғана мән бере бастады. «Келіннің» үстінен, алдымен, «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін оған «қаржы жымқырды» деген айыптау қосақталды.
Антикордың наурызда таратқан ресми мәліметіне қарағанда, Гүлмира Сатыбалды иелік ететін «Ария –Жаңа Астана» компаниясы мен Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары қазір аса ірі мөлшерде, нақтырақ айтқанда, 747 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша жүріп жатыр.
Осы жайтқа кеңірек тоқталсақ. Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі «Ария – Жаңа Астана» компаниясы 2018 жылы Шымкентте жол салу жұмыстарына қатысты 10 миллиард теңгеден астам мемлекеттік тапсырысты «бір көзден» ұтып алған. Бұған сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ықпалы тиген сияқты. Себебі Әбдірахымовтың Назарбаевтар әулетімен, Қайрат Сатыбалдымен жақындығы туралы әңгімелер көп айтылатын. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы деректерге қарағанда, «Ария – Жаңа Астана» компаниясы 2019 жылы 9 900 000 теңгенің, 2020 жылы 93 000 000 теңгенің, 2021 жылы 45 323 000 теңгенің және тағы 749 614 600 теңгенің жұмыстарын атқарған. Антикордың ақпаратына сүйенсек, 747 миллион теңге 2021 жылы бөлінген қаражаттардан жымқырылған. Әрине, дәл қазір бұл мәселе туралы біржақты пікір айтудан аулақпыз. Бәрін тергеу амалдары анықтап береді. Бәрі уақытында белгілі болады. Бүгінгі әңгіме мүлдем басқа.
Жуырда Шымкент қаласының экономикалық соты «Ария – Жаңа Астана» компаниясына қатысты шешім шығарды. Сотқа жоғарыда аталған Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы шағымданған. Сот шешіміне қарағанда, «Ария –Жаңа Астана» компаниясы мен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арасында жол құрылысына қатысты келісімшарт 2018 жылдың қазанында жасалған. Осы келісімге сәйкес, компания 10 миллиард 208 миллион теңгенің жұмысын орындауды міндетіне алған. Биыл 11 ақпанда жасалған қосымша келісімге сәйкес, «Ария – Жаңа Астана» серіктестігіне 2022 жылы бөлінетін қаржының көлемі 3 миллиард 463 миллион теңгені құраған. Мемлекеттік сатып алулардың тәртібі бойынша келісімшарт қазынашылық органдарында тіркелгеннен кейін мердігер оның орындалуын қамтамасыз етуі тиіс болған. Шамасы кепілге ақша қоюы керек болғанға ұқсайды. Алайда компания бұл талапты орындамаған. Осыдан кейін басқарма 3 наурызда келісімшартты біржақты бұзады. Ал мамырда сотқа шағымданып, тиісті міндетін орындамағаны үшін «Ария – Жаңа Астана» компаниясын мемлекеттік сатып алуларға жөн-жосықсыз қатысушы деп тануды сұранған.
Сот талапкердің шағымын толық қанағаттандырды. Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі деген «Ария – Жаңа Астана» компаниясы мемлекеттік сатып алуларға жөн-жосықсыз қатысушы деп танылды. Яғни «келіннің» компаниясы қара тізімге ілікті деген сөз.
Айта кетері, «Ария – Жаңа Астана» компаниясы соңғы жылдары Қазақстанның бірнеше өңірінен тендерлер ұтып алған. Ақпарат құралдарында компанияның қарызының бастан асатыны, мойнына алған міндеттерін толық орындамайтыны туралы арыз-шағымдар көп жарияланған. Осындай компания Шымкентте 10 миллиард теңгеден асатын тапсырысты «бір көзден» қалай ұтып алды? Бұған шымкенттік шенеуніктердің қаншалықты қатысы бар? Тергеу амалдары осы мәселенің де түйінін тарқатып бере алады ма, жоқ па?