Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 11 Қазан 2022

Кеңестік жүйеден қашан толық арыламыз?

None
None

«Сенбілік», яки «субботник» деген дүниеге қинап, мәжбүрлі түрде шақыру мына қоғамда әлі күнге дейін бар.

Бұл жасырын дүние емес. Кеңестік заманнан қалған бұл шара тек постсоветтік елдерде өткізіліп келеді. Күз, көктем мезгілінің сенбі күндерінде адамдарды мәжбүрлі түрде далаға шығарып, қолдарына күрек ұстатып қою – абсурд. Мұндай жағдайлар студенттердің де арасында бар. Мәселен, қазанның 8 күні ҚазҰУ қалашығында өткен сенбілікке студенттерді мәжбүрлі түрде шақырып, оларға қалашық маңындағы жапырақтарды жинатып қойған. Сенбі күндері сабақта отыру керек студенттерді ұйықтап жатқан жерлерінен тұрғызып, айдап шығу – адам құқығын таптау. Қаншама миллион төлеп отырған шәкірттердің сол уақытта лекция тыңдауы қажет еді. Бірақ әкімшілік оларды қинап, еңбекпен баулыпты-мыс. Сол жапырақтарды арнайы қызметкерлерді жалдап жинауға ҚазҰУ әкімшілігінің қаражаты жетпеді ме, әлде биліктің берген бұйрығы ма, белгісіз. Бұл мәселе тек бір ғана мекемеде емес –Қазақстанның түрлі мектептері, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдарда да кездеседі. Дамыған елдердің қатарына кіреміз деген қоғамның мұндай ісі жарамас. Бірінші орында азаматтық қоғамда адам құқығы маңызды болуы шарт. Оларды аула сыпыруға қыстап, өзіне тиесілі емес жұмысты орындатпауымыз қажет. Ал билік басындағылардың «Бұл шаралардың бәрі жастардың игілігі мен олардың тазалығы үшін» деген жауаптары қисынға келмейді.

2019 жылғы шыққан «Мұғалім мәртебесі туралы» заң арқасында мұғалімдерді сенбіліктер мен қоғамдық жұмыстарға тартқандарға әкімшілік айыппұл салынатын болған-тын. Бұл тек ұстаздар қауымының осы мәселеде құқығы қорғалғандығын көрсетеді. Ал өзге де әкімшілік қызметкерлердің, студенттердің, ары кетсе оқушылардың құқығын кім қорғамақ? Шет елдердің тәжірибесін қарайтын болсақ, оларда мәжбүрлі түрде ешкімді қинап, аула сыпыртып қоймайды. Тек әлемді өзгертіп, өзінің қаласының таза болғанын қалайтын еріктілер ғана тазалық жұмыстарымен айналысады. Сонау Кеңес жүйесінен қалған «субботник» деген идеологияны әлі күнге дейін ұстанатын елдер мен дамыған шет елдердің бір айырмашылығы – оларда бәрі ерікті түрде жүзеге асады. Және маусым аралығындағы қоқысты тазалау үшін қаражат бөлінеді.

Адамды қыстап, аула тазалату – тегін күшті пайдалану. Сондықтан дамыған ел болып қалыптасуымыз үшін, осындай ұсақ дүниелерден бас тартып, қоғамның үнін естуіміз қажет.

Тегтер: