Кен кімнің қолында: Қазақстанның тау-кен металлургиясы жаңа кезеңге дайын ба?
Қазақстанның тау-кен металлургия кешені жаңа бетбұрыс алдында тұр. 1990-жылдары елдің тау-кен металлургия кешеніндегі кәсіпорындар ірі шетелдік инвесторлардың қолына өтіп, қайта жандану үшін қомақты қаржы талап етті.
Ал бүгінгі ахуал мүлде өзгеше: соңғы жылдары елдегі ең ірі өндірістік активтер — ArcelorMittal Temirtau және «Қазақмыс» — бірінен соң бірі меншік иесін ауыстыра бастады. Билік бұл үдерісті «жаңа экономикалық модельге көшу» деп түсіндіреді.
Алайда басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр: активтердің қол ауысуы өндірісті шынымен жаңғырта ма, әлде бұл тек меншік құрылымының өзгеруімен шектеле ме? Осы сауалдарға мақала аясында жауап іздейміз.
Кеңестік мұра
КСРО ыдыраған кезеңде Қазақстан одақтағы негізгі шикізаттық аймақтардың бірі болды. Ел аумағында қара және түсті металлургиядан бастап уран және көмір өнеркәсібіне дейінгі ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарының тұтас жүйесі қалыптасты. Бұл үдерісте үш негізгі фактор шешуші рөл атқарды: шикізат қорына жақындық, қуатты энергетикалық база және дамыған көлік инфрақұрылымы.
Үлкен құрылыс дәуірі. Өнеркәсіптік активтердің басым бөлігі Кеңес Одағының индустрияландыру кезеңінде және соғыстан кейінгі қалпына келтіру жылдарында пайда болды. 1940-жылдары Балқаш тау-кен металлургия комбинаты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинаты іске қосылды. 1950–60-жылдардың тоғысында Жезқазған мыс қорыту комбинаты, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, сондай-ақ уран өнеркәсібінің нысандары – Степногорск тау-химия комбинаты мен Үлбі металлургия зауыты жұмысын бастады.
Қазақстан металлургиясының өнімдері түгелге жуық одақтық өндірістік тізбектерге ендірілді:
Теміртау мен Қарағандының болаты машина жасау, инфрақұрылымдық жобалар мен әскери-өнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне пайдаланылды.
Түсті металдар авиация және электротехника салаларына бағытталды.
Уран кәсіпорындары КСРО Орта машина жасау министрлігінің тапсырыстарын орындап, қорғаныс сипатындағы ядролық кешеннің бір бөлігіне айналды.
Екібастұз бен Қарағанды көмірі энергетика мен кокс-химия саласын қамтамасыз етті.
Бұл жүйеде өндіріс нарыққа емес, жоспарға бағытталды — республикалар арасындағы логистикалық және технологиялық байланыстар орталықтан қатаң реттеліп отырды. Қазақстан осы кең көлемді жүйеде негізінен шикізат және өнеркәсіптік база рөлін атқарды.
Еркін айналым кезеңі
1991 жылдан кейін Қазақстанның өнеркәсібі, өзге посткеңестік елдердегідей, «еркін айналымға» шықты. Бұрынғы ішкі өткізу нарықтары мен маңызды жабдық жеткізушілер шетелдік контрагенттерге айналды, төлем тәртібі жүйесінде күрделі мәселелер туындады. Одақ ішіндегі логистикалық әрі қаржылық байланыстар үзіліп, жүйе күйреді.
Мұның барлығы өнеркәсіптік дағдарысқа әкелді. Кен өндіру, болат, мыс, қорғасын және өзге де металдарды қорыту көлемі ондаған пайызға қысқарып, көптеген кәсіпорындар тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрды. 1990-жылдардың ортасына қарай ресми деректер бойынша қорғасын мен мырыш өндірісі 1991 жылғы деңгеймен салыстырғанда шамамен 50% төмендеді, мыс қорыту зауыттары жарты қуатымен ғана жұмыс істеді.
Кәсіпорындарда жалақы бойынша қарыздар көбейіп, білікті кадрлардың кетуі үдей түсті. Мемлекет бюджет тапшылығын бастан өткеріп, кеңестік кезеңде тек өндіріс емес, моноқалалардағы әлеуметтік инфрақұрылымды – мектептерді, ауруханаларды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қамтамасыз еткен алып комбинаттарды субсидиялауға қауқарсыз болды.
Жекешелендіру – аман қалудың жалғыз жолы
Нарықтық жағдайда тиімді жұмыс істеу үшін Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніне кәсіби басқарушы кадрлар, ауқымды инвестициялар және заманауи технологиялар қажет болды. Аталған ресурстарды тарту мақсатында Қазақстан Үкіметі батыстық экономистердің ұсынымдарына сүйене отырып, ірі кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдады. Негізгі басымдық стратегиялық инвесторларға берілді. Ол кезеңнің мақсаты қарапайым болды: өндірісті сақтау, жұмыс орындарын жоғалтпау, моноқалалардың күйреуіне жол бермеу. Бұл міндет, жалпы алғанда, орындалды.
Ірі келісімдер кезеңі. Қазақстандағы жекешелендіру бірнеше кезеңмен жүзеге асты. 1991–1993 жылдары шағын жекешелендіру жүргізіліп, ұсақ активтер аукциондар арқылы сатылды. Орта кәсіпорындар үшін Дүниежүзілік банк пен АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен ваучерлік жекешелендіру басталды. Ал ел экономикасы үшін айрықша маңызы бар тау-кен металлургия активтері жеке бағдарламаға шығарылып, «жеке» немесе «нүктелік» шешіммен жекешелендіру тетіктері арқылы өткізілді.
1996 жылы «Жезқазғантүстіметалл» концерні «Қазақмыс» акционерлік қоғамына айналды. Компания акцияларының 40% $49 млн сомасына конкурс арқылы Samsung корпорациясына сатылып, инвестор $300 млн көлемінде қаржы құю жөнінде міндеттеме алды.
Кейін корейлік инвестор капиталдан шыққанымен, бұл мәміле жаңа меншік иелері тобының қалыптасуына жол ашты. 2000-жылдардың басына қарай «Қазақмыс» корпорациясы түбегейлі түрде қазақстандық менеджменттің бақылауына өтті. Samsung кеткен соң акция үлестерін компания басшылығы сатып алып, 2000 жылы директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Владимир Ким келді.
1997 жылы Шығыс Қазақстандағы барлық қорғасын-мырыш комбинаттарын біріктірген «Қазцинк» компаниясы құрылды. Бастапқыда негізгі акционер мемлекет болды, кейін бақылау пакеті (50,7%) швейцариялық Glencore International корпорациясына берілді. Келісім шарттары бойынша инвестор басқаруды өз қолына алып, шамамен 20 мың адамнан тұратын еңбек ұжымын сақтауға және өндірісті қалпына келтіруге инвестиция салуға міндеттенді. 2012 жылы Glencore өз үлесін 69,61% дейін ұлғайтты.
Кейбір жағдайларда мәмілелер жеке тәртіппен жасалды. Мәселен, Қарағанды металлургия комбинатын қазақстандық-австриялық Voest-Alpine бірлескен кәсіпорны арқылы қайта жандандыру әрекеттері сәтсіз аяқталған соң, кәсіпорын 1995 жылы $450 млн көлеміндегі келісім арқылы Ispat International компаниясына (Лакшми Миттал тобы) берілді. Бұл сома зауыттың қарыздарын өтеу және жұмыспен қамтуды сақтау жөніндегі міндеттемелерді ішінара қамтыды. Сонымен бірге инвестор Теміртаудағы жылу электр орталығы мен көмір шахталарын өз қарамағына алды. Формалды түрде сатып алу тендер арқылы жүргізілгенімен, іс жүзінде келісім ең жоғары деңгейде мақұлданды — Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Митталды елге инвестиция салуға жеке өзі шақырды.
Алайда кәсіпорындар тек шетелдік алпауыттарға ғана сатылған жоқ. 1990-жылдары Әлижан Ибрагимов, Александр Машкевич және Патох Шодиев сынды кәсіпкерлердің төңірегінде Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) компаниясы құрылып, Қазақстандағы ферроқорытпа өндірісін, темір кені және алюминий өндіру салаларындағы негізгі тау-кен металлургия активтерін, сондай-ақ энергетикалық және логистикалық инфрақұрылымдарды біріктірді. 2007 жылы ENRC Лондон қор биржасында IPO өткізіп, кейін биржадан шығарылып, Люксембургтегі бас кеңсесі бар жеке холдинг — Eurasian Resources Group (ERG) ретінде қайта құрылды. Бүгінде ERG-тің ірі акционерлері қатарында Қазақстан мемлекеті (шамамен 40%) және негізін қалаушылардың отбасылары (әрқайсысы шамамен 20%-дан) бар.
Тұрақтандырудың құны. 1990-жылдардағы жекешелендіру үдерісі Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) секілді халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жүргізілді. Қазақстанға келген шетелдік инвесторлар бұл ұйымдардан арзан несие түрінде қаржылай қолдау алып отырды.
Мәселен, ЕҚДБ мен IFC (Халықаралық қаржы корпорациясы) 1997 жылы-ақ Миттал тобына Қарағанды металлургия комбинатын («Қармет») жаңғырту үшін 315 миллион фунт стерлинг көлемінде несие бөлді. Кейін ЕҚДБ ArcelorMittal компаниясына шахталардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін де қаржылай көмек көрсетті. Іс жүзінде ірі активтерді жекешелендіру батыстық несиелік ресурстармен қатар жүріп, бұл жаңа меншік иелері үшін қаржылық ауыртпалықты едәуір жеңілдетті.
Жекешелендіруден күтілген басты нәтиже — шетелдік инвесторлар тарапынан қажетті инвестициялардың, жаңа технологиялар мен басқару тәжірибесінің келуі еді. Бұл КСРО тарағаннан кейінгі үзіліп қалған шаруашылық байланыстар жағдайында өндірісті сақтау мен жұмыс орындарын қорғаудың бірден-бір жолы саналды. Бұл үміттердің едәуір бөлігі ақталды: жекеменшікке өткен ірі металлургиялық кәсіпорындар 1990-жылдардағы толық күйреуден аман қалды. Өндіріс көлемін тұрақтандырып, моноқалалардағы әлеуметтік инфрақұрылымды ұстап тұруға қол жеткізілді.
