Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:37, 18 Тамыз 2022

Кенді өлкедегі кеншілер күні

None
None

Жеті қат жер астына түсіп, кен өндіретін кеншілердің мамандығы жұмыс атаулының арасында ерекшеленіп тұратын кәсіптің бірі – әрі бірегейі.

Қызығынан гөрі шыжығы басым әрі сақтық пен жауапкершілікті қажет ететін қиын еңбектің бірі. Осы ауыр кәсіптің иесі кеншілердің кәсіби мерекесі тамыз айының соңына қарай тойланады.

Негізі  халық арасындағы тамыз айының соңғы жексенбісі кеншілердің кәсіби мерекесі болып атап өтіледі. Шахтерлар күні алғаш рет мереке болып 1948 жылы 29 тамызда тойланған болатын. Бұл мереке кейін Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелер тізіміне 2003 жылы қарашада енген еді. Содан бері Тәуелсіз Қазақстанның тарихында жылда тамыздың соңғы жексенбісінде  кеншілердің кәсіби мерекесі тойланып келеді. Кеншілердің қажырлы еңбегі сол өңірдің ғана емес, бүкіл ел экономикасының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Сол себепті де кеншілер мерекесі елімізде маңызға ие атаулы күндердің бірі болып қала береді. Кеншілер кәсібі қиындығы мен қоса қаупі зор мамандықтың бірі. Кен орындарында тосыннан болған апаттар салдарынан талай кенші жер астынан шыға алмай, өмірімен қош айтысқан жайттар аз болмады. Кеншілер мерекесінде ең алдымен  жұмыс барысында жүріп опат болған кеншілер еске алынып, олардың рухына тағзым ету, әсіресе кенді өлкелі өңірлер үшін бұрыннан келе жатқан дәстүрге айналды. Сонымен қатар кен өндіру жұмысында елеулі нәтижелерге қол жеткізген тәжірбиелі кеншілерге құрмет көрсету, оларды түрлі марапаттармен марапаттау шаралары да соңғы жылдары қарқынды жүзеге асырылуда.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы электр қуатының 70 пайызы көмір арқылы өндіріліп іске асады екен. Бүгінде барланған көмір қорының  90 пайызы еліміздің солтүстік – шығыс және орталық бөлігіндегі аймақтарда шоғырланған. Еліміз қара алтын қорының молдығы жағынан әлем елдерінде алғашқы ондыққа кіріп тұр. Бұл қара алтынның ел экономикасына айтарлықтай серпін беріп тұрғанын көрсетеді.

Қарағанды облысында саналы ғұмырын кен өндіру кәсібіне арнаған ежелден көмір өндірген ата-бабасының жолына түскен тәжірбиелі кеншілер көп. Үшінші дәрежелі  «Шахтер даңқы» төс белгісін алған Константин Проценко 14 жыл «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Абай шахтасында жұмыс жасаған. Ол өзінің ата жолын қуып, осы жұмыста қалғанын айтады.

— Мен шахтаға атама еліктеп келдім, солай осы жұмысқа деген қызығушылығым оянды. Атам бала кезден осы жұмыс туралы айтатын еді. Біздің өңірде көптеген отбасының тағдыры, өмір сүру салтына дейін осы кен орындарымен кеншілер тірлігімен байланысты деп айтуға болады. Кеншілері көп отбасылар жетеді. Бүкіл ел үшін кен өндірудің маңызы зор. Ал қиындығы мен қызығы көп кеншілер жұмысын құрметтеуге бағытталған күн – ол біздің мерекеміз, кеншілер күні», – дейді Константин Проценко.

Тегтер: