Кения президенті халық наразылығынан соң салық заңына қол қоймайтынын мәлімдеді
Кенияда салық заңына қарсы халық наразылығы нәтижесінде ел президенті даулы заңды кері қайтарып алды.
Euronews мәліметінше, наразылық кезінде 20-дан астам адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған.
Кения президенті Уильям Руто наразылықтар нәтижесінде қолданыстағы салықтарды көбейтіп, жаңаларын енгізу туралы заң жобасын кері қайтарып алды. Мемлекет басшысы ұлттық диалогты бастауға да уәде берді. Руто өз үндеуінде халық талабын тыңдайтынын және көнетінін айтты, деп жазады басылым.
Кенияда аталған заң жобасына қарсы наразылықтар бірнеше күн бойы жалғасты. Шеруге шыққандар президенттің отставкасын талап еткен.
Парламент өзгертілген құжатты қабылдағаннан кейін наразылықтар жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Шерушілер парламентке басып кіріп, кешеннің бір бөлігін өртеп жіберген. Наразылық кезінде 20-дан астам адам қаза тапты. Ондаған адам жарақат алды. Руто қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.