Дүниежүзілік банк 1997 жылы жариялаған Қазақстанның тау-кен металлургия секторы жөніндегі стратегиялық шолуда еліміздің бұл саладағы ұстанған бағытын оң бағалаған еді. Онда Қазақстанның мемлекет рөлін өндірісті иеленуші емес, реттеуші ретінде қайта анықтауы — дұрыс шешім деп атап өткен. Банктың есебінде жекешелендіру нәтижесінде ірі комбинаттардың жұмысы тұрақталғаны, ал моноқалалардағы әлеуметтік ахуалдың сақталғаны ерекше атап көрсетілді. тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бірқатар түйткілдер де көрсетілді. Алайда, бірқатар түйткілді тұстар да ескерусіз қалмады. Атап айтқанда, мәмілелердің жеткілікті деңгейде ашық болмауы және бірқатар жекелеген шенеуніктердің «әміршіл-әкімшіл басқару» стилінен арыла алмауы — жаңа инвестицияларды, әсіресе геологиялық барлау саласындағы қаржыны тартуға кедергі келтірген.
Саясаттанушы Марат Шибутовтың айтуынша, 1990-жылдардағы жекешелендірудің маңызы зор болды, өйткені қазіргі Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің шамамен 60% дәл сол кезеңде қалыптасты. Алайда, содан бері жағдай айтарлықтай өзгерді: жаңа инвесторлар пайда болып, жаңа кен орындары игеріле бастады.
«Ашық айтқанда, ол кезде басқа балама да болған жоқ. Себебі қазақстандық инвесторларда не қолма-қол қаражат, не өнімді өткізетін арна болмады. Сондықтан кім келді – сол келді», — деді сарапшы.

Ал қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, аталған модель сол уақыттың нақты жағдайында ұтымды шешім еді, өйткені ол «саланың тірі қалуын қамтамасыз етті».
Сонымен қатар ол бұл үлгінің ұзақмерзімді шектеулерді де қалыптастырғанын атап өтеді: «Меншік иелігінің жоғары шоғырлануы, инвестиция көздерінің жеткілікті түрде әртараптанбауы және шешімдердің шағын топтың ғана еркімен қабылдануы — бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр», — деп түйіндейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Аумалы-төкпелі кезең
2000-жылдардың басында Қазақстанның металлургиялық компаниялары өндіріс көлемін ұлғайтып, халықаралық капитал нарықтарына шыға бастады. Сонымен қатар, өндірісті кеңейтуге белсенді инвестиция салды. Бұған шикізат бағаларының «суперциклі» ықпал етті: Үндістанның, әсіресе Қытайдың экономикалары қарқынды өскен тұста энергия ресурстары мен металдарға деген жаһандық сұраныс күрт артты. Қытай металдар мен көмірдің ең ірі тұтынушысына айналды.
Халықаралық валюта қорының баға индексіндегі металл құрамдас бөлігі 2006–2007 жылдары 1990-жылдардағы деңгеймен салыстырғанда шамамен төрт есеге өсті. Алайда 2008–2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы баға көрсеткіштерінің күрт құлдырауына әкелді. Соған қарамастан 2010–2011 жылдары нарық қайта қалпына келіп, бағалар жоғары деңгейде бекіді.
2010-жылдардың екінші жартысында нарық қайта суыды — бұл жолы Қытайдағы сұраныстың баяулауы мен әлемдік ұсыныстың артуы әсер етті. Ал 2020 жылы COVID-19 пандемиясы шикізат нарықтарына ауыр соққы берді. Бірақ 2021–2022 жылдардағы қалпына келу кезеңінде сұраныс қайта жанданып, баға тағы да көтерілді. Бұл тау-кен саласында жаңа инвестициялық жобалардың кезекті толқынын іске қосты.
Қазақстандық компаниялар бұл үрдістерге жауап беріп отырды. 2000-жылдардағы бағаның шарықтауы ірі ойыншыларға IPO өткізіп, инвестициялық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік берсе, бағаның құлдырау кезеңдері стратегияны қайта қарап, мемлекеттің рөлін күшейтуге алып келді. Бұл кезде ұлттық қорлар мен Қазақстанның Даму банкі арқылы өндіріс жобаларын қолдау тетіктері іске қосылды. Нәтижесінде, 2020-жылдардың басына қарай Қазақстанның тау-кен металлургия кешені ірі жекеменшік корпорациялар (KAZ Minerals, ERG, ArcelorMittal Temirtau, «Қазцинк» және басқалар) мен мемлекеттік институттардың өзіндік симбиозына айналды. Сыртқы сын-қатерлерге жауап ретінде мемлекет белсенді экономикалық саясатқа көшіп, ұлттық қорлар мен даму институттарын пайдалана отырып, бір мезгілде ресурстарды бақылауға бағытталған заңнамалық өзгерістерді де іске асыра бастады.
Марат Шибутовтың айтуынша, Қазақстанның тау-кен металлургия кешені бүгінде бірқатар күрделі сын-қатерге тап болып отыр. Литий аккумуляторларының кең таралуына байланысты қорғасынға сұраныс азайып келеді, мырыш алюминий мен пластиктің қысымына ұшырады, Ресейге қарсы санкциялар темір мен болат нарығына әсер етуде, ал Қытай өз өндірістік қуаттарын қарқынды дамытып жатыр. Сонымен бірге өсім нүктелері де бар: мыс, уран, алтын және күміс бағыттарында баға да, сұраныс та өсіп келеді.
«Шетелдік өндірушілермен салыстырғанда біздің басты артықшылығымыз – валюта бағамы. Ол доллар, еуро, юань және рубльге қатысты неғұрлым төмен болған сайын, біздің бәсекелік позициямыз соғұрлым күшейе түседі», — деп түсіндіреді саясаттанушы.
Өз кезегінде Расул Рысмамбетов бай ресурстық базаны, тиімді географиялық орналасуды, Еуропа мен Азия арасындағы логистика және жаһандық нарықтарда жұмыс істеу тәжірибені Қазақстанның бәсекелік артықшылықтары деп біледі. Сонымен қатар ол саланың өсу мүмкіндіктерін де атап өтеді: «өңдеу тереңдігінің жеткіліксіздігі және шикізаттық циклдерге тәуелділік» — қазіргі таңдағы өзекті мәселелер.
«Энергетикалық өтпелі кезең мен өнеркәсіптік саясаты дамыған елдермен бәсекенің күшеюі жағдайында бұл факторлар айқын әрі шешуші мәнге ие бола түсуде. Қысқасы, бізге бұдан әрі дамудың жаңа сатысына шығатын кез келді», — дейді сарапшы.
Ойынның жаңа ережелері
Соңғы жылдары Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық ережелерді жүйелі түрде жаңартып келеді. Бұл өзгерістер тау-кен металлургия кешенін жаһандық капитал нарықтарының талаптарына, сондай-ақ ішкі экономиканың тұрақты өсуі мен орнықты дамуына деген қоғамдық сұранысқа бейімдеуге бағытталған. Негізгі басымдықтар ретінде меншік құрылымының ашықтығы, экологиялық жауапкершілік, еңбек қауіпсіздігі және компаниялардың өңірлерді дамытуға қосатын үлесі алға шықты.
Жер қойнауын пайдалану. 2018 жылы күшіне енген жаңа «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексі тау-кен саласына кіру тетіктерін іс жүзінде «қайта жүктеді». Бұрынғыдай ұзаққа созылатын жеке келісімшарттардың орнына лицензиялық режим енгізілді. Жаңа кодекске сәйкес, өтінімдер қысқа мерзімде қаралады, учаскелер алғаш өтінім берген қағидаты бойынша бөлінеді, ал ірі нысандар электронды аукциондар арқылы үлестіріледі. Барлық ақпарат ашық электронды кадастрда жинақталған. Бұл қазақстандық орта деңгейлі компаниялар үшін кіру тосқауылын едәуір төмендетіп, күрделі бюрократиялық рәсімдерсіз геологиялық барлау жұмыстарына қатысуға жол ашты.
Сонымен қатар Қазақстан заңнамада Өндіруші салалардың ашықтығы жөніндегі бастаманың (EITI) талаптарын ескерді: түпкі бенефициарларды міндетті түрде ашу, бюджетке төленетін төлемдер туралы жария деректер, жобалар бойынша есептілік енгізілді. Бүгінде кез келген мәміле мен меншік құрылымы мемлекетке, инвесторларға және қоғамға ашық. Бұл ретте сала халықаралық юрисдикциялар деңгейіндегі ережелерге ие болды: лицензиялаудың айқын тәртібі, есептіліктің бірыңғай стандарттары және нақты салық міндеттемелері бекітілді. Тау-кен металлургия кешені үшін бұл бір жағынан ресурстар үшін бәсекенің күшеюін білдірсе, екінші жағынан — «ұзын» әрі қолжетімді қаржы көздерінің пайда болуын қамтамасыз етті. Ашықтықтың арқасында даму банктері мен жаһандық инвестициялық қорлар геологиялық барлау мен терең өңдеу жобаларына анағұрлым белсенді кіре бастады.
Экология. Қазақстандағы экологиялық бетбұрыс 2021 жылы қабылданған жаңа Экологиялық кодекспен институционалдық тұрғыда бекітілді. Тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындары үшін ең озық қолжетімді технологияларды (ЕОҚТ) міндетті түрде енгізуді көздейтін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу талап етілді. Модернизациядан бас тартқан кәсіпорындар үшін шығарындыларға төлемдер бірнеше есе өссе, ЕОҚТ енгізгендерге жеңілдіктер қарастырылған. Бұл ретте экологиялық төлемдердің 100% жергілікті бюджеттерде қалып, компаниялар жұмыс істейтін өңірлердегі табиғатты қорғау жобаларына бағытталады. Соның нәтижесінде экология «қосымша шығын бабы» болудан қалып, инвестициялық бағдарламалардың толыққанды құрамдас бөлігіне айналды: жаңғыртусыз ескі, энергияны көп қажет ететін әрі «лас» өндірістер экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады.
Қосымша қысымды климаттық мақсаттар мен көміртек квоталарымен сауданың ұлттық жүйесі күшейтуде. Көмірге негізделген энергетика мен жоғары көміртекті металлургияның өзіндік құны сөзсіз өсіп келеді. Бұл компанияларды біртіндеп таза энергия көздеріне көшуге, энергия тиімділігін арттыруға және өндірістік тізбектерді қайта құруға мәжбүр етуде.
Қауіпсіздік. Қарағанды облысындағы көмір кәсіпорындарында орын алған адам өлімімен аяқталған бірқатар қайғылы оқиғалар мен ірі холдингтерге тиесілі кеніштердегі жұмыскерлердің қаза табуына байланысты мемлекет өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын едәуір күшейтті. Қазіргі таңда жер астындағы жұмыстарды цифрлық мониторинг жүйелері арқылы бақылау күшейтілді, газ құрамын автоматты талдайтын жүйелер мен жер асты обырларына қатысты ерте ескерту құралдарын орнату міндеттелуде. Дегазация және желдету стандарттары қайта қаралып, жабдықтардың техникалық жағдайына қойылатын талаптар да артты. Сонымен қатар қадағалау органдарының өкілеттігі кеңейтілді: жүйелі бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыстарды уақытша тоқтату ғана емес, қауіпті активтердің операторын ауыстыру мәселесін талқылауға дейінгі қатаң шаралар қолданылуы мүмкін.
Компаниялар үшін бұл еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға бағытталған инвестициялардың сөзсіз артуын білдіреді. Осыған байланысты тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындары өз тәсілін түбегейлі қайта қарауға мәжбүр. Қауіпсіздік, экология сияқты, операциялық деңгейден стратегиялық басымдыққа айналып, бизнестің ұзақ мерзімді тұрақтылығын айқындайтын шешуші фактор ретінде алға шықты.
Әлеуметтік сала
Реформалардың бір тармағы – жер қойнауын пайдаланудың әлеуметтік және өңірлік құрамдас бөліктерін күшейтуге бағытталған. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес, Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің өндіру шығындарының кемінде 1%-ын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) бөлуге міндетті. Бұл – мемлекет тарапынан өңірлер алдындағы жер қойнауын пайдаланушылардың жауапкершілігін стандарттау тетігі.
Сонымен қатар, жаңа жобалар үшін жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту деңгейі 70%-ға дейін артты. Бұған қоса, мемлекет шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыру саясатын ұстануда, ал жоғары табысты өндірістер үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Осылайша, кенді немесе жартылай фабрикаттарды жай ғана экспорттау экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да барған сайын тиімсіз бола бастады. Қосылған құн тізбектерін жергіліктендіруге, қазақстандық мердігерлер мен жеткізушілерді дамытуға, әкімдіктермен және жергілікті бизнеспен жүйелі жұмыс істеуге деген қажеттілік алға шықты.
Стратегиялық ұстаным. Нәтижесінде Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі реттеуші орта бір мезгілде қатаң әрі болжамды сипатқа ие бола бастады. Компаниялардан экологиялық, технологиялық, әлеуметтік және басқару салаларында кешенді трансформация талап етіледі. Мұндай жағдайда Қазақстан экономикасы мен қоғамына терең кіріккен ойыншылар стратегиялық артықшылыққа ие болады. Бұл — шешім қабылдау орталықтары ел ішінде орналасқан, меншік құрылымы ашық, өңірлерді және ұлттық өнеркәсіптік базаны ұзақ мерзімді дамытуға мүдделі компаниялар.
Қазақстанның жаңа экономикалық моделі терең өңдеуге, ESG күн тәртібіне және орнықты өсімге бағдарланған. Сондықтан бұл модель үшін негізгі тау-кен металлургия активтерінің тек ресурс рентасын алумен шектелмей, жаңғыртуға, жергілікті жеткізу тізбектеріне және аумақтарды дамытуға жүйелі түрде инвестиция сала алатын құрылымдардың бақылауында болуы аса маңызды. Дәл осындай меншік иелері жаңартылған заңнаманың логикасына және мемлекеттің саяси басымдықтарына барынша сәйкес келеді.
Расул Рысмамбетовтің айтуынша, қазіргі жағдайда бір мезгілде бірнеше үдеріс тоғысып отыр.
«Саяси транзит меншік иелерінің ауысуына да алып келді. Сонымен қатар жаһандық капитал нарықтары өзгерді: ашықтыққа, ESG стандарттарына, қарыз құрылымына және корпоративтік басқаруға қойылатын талаптар қатаңдады. Капиталдың ұрпақтық логикасы да жаңарып жатыр — жекешелендірудің алғашқы толқынындағы иелер басқарудан шеттеп келеді, ал меншік иелерінің келесі буыны сирек жағдайларды қоспағанда, басқаруға бұрынғыдай белсенді араласуға дайын емес», — деп түсіндіреді сарапшы.
Оның айтуынша, ішкі факторлар да маңызды рөл атқарады: саланы мемлекеттік реттеу қатаңдай түсті, мемлекет ұзақ мерзімді инвестицияларды, терең өңдеуді және әлеуметтік жауапкершілікті күтетіні туралы нақты сигнал беріп отыр. Бұл бірқатар меншік иелері үшін бизнес-модельді түбегейлі қайта құру қажеттігін білдіреді.
Активтердің сатылуы
Соңғы жылдары Қазақстанда бірқатар ірі өнеркәсіптік активтердің иелері ауысты. Бұл үрдістегі ең ірі үш мысалды қарастырайық: 2023 жылғы ArcelorMittal Temirtau активтерінің берілуі, жуырда орын алған «Қазақмыс» сатылымы және алдағы уақытта күтіліп отырған «Қазцинк» иесінің ауысуы. Әрбір жағдайда жаңа меншік иесінің қандай инвестициялық, экологиялық және әлеуметтік міндеттемелер алатыны айрықша маңызға ие.
ArcelorMittal Temirtau: жүгі ауыр мұра
АМТ шахталарында болған бірқатар апаттар мен инвестициялық міндеттемелердің орындалмауынан кейін Қазақстан Үкіметі ArcelorMittal компаниясымен оның Қазақстан нарығынан шығуы жөнінде келісімге келді. 2023 жылы ArcelorMittal-дың бас кеңсесі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ активтерінің Qazaqstan Investment Corporation (QIC) мемлекеттік қоры тарапынан 286 миллион долларға сатып алынғанын және компанияның мемлекет меншігіне өткені жөнінде ресми түрде хабарлады. Мемлекет активті алғаннан кейін көп ұзамай жеке инвесторды – белгілі кәсіпкер Андрей Лаврентьевке тиесілі Qazaqstan Steel Group (Allur) тобын тартып, кәсіпорынды QIC арқылы қайта сатты. Бұл мәміле бюджет қаражатынсыз жүзеге асты. 2023 жылғы 8 желтоқсанда кәсіпорын жаңа инвестордың бақылауына өтіп, Qarmet деп қайта аталды.
Инвестициялық міндеттемелер
Qarmet компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа инвестор комбинатты дамытуға жалпы көлемі $3 млрд-тан астам инвестиция салуды міндетіне алды. Бұл қаражат металлургиялық өндірісті жаңғыртуға, шахталардағы жабдықтарды жаңалауға және өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталады.
Сонымен қатар Qazaqstan Steel Group (QSG) алдағы төрт жыл ішінде бұрынғы компанияның қарыздарын өтеуге міндеттенді: ArcelorMittal-дың бас құрылымының пайдасына алынған $250 млн қысқа мерзімді және $450 млн ұзақ мерзімді қарыз толықтай жабылуы тиіс. Инвестордың басты мақсаты — кәсіпорынды түбегейлі қайта құрылымдау және өнім көлемін арттыру. Оның ішінде қазақстандық автокөлік өндірісі үшін автолист шығару да көзделген, бұл Allur компаниясының басқа өндірістік жобаларымен синергия құруға мүмкіндік береді.
Экологиялық жобалар мен міндеттемелер
Теміртаудағы экологиялық ахуалды жақсарту — мәміленің басты шарттарының бірі. Жаңа меншік иесі кәсіпорын шығарындыларын айтарлықтай қысқартуға, газ бен шаңды тазарту жүйелерін жаңғыртуға және экологиялық жобаларға инвестиция салуға міндеттенді. Қысқа мерзімді перспективада өндірістік қауіпсіздік көрсеткіштері мен экологиялық жағдайды түбегейлі жақсарту көзделіп отыр.
Әлеуметтік міндеттемелер
Қолданыстағы ұжымдық шарт пен еңбекақы төлеу жүйесі өзгеріссіз сақталады. Жаңа меншік иесі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының барлық ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді әлеуметтік міндеттемелерін өз мойнына алды. Сонымен қатар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, ArcelorMittal активтен шығу барысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауына 16 млрд теңге аударды. Бұл қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзекті мәселелерін шешуге, сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды дамытуға бағытталады. Осы соманың 50% Теміртау қаласында іске асырылатын жобаларға жұмсалатыны атап өтілді.
«Қазақмыс»: байытуға бағытталған жаңғыру
2025 жылдың соңында «Қазақмыс» корпорациясын қазақстандық кәсіпкер, «Qazaq Stroy» құрылыс холдингінің иесі Нұрлан Артықбаев сатып алды. Көп жылдар бойы компанияны басқарған негізгі акционерлер — корпорация президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай мәміле аясында тиісінше 70% және 30% үлестерін жаңа меншік иесіне өткізді.
Марат Шибутов әзірге тау-кен металлургия кешенінде тәжірибесі жоқ жаңа меншік иелерінің «Қазақмыс» алдындағы болашағына нақты баға беруге асықпайды. Оның айтуынша, бәрі басқаруға қандай кәсіби команда тартылатынына байланысты.
«Лаврентьев Qarmet-пен әзірге жақсы жұмыс істеп жатыр, бәлкім бұл жағдайда да солай болар», — деп түсіндіреді сарапшы. Оның пікірінше, нақты қорытындыларды кем дегенде бір жылдан кейін ғана жасауға болады.
Инвестициялық міндеттемелер
Компанияның ресми хабарламасына сәйкес, «Қазақмыс» корпорациясының барлық жоспарланған инвестициялық жобалары жаңа меншік иесі келгеннен кейін де сақталады. 2020–2025 жылдар аралығында компания бірқатар ірі инвестициялық бастамаларды қолға алды. Олардың қатарында Жамбыл облысында жаңа байыту фабрикасын салу, Жезқазғанда Геологиялық барлау кластерін іске қосу және ең бастысы — өндірістің толық циклін қалпына келтіру мақсатында Жезқазған өңірінде жаңа мыс қорыту зауытын салу бар. Жаңа меншік иесіне осы жобалардың барлығын белгіленген мерзімде аяқтау міндеті жүктеледі.
Бүгінде топ құрамына 37 компания мен ірі өндірістік алаңдар кіреді, олардың басым бөлігі жаңғыртуды қажет етеді. NBK-ның «Qazaq Stroy» компаниясына сілтеме жасап хабарлауынша, 2026–2045 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында 3 трлн теңгеден астам (шамамен $5,5 млрд) қаржы салу көзделген. Бұл байыту фабрикаларын жаңарту, гидрометаллургиялық технологияларды енгізу, шахта жобаларын дамыту және энергетикалық қуаттарды кеңейтуді қамтиды. 2032 жылға қарай компания жылына шамамен 500 мың тонна мыс өндіру деңгейіне шығуды жоспарлап отыр.
Экологиялық міндеттемелер
«Қазақмыс» үшін экологиялық күн тәртібі металлургиялық қуаттарды жаңғыртумен тікелей байланысты. Өткен жылдары компания қоршаған ортаны ластауға қатысты елеулі сын-ескертпелерге тап болды: Жезқазған мен Балқаштағы ескірген балқыту цехтары жыл сайын жүздеген мың тонна күкіртті газды атмосфераға шығарған. Бұл мәселені шешу үшін корпорация бірқатар шара қабылдады, соның ішінде мыс қорыту зауыттарында күкірт қышқылы цехтарын салу жобалары іске асырылды. Қазіргі таңда жаңа меншік иесі өндірістен келетін экологиялық залалды барынша азайту мақсатында жабдықтарды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып қана қоймай, оларды жеделдетеді деп күтілуде.
Әлеуметтік міндеттемелер
Компанияның өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау — «Қазақмыс» бойынша мәміленің негізгі шарттарының бірі. Корпорация қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мен жұмыс орындарының тұрақтылығы толық көлемде сақталатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда корпорацияда еңбек етіп жүрген 40 мыңнан астам қызметкер бұрынғы шарттармен жұмысын жалғастырады, барлық ұжымдық келісімшарттар күшінде қалады. «Қазақмыстың» дерегінше, соңғы бес жыл ішінде Ұлытау облысы мен Қарағанды облысындағы әлеуметтік жобаларға 47 млрд теңге бағытталған. Бұл қаражат спорттық, білім беру және инфрақұрылымдық нысандарды салу мен жөндеуге жұмсалды. Компания өңірлердің қоғамдық өміріне дәстүрлі түрде белсенді қатысып келеді: «Жезқазған» футбол клубын қаржыландырады, әлеуметтік нысандарды ұстап тұрады, қызметкерлерге арналған тұрғын үй қарыздары бағдарламаларын іске асырады. Сонымен қатар жаңа меншік иесіне Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш моноқалаларын қолдау жөніндегі міндеттемелер де толық көлемде өтті.
«Қазцинк»: өзгеріс ауадай қажет
Бүгінде Glencore International компаниясы «Қазцинк» ЖШС-нің 70% иелік етеді. Қалған 30% үлес 2013 жылдан бері мемлекеттік «Тау-Кен Самұрық» холдингінің меншігінде. БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, швейцариялық Glencore өз үлесін жергілікті инвестор — Integra Construction құрылыс компаниясының басшысы Шахмұрат Мүтәліпке сатуды қарастырып жатыр. Бұған дейін Bloomberg агенттігі Glencore мен әлеуетті сатып алушы арасындағы келіссөздер жүріп жатқанын хабарлаған болатын. Қазіргі таңда мәміле әлі аяқталған жоқ және ресми түрде жарияланбаған. Дегенмен, келісімнің шарттары қалыптасу үстінде болса да, болашақ меншік иесінен ұзақ мерзімді инвестициялар, экологиялық қауіпсіздік және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету талап етілетіні анық.
Инвестициялық міндеттемелер
«Қазцинк» қазірдің өзінде ауқымды жаңғырту инвестициялық бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2023 жылы компания өз өндірістеріндегі экологиялық және цифрлық жобаларға 108 млрд теңгеден астам қаржы салатынын мәлімдеді. Нарықтың күтуінше, жаңа меншік иесі бұл жоспарларды сақтап қана қоймай, инвестиция көлемін арттыруы тиіс. Glencore үлесі сатылған жағдайда Үкімет инвесторға шикізатты ел ішінде өңдеу үлесін ұлғайту, жаңа өндірістік қуаттар құру және геологиялық барлауға инвестиция салу арқылы кен орындарының қызмет ету мерзімін ұзарту жөнінде қосымша шарттар қоюы мүмкін.
Осылайша, активті сатып алу ұзақ мерзімді әрі қомақты қаржы салымдарын қажет етеді. Жаңа меншік иесінің нақты сандық міндеттемелері әзірге жарияланған жоқ, алайда сарапшылардың пікірінше, негізгі қуаттарды жаңғырту және жаңаларын дамыту үшін алдағы 5–7 жыл ішінде $1–2 млрд көлемінде инвестиция талап етілуі ықтимал.
Экологиялық міндеттемелер
Шығыс Қазақстандағы экологиялық ахуал — «Қазцинктің» көп жылдан бергі ең өзекті мәселелерінің бірі және компанияға бағытталған сынның басым бөлігі де осыған қатысты. Компания барлық зауыттарында заманауи газтазарту сүзгілері мен шаң ұстау жүйелерін орнату бағдарламасын іске қосты. Түпкі мақсат — атмосфераны ластайтын шығарындыларды төмендету. Ал бұл міндет, ең алдымен, Қазақстандағы экологиялық жағдайы ауыр Өскеменге қатысты. 2024 жылы «Қазцинк» шығарындыларды автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізіп, деректерді мемлекеттік органдарға онлайн режимде беруді жолға қойды. Сонымен қатар компания ESG стандарттарына сәйкес ақпаратты тұрақты түрде жариялау мүмкіндігін де қарастырып отыр.
