«Кеңсайды бизнес көзі деп емес, тарихи ескерткіш ретінде қараған жөн» – Зира Наурызбай

Ең алдымен «Кеңсай» қорымы қорғаудағы жер, оны күзететін адамдар бар. Зират тоналған жағдайда кінәлілерді табу қажет. Адамдар зираттағы затты не үшін алып жүр? Діни себебі бар ма, әлде темірді сату үшін ұрлады ма, бұл тіпті бұзақы жастардың әрекеті болуы да мүмкін. Тарихта Шыңғыс ханның және ұрпақтарының қорымы қайда екенін ешкім білмейді, өйткені жаулары мәйітті тауып алып, қорламасын деп қауіптенген. Белгілі адамдардың зиратына мұндай да қатер бар.
Кеңес кезінде қазақтың ең танымал тұлғаларының зиратын күресінге айналдырды. Мысалы, Қызылордада Қорқыттың кесенесі бүлініп, Батыс Қазақстан өңірінде Дәулеткерейдің зиратына әскерилер қоқыс тастаған. Киелі ұғымдарды қадірлемеу сол кезден басталды. Қазақтың қасиетін сақтаған аталар мен әжелерді көрдік. Қорым, кесенелер халқымыз үшін киелі ұғым болатыны анық. Бірақ өткен ғасырдағы аштық пен соғыс қазақы түсінікке кері әсер етті.
Кеңес заманында атеист қоғам орнады, бірақ жетпісінші жылдары жаназа шығарып, Құран оқитын қазақтар аз емес еді. Сол кезде Кеңсайда бір молда кісі қорымды аралап, қараусыз қалған зираттарды тазалап, Құран оқып жүретін. Сексенші жылдардың басында ол кісі жоқ болып кетті, денсаулығына байланысты келе алмайтын болған шығар. Осы кісіден кейін зиярат етуге келген адамдар кіреберісте отырған молданы зират басына ертіп барып, Құран оқытып жүрді. Кейін зират басына бармай-ақ, өз орнында отырып Құран оқитын молдалар шықты. Мұның бәрі қорымның қараусыз қала бастағанының бейнесі болатын. Сондағы дін адамдары, қызметкерлер қорымды үнемі аралап жүрсе, мұндай ұрлық та болмас еді.
Қазір Кеңсайдың өзін ақша көзі деп қарайтындар бар. Сол үшін қорымды жүрегінде иманы бар адамдар басқарғаны жөн. Кеңсай талай атақты тұлғалар жатқан жер. Шетелде мұндай қорымдар мемлекеттің қорғауында болады. Онда зираттың жобасы жасалған, атақты адамның басына келген азаматтар іздегенін бірден тауып, тәу етіп жатады. Ал бізде іздеп барған марқұмды таба алмай қаласыз, содан соң қайда жатқанын білетін адамды іздеуге тура келеді. Бұл да шешуді қажет ететін мәселе. Ал қорымда вандализм болып жатса, полиция оны іздеп тауып, жазаға тартуы қажет. Мұндай істің алдын алу керек. Зиратты бизнес көзі деп емес, тарихи ескерткіш ретінде қараған жөн.