Кеніштегі қаhарман ару

Қыр астынан 800 метр тереңдіктен қара алтын шығару ерлікке тән іс. Тау-кен өндірісінде атом бомбасындай қауіпті әрі дамылсыз апаттардан соң, өңірде кенші болуға бейілді ерлер сиреп барады.
Шахтаға келуші жастар, тіпті некен-саяқ көрінеді. Ауыр кәсіпорындарда қара нардың жүгін арқалайтын азаматтардың селдіреуі – мемлекет экономикасына қауіп екені аян. Есесіне, ерен кәсіпті түлетуге Қарағандының қайсар қыздары бет бұруда.
Зарина Әлпиева банктегі экономист қызметін кенші жұмысына айырбастаған. Айдай ару Костенко атындағы шахтада жерасты кеншісі болып ерлермен иық тіресіп еңбек етуде.
— Жұмысым әйел табиғатына жат екенін жақсы білемін. Жүрекке әмір жүрмейді. Иә, жасырмаймын. Алғаш рет құтқарушы қондырғысын асынып, бірнеше тереңдіктегі ұңғымаға түскенде қатты қобалжыдым.
Бірақ кәсібіме деген риясыз сүйіспеншілігім тұла бойымдағы үрейді бір сәтте жеңіп шықты. Себебі, бұл кәсіпке келуіме мені ешкім итермелеген жоқ. Экономист қызметінен кетіп, тау-кен колледжінде оқуға түстім. Табандылығымның арқасында, кенші мамандығын алып шықтым. Мен кенші отбасында дүниеге келгенмін. Оқушы кезімде-ақ көмірді зерттеуге ынтық болдым. Міне, осы құштарлық мені кенішке жетелеп әкелді. Өйткені кеншінің жұмысы жауапты әрі әр күні үрейлі. Олай болмағанда ше? Қарапайым адамға жер астына салынған ұзыннан-ұзақ тунельдерді бір-бірінен ажырату, әсте мүмкін емес. Біз осындай тунельдердің бірнешеуін кезіп өтеміз. Еңбек ошағымыз – жер асты өткелінде. Айнала көз байлайтын қараңғылық. Кеншінің бас киіміне орнатылған түймедей шам болмаса, қара түнекте ештеңе көрінбейді. Кеншілер жұмыс орнына маңдайдағы шамның жарығымен 1 шақырым жер жүріп барады. Мен де солардың қатарындамын, – дейді кенші Зарина Әлпиева.
Заринаның өмірі 11 жылдан бері шахтаның астында өтіп жатыр. Қазір жасы – 35-те. Ол бүгін жер қойнауынан 690 метр тереңдіктен алынған көмір сынамасын зертханаға тексеруге апарды. Бұл арада зертханалық қорытынды жасалып, алдағы жаңа қазба жұмыстарына жоспар жасалынады.
- Қазіргі міндетім осы зертханамен байланысты. «Армандар орындалады» дегенге қалай иланбайсың? Бала шақтағы көмір қызуын зерттесем деген арманым толық орындалды деуге болады, – дейді кенші қыз.
Заринаны әріптестері өз ісіне жауапты қазақтың қайсар ару деп құрметтейді. Алайда, бүгінгі қоғамда еңбек адамы тек айналасына қадірлі. Мемлекет мерейінен кенде қалып жүрген де осынау қажырлы жандар. Тәуелсіз Қазақстанда марапат пен даңқ маңдайынан ащы тері сорғалаған қаhармандарға бұйырмай келеді. Әлде, олар саяси аренаға көтерілу шарт па?