Жаңа әлеуетті меншік иесіне бұрынғы акционер Glencore бастағанымен, жүйелі деңгейге жеткізілмеген жаңғыртуы бар актив тиесілі болады. Алдағы жылдары инвестордың алдында 2025–2029 жылдарға арналған ең озық қолжетімді технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарын бекіту, ластанған аумақтарды рекультивациялау бағдарламаларын іске қосу, сондай-ақ декарбонизация мен энергетикалық өтпелі кезең бойынша өлшенетін мақсаттары бар климаттық стратегияны түбегейлі қалыптастыру міндеті тұр. Сонымен бірге компания халықаралық стандарттарға сай толыққанды ESG-есептілікке көшіп, жергілікті қауымдастықтармен және экологтармен тұрақты диалог орнатуы тиіс.
Әлеуметтік міндеттемелер
«Қазцинк» — 20 мың қызметкері бар, Шығыс Қазақстан облысы үшін жүйе құраушы жұмыс беруші. Қазіргі қызметі аясында компания мектептерді, ауруханаларды және әлеуметтік нысандарды қолдауға бағытталған өңірлік бағдарламаларға қатысады, еңбек жағдайларын жақсартуға және өндірістік қауіпсіздікті арттыруға инвестиция салады. Меншік иесі ауысқан жағдайда негізгі талап — әлеуметтік кепілдіктерді сақтау және өңірді қолдау бағдарламаларын үздіксіз жалғастыру болмақ.
Жаңа серпін
Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің бүкіл даму тарихына көз жүгіртсек, бүгінде жүріп жатқан меншік иелерінің ауысу үдерістерінің логикасы айқын көрінеді. 1990-жылдары ірі шетелдік және квазимемлекеттік капиталдың қатысуымен өткен жекешелендіру, шын мәнінде, дағдарысқа қарсы тетік болды: сыртқы қаржысыз, басқарушылық құзыреттер мен қатаң тәртіпсіз көптеген комбинаттар кеңестік өндірістік тізбектердің үзілуін еңсере алмас еді. Ол кезеңнің басты міндеті өндірісті тұрақтандыру, жұмыспен қамтуды сақтау және моноқалаларды кем дегенде ең төменгі деңгейде қолдау болатын. Жалпы алғанда, бұл міндеттер орындалды.
Бүгінгі ахуал мүлде өзгеше. Мемлекет жер қойнауын пайдалануды лицензиялаудан бастап экологияға, қауіпсіздікке және жергілікті қамтуға дейінгі барлық саланы қамтитын, қатаң, бірақ болжамды жаңа ережелер жүйесін қалыптастырды. «Шикізатты экспорттау және қолда бар қуаттарды ұстап тұру» деген ескі модель енді жеткіліксіз: тау-кен металлургия кешенінен терең өңдеу, көміртек ізін азайту, цифрландыру, меншік құрылымының ашықтығы және ақпаратты жария түрде ашу талап етіледі. Бұл жекелеген инвестициялық жобалармен шектелмей, өндірістік тізбектерді кешенді түрде жаңғыртуды және ұзақ мерзімді жоспарлау көкжиегін қажет етеді.
Расул Рысмамбетовтің пікірінше, жаңа кәсіби меншік иелерінің келуі тау-кен металлургия кешені үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, өйткені бұл инвестициялық басымдықтарды, технологиялық стратегияны және жоспарлау көкжиегін қайта қарауға алып келеді. Оның айтуынша, шешуші мәселе — капиталдың қайдан келетіні, яғни активтерді сатып алу мен дамытудың қандай қаржы есебінен жүзеге асатыны.
«Егер инвестициялар тек операциялық ақша ағыны есебінен қаржыландырылса, әсері шектеулі болады. Ал егер капитал нарықтары, квазимемлекеттік құралдар немесе бірлескен жобалар арқылы «ұзақ ақша» тартылса, онда сапалы серпіліс жасап, жаңа қуаттарды іске қосуға, өңдеуді тереңдетуге және экологиялық жаңғыртуға мүмкіндік туады», — деп атап өтеді сарапшы.
Оның пікірінше, осы жағдайда мемлекеттің де, бизнестің де рөлдерін нақты айқындау аса маңызды, әйтпесе бұл шешім қабылдаудың баяулауына және инвестициялық үзіліске алып келуі мүмкін.
«Мәселе тікелей мемлекеттік басқаруға қайта оралуда емес, бірлескен жобалар, якорлық инвестициялар, мемлекеттің инфрақұрылымға, экологияға және өңдеуге қатысуы арқылы неғұрлым күрделі архитектура қалыптастыруда. Егер мұндай әріптестік қысқа мерзімді фискалдық табысқа немесе қаражатты шығаруға емес, ұзақ мерзімді дамуға бағдарланса, моноқалалар үшін бұл үлкен мүмкіндікке айналуы мүмкін», — деп түйіндейді Расул Рысмамбетов.
Осылайша, негізгі активтердегі меншік иелерінің ауысуы саланы жаңа экономикалық модельге бейімдеудің құралына айналып отыр. Бұл — бақылаудың Қазақстан экономикасы мен саяси жүйесіне тығыз кіріккен, дивидендтермен қатар реттеу сапасына, өңірлердің жағдайына және ұзақ мерзімді қаржыға қолжетімділікке мүдделі ойыншыларға өтуі туралы әңгіме.
Егер бұл модель терең өңдеуге, экологияға, өңірлердің дамуына негізделсе — ТМК ел экономикасының драйверіне айналуы мүмкін. Ал егер бәрі бұрынғыдай «шикізат пен дивидендке» тірелсе, «кен кім үшін жұмыс істеп жатыр?» деген сұрақты қоғамның тағы мәрте қоятыны анық.