Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:38, 23 Желтоқсан 2022

Кения құрлы жоқпыз ба?

None
None

Биыл жыл басында мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанның кедейлік шегі әлемдегі ең төменгі деңгейдің бірінде екенін және Нигерия, Ангола, Венесуэла және Габон деңгейінде екенін мәлімдеген еді.

Иә, Қазақстанның басты әлеуметтік проблемаларының бірі – халықтың көпшілігінің кедейлігі. Қазақстанда халықтың 40 пайызы өз бюджетінің кемінде 60 пайызын тамаққа жұмсайды.

«Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі –  Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің қатарында тұр. Ал еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленеді», – деген еді депутат.

Дамыған елдерде базалық табыс деген бар. Классикалық түсінік бойынша, бұл адамның жасы мен жұмысына, отбасылық жағдайы мен басқасына қарамай кепілді түрде алатын тұрақты табысы. Жастар мен еңбекке жарамдыларға арналған зейнетақы іспетті.

Байлар тек байыған үстіне байи беретінін ескеріп, олардан кедейлер де тым қалыс қалып қалмасын деген ниеттен туындаған. Сонда қылмыс азаяды екен, ал мемлекет халықты сан санатқа бөліп, олардың бәріне неше-түрлі қаптаған жәрдемақы үлестіруден бас тартып, базалық табыс төлеп-ақ құтылады.

Сондай базалық табыс төлеуді сынақ ретінде анау Африкадағы Кения деген кедей мемлекет енгізіп көріпті. GiveDirectly деген коммерциялық емес ұйым елдің батысында осы мақсатқа 30 миллион доллар бөлген. Бұл жоба 20 мың адамды қамтыған екен. Жобаға қатысушыларды кездейсоқ тәртіппен төрт топқа бөле салған. Сонымен 40 ауылдың тұрғындарына 2018 жылдан бастап 12 жыл бойы айына 22 доллар беруді бастады. 80 ауылдың тұрғындарына тура сондай ақшаны екі жыл бойы төлеген. Тағы 76 ауылда тұратын әрбір ересек кениялыққа 500 доллардан бір рет бере салыпты.

Сынақтың алдын ала нәтижелері 2020 жылдың қыркүйегінде шығыпты. Сөйтсе, ай сайын тұрақты базалық табыс ала бастаған тұрғындар арасында аштық жойылып, аурулар азайыпты. Халықтың тұрмысы едәуір түзеліп, шағын бизнес біршама дамып кетіпті.

Қарап отырып ойға қалдық. Қазақстан билігі өз еліндегі кедейлерге неге әлгі Кениядағыдай базалық табыс болмаса да, жай ғана бір реттік ақша бере салмайды екен? Мысалы, 500 мың теңгеге кедейлеу немесе тіпті тұрмысы орташа отбасының өзі біраз ұсақ мәселесін шешіп алар еді ғой?

Жаңа жылға мемлекет тарапынан жасалған ең мықты сыйлық болар еді. Сөз бен жоспар түріндегі мың өтірік жақсылықтан шын жасалған бір шын жақсылық артық емес пе? 500 мың теңге алған отбасы ол ақшаға кредитін жаба ма, басқа жыртығын жамай ма, не тіпті «Айфон» алса да, өзі білсін дейтін кеңпейілдік таныта салса, кәне?

Халық қатты қиналып отыр қазір, шындығы – сол.

Тегтер: