«Кеңесіп пішкен тон – келте болмас»
Қызылорда облыстық мәслихатының VІІІ шақырылымының алғашқы сессиясында жаңа депутаттар мандат алып, қызметтеріне кірісті.
Сессияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.
Жиында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, нәтижесі бойынша партия атынан және мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыс етті.
Сессияда депутаттардың бірауыздан дауыс беру нәтижесінде мәслихат төрағасы болып Наурызбай Байқадамов сайланды. Аймақ басшысы Наурызбай Сейтқалиұлының білікті басшы, ұтымды ұйымдастырушы ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов экономика, әлеуметтік, құқықтық мәселелер және экология, өндіріс, шаруашылық, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі екі тұрақты комиссия төрағасын бекітуді дауысқа салды. Нәтижесінде Балжан Шәменова мен Бауыржан Сандыбаев ұсынылды. Орталық атқарушы органдарда жауапты қызмет атқарған Балжан Мөрәліқызы қаржы саласының білікті маманы ретінде бюджет қаржысының мақсатты бағытталып, тиімді жұмсалуына атсалысатын болады.
Облыс әкімі жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Күні кеше Мемлекет басшысы VІІІ сайланған Қазақстан Республикасы парламентінің бірінші сессиясында елді дамытуға бағытталған сегіз басымдықты айқындап берді. Біздің де алдымызда өздеріңізбен бірлесіп атқаратын нақты міндеттер бар. Кешегі өткен саяси науқанда сайлау жүйесіндегі ерекшеліктерге сәйкес көппартиялықты дамытуға, азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейтуге басымдық берілді. Сайлау қорытындысы бойынша біздің облыста төрт партия өкілдері мәслихаттарда мандат иеленді. Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихат білім және ғылым, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, азаматтық қоғам, мәдениет және спорт саласының өкілдерінен құралды, – деді Н. Нәлібаев.
Сондай-ақ жетінші шақырылым депутаттарымен бірлескен жұмыстың нәтижесін де саралап, оларға алғыс айтты және биылғы екі айда атқарылған шаруаларды баяндады.
– Ерекше атап өтуіміз қажет, жетінші шақырылым депутаттарымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылға облыс бюджеті 520,7 млрд теңге көлемінде бекітілді. Нақтылаумен бүгінгі күні оның көлемі 542,3 млрд теңгеге жетті. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда (364 млрд теңге) 178,3 млрд теңгеге немесе 50 пайызға артық. Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталып, оған бюджеттің 70 пайызы немесе 374,7 млрд теңгесі бағытталды. Барша әріптестерімнің атынан жетінші шақырылым депутаттарына алғысымды білдіремін. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон – келте болмас» деген жақсы сөз бар. Биыл да өздеріңізбен бірлесіп, аймағымыздың жан-жақты даму бағытында ауқымды жұмыстарды атқарып, оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін. Облысымыз осы жылдың 2 ай қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,8 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,9 пайызға, инвестициялар тарту 14,5 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 1,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,3 пайызға және сауда көлемі 2 пайызға артты. Индустрияландыруды дамыту аясында биыл құны 12,6 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылады, – деді облыс әкімі.
Өткен жылы құны 5,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Биыл құны 13,4 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Шетелдік инвесторларды тарту бойынша да жүйелі жұмыстар бар.
– Өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне келсек, биыл жыл соңына дейін 982 пәтерлік 23 тұрғын үй халық игілігіне табысталатын болады. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп, 1000 пәтер сатып алынады. Бұл пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына табысталады. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге барлығы 1,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл жас отбасылардың баспаналы болуына үлкен қолдау болады деп санаймыз. Облыс халқының 97,8 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бойынша жұмыстар жасалуда. Өткен жылы 6 ауылдық елді мекен «көгілдір отынға» қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетсе, биыл 12 ауылдық елді мекенге қосу арқылы газбен қамту деңгейін 72 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу арқылы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі өткен жылы 82 пайыз болса, биыл 87 пайызды еңсеру міндеті тұр. Бұл мақсатқа биыл 29,9 млрд теңге (РБ – 14,6 млрд, ОБ-15,3 млрд) қаржы қаралған. Жыл көлемінде республикалық бюджеттен қосымша қаржы келеді деп жоспарлануда.
Оңтүстік пен солтүстік аймақтарды жақындастыратын өте маңызды жобалардың бірі – «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы басталып кетті. Оның қашықтығы 216 шақырымды құрайды, биыл 140 шақырымнан астамын аяқтау межеленуде. Қалғаны 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталып, халық игілігіне берілмек. Бұл дегеніңіз – талай жылдан бері сөз күйінде қалып келген ауқымды шаруаның нақты іске аса бастауының айғағы. Ал «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алдағы 3 жылда облыста 15100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда облыс әкімі депутаттарға елдің, өңірдің дамуына біркісідей жұмылып, ауызбіршілікте жұмыс істеуге шақырды.