Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:36, 20 Шілде 2023

Кенесары ханның Құран кітабы Түркістанға қойылады

None
None

Кенесары ханның Құран кітабы Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне қойылады. Бұл туралы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында елдің рухын көтеретін керемет жаңалықпен бөлісіп, әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітаптың табылғанын жеткізген болатын.

«Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаныабзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», – деген болатын президент.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жақында қазақтың қос алыбының қолының табықалған Құран кітапты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, мүфтиятқа арнайы әкеліп, салтанатты түрде табыстаған.

Құран кітап ХVІІІ ғасырда жарық көрген. Түпнұсқа қолжазбасы шығыстық қатты мұқабамен түптелген. Көлемі – 16х23 см, бет саны –744. Кітап ақшыл-сары түсті беттен тұрады. Әрбір бетке 12 жолдан Құран аяттары жазылған. Құран қолжазбасы мен мөрлер бояуларының құрамына зерттеу жүргізу барысында олардың ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған бояғыш заттан жасалғаны анықталды. Құран қолжазбасының ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедейқұлдың дұғасымен. Мулла Марал ибн Құрбан баба...» деген жазу мен Ишанның мөрі бар. Қасына Кенесары ханның да мөрі басылған», – деп түсініктеме берілген. Құранның қандай ұқыптылықпен, көркемдікпен жасалғанын осыдан-ақ байқауға болады.

Алдымен Марал ишанның, кейін Кенесары ханның қолында болған бұл Құран кітабы ұзақ уақыт бойы шетелдегі жеке адамдардың қолында болған көрінеді. Енді, міне, Алланың қолдауы, ұлт жанашырлары – меценаттардың арқасында қасиетті кітап Қазақстанға қайтарылып отыр.

Бас мүфти атап өткендей, діни басқарма көне кітапты толық дезинфекциялап, реставрация жасатып, көшірмесін дайындау үшін Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына табыстаған.

«Құнды жәдігер қалпына келтірілген соң, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады. Екі ғасырлық тарихы бар жәдігерді қариларымызға оқытып, сауабын Кенесары хан мен Маралишан бабаларымызға бағыштамақ ниетіміз бар. Бұл іс-шара дәстүрлі дініміздің мәртебесі артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген сенім мол. Ұлт мүддесі үшін күрескен кемелтұлғаларымызды, олардың елге сіңірген еңбегі мен ерлігін дәріптеу –біздің парызымыз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Тегтер: