Кемінде жарты жыл қазақстандықтар зейнетақы жинағын емделуге пайдалана алмайды
Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарының артығын емделуге кемінде алты ай бойы пайдалана алмайды.
Бұл туралы Отбасы банк басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова мәлімдеді.
Айтуынша, 12 қаңтар күні сағат 19:00-ден бастап емделуге зейнетақы қаражатын пайдалану жөніндегі өтінімдер қабылдау уақытша тоқтатылған. Бұған радиохирургия қызметтеріне қатысты өтінімдердің күрт көбеюі себеп болған.
Ибрагимованың сөзінше, соңғы бірнеше аптада ғана 7 мыңнан астам өтінім түскен. Бұрын мұндай өтінімдер айына 10-нан аспаған.
«Тексеру барысында құжаттарда көрсетілген көптеген клиникалардың не тиісті жабдығы, не білікті мамандары жоқ екені анықталды. Тіпті бір клиника көрсетілген мекенжайда мүлде болмаған», - деді банк басшысы.
Қазір Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Отбасы банк медициналық ұйымдарды іріктеу тәртібін қайта қарап жатыр. Зейнетақы жинағы есебінен емделуге рұқсат беру тек 6-9 айдан кейін, қатаң бақылау енгізілген соң ғана қайта жанданбақ.
«Бұл мақсатты ресурстар. Негізі бұл қаражат қарттыққа арналған, алайда ауыр сырқат кезінде немесе тұрғын үй мәселесін шешу үшін уақытша пайдалануға рұқсат етілген. Жаппай заңбұзушылықтар мұндай операцияларды жалғастыруға мүмкіндік бермей отыр», - деді Ляззат Ибрагимова.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағын пластикалық операцияларға, тыртықтарды түзетуге, сондай-ақ тіс пен көзді емдеуге жұмсауға тыйым салған еді. Тыйым салынғанға дейін қазақстандықтар зейнетақы қаражатын косметологиялық қызметтерге жаппай шығарып, көлемі алдыңғы жылдардағы барлық көрсеткіштен асып кеткен.