Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:45, 06 Желтоқсан 2024

Кем-кетігі көп «Даму балаға» кім жауапты?

Даму бала
Коллаж Orda.kz

Өткен демалыс күндері баласын өнер үйірмесіне, спорт секциясына жазғысы келген ата-ана мен оларды қабылдап алып, мемлекеттік тапсырысты орындамақ ниеттегі кәсіпкерлер біраз әбігерге түсті.

 Бір күн бойы «Даму баланың» сайтымен алысқан астаналықтарға ертесі күні хабарлама таратылып, тіркеудің қайтадан ашылатыны айтылды. Өйткені бірінші тіркеу күніндегі нәтижелер жарамсыз деп танылған. Оған себеп – сервердің «қатуы».

«Даму бала» бағдарламасы мен оның мазмұны баршаға болмаса да, көпшілікке таныс. Бұл программа бойынша мемлекет жан басына қаржыландыру бөліп, мектеп жасындағы балаларды қосымша оқытуға жәрдемдеседі. Бір ауысымда оқитын оқушы мектептен келген соң бос жатпай, өнермен немесе спортпен айналыссын деп, арнайы орындар қарастырады. Идея жақсы. Себебі бүгінгі күні ата-ананың да балаға көңіл бөлетін «шамасы» жоқ. Әрі олардың уақыты мен ресурсын тиімді пайдалануы үшін спорт секциялары мен өнер үйірмелерінен артық шешім бар ма?

Үлкен қалаларда, облыс орталықтарында бокс пен футбол, балет пен бейнелеу өнері сынды қосымшалар – кәсіптің жүріп тұрған түрі. Олардың айына сұрайтын төлемдері де аз емес. Біреудің қолы жетсе, екіншісі бара алмай жатады. «Даму бала» осы мәселені де шешуге бағытталған. Бұл орайда, ата-ана 3-17 жас аралығындағы баласын «Даму бала» платформасына тіркеп, өздеріне қажетті ваучерді таңдайды. Осыдан соң сабақтар мен оқытушыны, кестені таңдауға мүмкіндік беріледі. Мұнда тіркеліп, жазылған балаларды оқытып жатқан мемлекеттік мекемелер емес, жеке кәсіпкерлер. Олар да тиісті құжаттарды тапсырып, тексерістерден өткен соң бағдарламаларын ұсынып, орын алады. Бір орталық 50, 100, 200, одан да аз немесе көп орын алуы ықтимал. Көлем әртүрлі.

Бір қызығы, бағдарлама оқу-ағарту министрлігінің емес, шығармашылық үйірмелер бойынша мәдениет және ақпарат министрлігінің, спорт секциялары бойынша Туризм және спорт министрлігінің қарауында. Ал қаржыландыру жергілікті әкімдіктердің мойнында. Биылғы бюджет те жаман емес. Тіпті таңғаларлық. Рекордсмендер: Атырау облысында – 5 млрд 140 млн, Астана қаласында – 6 млрд, Алматы қаласында – 8 млрд теңгеге жуық ақша бөлінген. Өзге өңірлер бойынша: Түркістан облысы – 2 млрд, БҚО – 2 млрд 340 млн, Қызылорда облысы – 2 млрд 690 млн, Шымкент қаласы – 2,9 млрд, Ақмола облысы – 1,6 млрд, Жамбыл облысы – 1 млрд 240 млн, Абай облысы – 1,2 млрд, Қостанай облысы – 1 млрд 130 млн, ШҚО 1,1 млрд теңгеге осы бағдарламаны жүзеге асырмақ. Ең төменгі көрсеткіш СҚО мен Ұлытау облысында, 308 және 275 млн теңге.

Ресурс артқанымен, бала саны да бірге ұлғайып келе жатқанын естен шығармау қажет. Демек, орын саны сұраныстан аз. Сондықтан ата-аналар баласын таласып-тармасып жүріп тіркейді. Бірақ мұнда ешқандай конкурс жоқ. Кім жылдам, сол үлгереді. Мәселе де осында. Жылдамдықты талап ететін сайттың өзі тым баяу. Тіпті тоқырап тұр. Әрине, кезекте тұрғандар саны аз өңірлердегі проблематика ауқымды деуге келмес. Бірақ мегаполистердегі жағдай ушыққан үсті ушығуда. Мәселен, 28-29 қараша күндері Астанадағы тіркеу мұңға айналды. Сайтқа кіріп, шаблондардан өтіп, 2-3 минутта тіркеле салатын процесс сағызша созылып, ата-аналар мен орталық мамандары сағаттап компьютер алдында отырған. Олар: «Балаларымды үйірмелерге бергім-ақ келеді. Бірақ жаза алмай жүргеніме бір жылдан асты. Әр жолы осы, сервер қатады, көтермейді», «Бір құжатты енгізіп, секцияны белгілеу үшін бір күніміз кетті. Үлгермегендер көп. Компанияға арыздарын айтып, шағымдарын жеткізіп жатқандарды ата-аналар чатынан шығарып тастап отырды. Бұл қалай болғаны?», «Платформа қаншама ақша алып отыр? Қаншама маманы бар? Нәтиже осы ма?», – деп пікірлерін білдірді.

Дер кезінде көмек көрсетуі керек болған «Даму бала» чаттары мен операторлары да үнсіз қалды. Ешқандай ресми мәлімдеме де жасалмады. Оның алдында 28 қараша 15:00-де басталуы тиіс болған тіркелу 20:00-ге ауыстырылған. Платформа боттардан қорғану жайлы тіркелуге жарты күн қалғанда еске салыпты... Аталған мерзімде спорт секцияларына арналған 18 мың орын толды. Одан соң, 29 қарашада 15 мың, 30 қарашада 3 мың орынға шығармашылық үйірмелерге тіркелу ашылады деп жоспарланды. Бірақ күтпеген жағдай орын алып, сервер жұмысын тоқтатты. Техникалық тұрғыда жұмыс істеп тұрса да, сайтқа кіру мүмкін емес еді. Онның бірі ғана тіркеліп, мыңның бірі ғана сайтқа кіру «бақытына» ие болған күн... Тәуліктеп отырып тіркелгеніне қуанған ата-ананың да, үлгермедім дегендердің де үні шығып жатқан. Бірақ ертесіне кешегі нәтижелер жойылады, тіркелуді қайта ашамыз деп мәлімдеді «Даму бала». Айтуларынша, заңбұзушылықтар тіркеліпті-мыс. Жаңа күнгі тіркелу де сол баяғыша өтті. Ақырында 18 мың орынның толғаны хабарланды. Осы жөнінде орталық басшыларымен, кәсіпкерлермен тілдестік.

«Ата-аналар чаты арыз-шағым мен ренішке толып тұр. Олардың да жүйкесі тозды. Біздің де барлық жұмыс жоспарларымыз бен дедлайндарымыз жайына қалды. Бәрі бір ғана сервердің кесірінен. Сайтқа кірмейді де. Кіре қалсаң, ақ парақ немесе «қате 503» деген жазба шығады.

Негізінен, орталықтар мен үйірме, секция жетекшілері бұл процеске араласпауы керек. Алайда ата-аналар «техниканы мүлде түсінбейміз, тіркеп беріңіздерші» деп өтінеді, ЭЦҚ кілттерін беріп кетеді. Тіркеу аса қиын шаруа болмағандықтан кәсіпкерлер бас тартпайды. Бір жағынан өз оқушыларын жоғалтпау үшін тырысады. Платформаға ЭЦҚ кілт, ЖСН немесе eGov mobile қосымшасы арқылы кіресің. Артынша ваучер таңдау, белгілеу сынды шаруалар. Осыны істеу үшін браузерді қайта-қайта жаңартып, сайтқа кіріп шығып, «обновить» етумен-ақ шаршадық. «Даму баланың» жұмыс режимі солай болып тұр. Елімізде Kaspi.kz сынды бір минутта миллиондаған процесс жүріп жатқан платформалар мен қосымшалар бар. Олар мүлде қатпайды. Ал мемлекет жасаған нәрсе ешқашан сапалы болған емес. Неге? Түсініксіз», – дейді кәсіпкер Гауһар Аманжол (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді).

