Кеңестік символды пір тұтқан

Жақында Абай ауданына қарасты Ақбастау ауылында іргесі әлдеқашан ыдыраған кеңестік кезеңді еске салатын орақ пен балға символына қатысты дау-дамай туындады.
Ақбастау ауылының шетінде қырат жақта кеңестік одақ кезінен қалған белгі ретінде орақ пен балға символы тұратын. Ауылдың байырғы тұрғындары бұл нысанды көненің көзіндей көреді екен. Тіпті оны жыл сайын қызыл бояумен сырлап қояды. Жақында осы орақ пен балғаны түн ішінде белгісіз біреулер орнынан жұлып алып тастапты. Олар кеңестік белгінің орнына тәуелсіз елдің басты нышаны – көк туды іліп қойған. Мұны көрген ауыл тұрғындары шулап жүріп туды алып тастап, орнына қайтадан орақ пен балғаны қойыпты. Тәуелсіз елдің байрағын орақ пен балғаға айырбастаған жұрттан не қайыр күтуге болады? Ал Абай ауданының әкімдігі «мемлекет байрағы талапқа сай ілінбегендіктен алынды» дегенді сылтау етіп жауап берді. Ақбастаулықтар орақ пен балғаны тұғырына қондырған соң, жауды жеңгендей «біз жеңдік» деп, бұл қылықтарын әлеуметтік желіге салып, сүйіншілеген екен. Олардың бұл қуанышы ұзаққа бармады. Түн ішінде біреулер бұл нышанды тағы алып тастап, мүлдем қоя алмайтындай етіп сындырып, көлікпен алып кеткен. Осыдан кейін аядай ауыл тұрғындары, нышанды жақтағаны бар және жақтырмағаны бар, екіге бөлініп, дау-дамай туындаған. Негізі, орақ пен балға дауы бұрыннан басталған еді. Бұл нышанды ауылдың ұлтжанды тұрғындары «алып тастау қажет» деп, билікке бірнеше рет өтініш білдірген.
Бұл мәселе жөнінде «Жас Алаш» газетіне бұрын да мақала жазған едік. Алайда Абай ауданының билігі кімге жалтақтайтыны белгісіз, нышанның көзін құртуға асыққан жоқ. Ақыры биліктен нақты қадам болмаған соң, белгісіз біреулер жасырын түрде нышанды құлатып тынды. Ауыл жұрты арасында шу көбейген соң, биліктегі шенділер жиналыс өткізді. Жиында «бұл нышан тәуелсіз елге қажет емес» дегендерге қарсы пікір білдіргендер болды. «Бұл ескерткіш біз үшін тарихи нышан, біздің өткен күнге деген құрметіміз, оны құртқан адамдар жазалануы тиіс» дегендер де болыпты. – Біз қашанда ұлттық ұстанымнан алшақ болмауымыз керек. Белгісіз біреулер көк туды орақ пен балғаның орнына қойып кеткенде, тұрғындар мұнда «туды салақтатып, салбыратып қойғаны несі» деп кекесін айтты. Менің ойымша, көк туды желбірете алмай отырған, кеңестік дәуірдің елесінен арыла алмай жүрген, Ақбастау ауылының халқы, өзіміз кінәліміз. Екі жыл бұрын «Сарыарқа» шаруашылық басшылығы ауылымызға өз қаржысына мешіт салып берді. Мешітті ашар кезде мемлекеттік туды жоғарыға қарай биік тұғырға тігейік деген ұсыныс болды, біз қолдадық. Ал әкім «ауыл тұрғындары талқыласын» деді. Ауылдың байырғы тұрғындары қарсы шықты, туды тіктірмеді. Көк туымыз ауылдың кіреберісіне, төменгі жаққа қойылды. Ұлттық ұстанымнан алыстап кетуіміз – ана тілімізден нәр алмауымызда. Жиында бәрі ойларын орыс тілінде айтты. Билік кімге жалтақтайды, бұл жерде қарсы болып отырғандар өзіміздің орыстілді қаракөздер, – деді «Жас Алашқа» пікір білдірген Ақбастау ауылының белсенді тұрғыны Аспандияр Сейсенов. Екі түрлі пікірді ұстанған халықты Абай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінен келген өкілдер сабырға шақырмақ болған. Енді нышанды қиратқан тұрғындарды полиция көмегімен іздеу туралы шешім қабылдапты. «Бұл нышан әкімдік балансында жоқ. Жиналысқа келген ауыл тұрғындары «нышанды қиратқан адамдарды іздеу керек» деп ұсыныс айтып, полицияға арызданатын болды. Ал ауылдағы орақ пен балғаның орнына басқа нышан қойылады. Әртүрлі ұсыныстар айтылды, «Ақбастау – менің жүрегімде» деген жазу қойылуы мүмкін. Алайда бұған қатысты әлі нақты шешім жоқ», – деді осы оқиға бойынша ақпарат таратқан Абай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. Орақ пен балға төңірегіндегі оқиға әлеуметтік желіге тарап, қызу пікірталасқа айналды. Қоғам белсендісі Майра Абдрахманова фейсбуктегі парақшасында: «Ақбастау ауылы қарайтын Абай ауданы ұлттық, мемлекеттік мерекелерде көбіне кеңестік құндылықтарды қоса сүйретіп жүреді. Ішкі саясат бөлімі осыны неге сүзгіден өткізіп отырмайды? Ішкі саясатқа сауатты, айтары барларды тағайындау керек емес пе? Дауға айыпты тұрғындар емес, мәселе шеше алмайтын, жалтақ ішкі саясат кінәлі», – деп жазды.