«Даму баланың» сервері өте әлсіз. Тіпті программистер арқылы боттар орын алып ала ма деген қауіп те бар. Енді кіріп жатсаң, орындардың біразы бос емес екенін көресің. Сәйкесінше, бәрі үшін жұмысы тоқтап тұрған сервер кім үшін жұмыс істеп тұр деген сұрақ туындайды. Телефон нөмірін тіркеу қажет тұстары болатын, оны да алып тастапты. Өз кезегінде бұл да қауіпті күшейтеді», – дейді тағы бір кәсіпкер. Ол да мемлекеттік тапсырыс алып отырғандықтан аты-жөнімді атамай-ақ қойсаңыздар деген тілегін білдірді.

Алматы мен Астана «Даму бала» бойынша ең көп орын беретін, ауқымды бюджет қарастырылған қалалар болғандықтан мұндағы сервер мәселесі өзекті. Оның неге оңалмай қойғанын платформаны жасақтаған компаниядан сұрамақ болдық. Алайда «Даму баланың» сайтындағы нөмірлер мен жедел байланыс орталығы үш күннен бері жауапсыз. Құрылтайшы компания QazTiQet ЖШС-ның да нөмірлері өшірулі. Жолдаған хатымызға да жауап ала алмадық. Содан соң, екі қаланың әкімдіктері мен жауапты басқармаларға сауал жібердік. Олар ақпаратты алдымен аудандардан жинап, содан кейін ғана жіберетіндерін айтып отыр.

«Даму балада» басқа да мәселелер жетерлік. Мәселен, кейбір кәсіпкерлер мемлекет қаржысын алу үшін жалған тізім беріп, «ауадан ақша жасайды». Оны шешу үшін секциялар мен үйірмелерге Face ID жүйесін енгізу ұсынылған. Тіпті ата-аналарды келісімге қол қоюға мәжбүрлеген кездер де бар. Әрі бұл жүйені орнату да аз ақша емес... Тағы аудандар мен облыстар бөлінісіне қатысты да өзгерістер қажет секілді. Мысалы, Алматы қаласы мен Талғар, Бесағаш, Тұздыбастау арасындағы шекаралар реалды емес. Олар біріне-бірі өте жақын, біртұтас өмір сүріп жатқан жерлер. Соған қарамастан, облыс пен қаладағы нысандар балаларға ыңғайлы болса да, қолжетімсіз кездер көп. Оған қоса, ваучердің біреуін екіншісіне ауыстыру жағы да бюрократизмге толы. Бұл туралы көпбалалы ана Маржан Қалиева айтып берді:

«Бір жыл бұрын секцияларға жазылып үлгердік. Арада біраз уақыт өткен соң балалар басқа үйірмеге барғысы келді. Бұл олардың жасында қалыпты нәрсе, сондықтан оған шектеу қоюға да болмайды. Не керек, өзіміздің ваучерді архивке салдық. Содан бері бір жыл күтіп келеміз. Осы уақыт аралығында түсінгенім, біріншісінен екіншісіне ауысу толыққанды бюрократия. Бәрін қойғанда, балалардың уақытын алады ғой. Жарты жылдап бос жүре ме? Мемлекеттік бағдарламаның, жұмсалған қаржының мақсатын ұмытпауымыз қажет. Кейде үйірмелердің жетекшілері архив жасауға келіспейді. Сөйтіп келмей отырған балаға ақша алады. Осы жақтарды реттестірсе дұрыс болар еді».

Балауса Ділдәбек

Тегтер: