Кеншінің тас боп қатқан маңдай тері: Шерханды кім тыңдады? Камалды кім естіді?
Нанғышпыз! Иланғышпыз! Аңғалмыз! Аңқаумыз!
Өз жеріңде, өз еліңде, өз Отаныңда өзіңді қор сезінген, дәрменсізбіз!
Біздің сүлесоқ кеудемізді көтеріп тұрған кешегі бабаларымыздың күркірі. Ел болып, еңсемізді көтеріп жүрсек – ол да дәл бүгінгі біздің еншіміздегі жеңіс емес.
Құдайдың берген ұлан-ғайыр жерін қойны-қонышына дейін игере алмай, сары даланың қойнауындағы қазба байлықты есепсіз, өлшеусіз, қараусыз қалдырып, өзгенің иелігіне беріп қойған бейқамбыз!
Өзгенің қолына тегіннен тегін беріппіз бе? Жоқ! Сатыппыз! Өз құнынан әлдеқайда төмен бағаға сатылған зауыт, фабрика, шахталардың есебі жоқ. Біздің кен орындарына қожа болған шетелдік алыптар өз жеріндей, өз еліндей қарасын ба? Отыз жылда бір жаңармай, сол ескі техника, жұтаң жабдықтармен біздің байлығымызды осы күнге дейін кенедей сорумен келеді. Оның себептері Мұхтар Жәкішев сияқты азаматтардың аузымен айтылып та жатыр.
Бірақ біз тағы ештеңе істей алмайтын түріміз бар. Ел аман, жұрт тынышта жарылған шахтаның астында қалып, денелері күл-парша болған 46 кеншінің қазасына қайғыру ғана қолымыздан келіп тұр. Қаралы күн жариялап, өтемақы береміз. Басқа не істей аламыз?
Осынша опынып сөйлеуіміздің себебі не дерсіз? Бұл айтылмай жатқан сөз бе еді? Өткен ғасырдың соңында, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың газет бетінде жазысқан хаттары естеріңізде ғой. Тоналып жатқан байлығымыздың соры, тонап жатқан бишікештердің қорлығы айтылған жоқ па?! Ескертілмеп пе еді? Сонда ескермеген кім?
«Осы жазған хаттарымыз аса биік мәртебелі президенттің назарына түсе ме екен? Үкімет басшысы не ойлайды?» деп күмәнданушы еді ғой Шерағаң. Сірә, ешкімнің назарына түспеген сыңайлы, бейне үкімет басшылары ойланбағандай.

Сонда Камал Смайылов: «Алтын сандықтың кілті еліміздің қолына тиді» деп қуанышпен жазады. Оның сөзінде үлкен үміт бар еді. Ал Шерхан осыған былай деп жауап береді:
«Камал! «Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді», – деп жазыпсың. Соны енді біліп жүргендей, «екен» дегенің неткенің? Ал сол сандықтың «кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» деп алақайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз?
Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске? Оптимист, ақкөңіл, аңқылдақсың, Камал!
Адам ой-азаптан азып-тозбас үшін осындай касиет те керек шығар. Камал! Сен де, мен де жас кезімізде Қарағандыда жұмыс істедік. Шахталарға түстік. Журналистік азап істің казанында пістік. Қазір сол Қарағандының шахталарын ағылшындар жалға алып жатыр.
Сол өлкеде біздің алдымызда кызмет етіп, «Менің кұрдастарым» атты тамаша кітап жазған Саттар Ерубаев, жаның жаннатта болғыр, бір кезде Қарағанды шахталарын билеген Хопкинс атты ағылшынның жергілікті халықты қалай қанап, қалай тонап, қалай қорлағанын жазбаушы ма еді. Қалай ойлайсың, Камал, сол сойқан тағы соқпай ма?».
Жауапты уақыттың өзі берді. Сойқан бір емес, бірнеше мәрте қайталап соқты. Жалпы саны 194 адамның өмірін қиды. Осы 194-тің артында қанша отбасы, қанша адам, қанша тағдыр қалды? Олардың өмірі не болды, не болады? Уақыт жараның аузына жазайын десе, қайта-қайта аршып алып, сыздатып жатқан өзіміз емес пе?!
Жүз жылдық қатер
1934 жылы басталып, 1937 жылы аяқталған «Менің құрдастарым» романы сол уақытта да мысалға алыныпты. Тоқсан жыл жуық уақыт өтсе де, қарапайым кеншінің тағдыры мен өмірі ешкімді алаңдатпапты. Біз кенді ойлаймыз. Кеншіні ұмытамыз. Өлімнен қорқамыз, бірақ өмірді қорғамаймыз.
Саттар Ерубаевтың қаламынан кейін де бұл қиындығы мол кәсіптің иелері туралы, олардың өмірі мен тұрмысына, психологиясы мен философиясына үңіліп көрмеппіз. Сондағы мына бір диалогқа назар салыңыз.

«Әліптер есіктен шығып бара жатқанда Хокинс:
– Штрафты төлейсің, жұмысқа кешігіп қалдың! — дейді. Әліп аңырайып тұрып, шығуға ыңғайланғанда Хокинс тағы шақырып алады:
– Землянкеңді қаза бер, бірақ саған мынадай шарт қоям: сен жетінші забойдан көмір шап.
Әліптің түсі қашып, көзі шарасынан шыға жаздайды:
– Ол қауіпті ғой, көмір басып қалады, креп жоқ...
Хокинс:
– Мен бұйырамын! Барасың! Кет, жоғал!» («Менің құрдастарым» романынан).
Бүгінде сол Әліптердің жағдайы оңала қойған жоқ. Костенко атындағы шахтада жарылыс болған күні халық жиналып, өз мұңдарын айтты. Сонда бір әйел: «Ол жер қауіпті болған. Соған қарамастан жұмысқа шығарды ғой» деп жылады. Айнымай қайталанған жағдай. Енді қанша рет қайталанбақ?
«Менің құрдастарым» романының беттерін парақтаған сайын сол Әліппен бірге қараңғы шахтаға түскендей боласың. Күнде будақтатып от жағып, шатырлап қызған отқа көмір салып жатып, сол қара тастың қалай келетінін көп ойламаппыз.
Қанша тепкілесең де, мыңқ етпестей көрінетін қара жердің ішін үңгіп, босатып жатыр екенбіз. Топырақты ұстап тұрған қыртысты қырып алып, Қарағандының астын опырып жатыр екенбіз. Жә, жер астындағы қазына жер үстіндегі пенденің игілігі үшін жаратылыпты. Сол игіліктің өзін қара жұмысты істеп, қара терін көмірге сіңдіріп, шаң жұтып, топырақ жеген кенші көре алмай келеді. Біз көмір емес, кеншінің тас боп қатқан маңдай терін жағып жүрген жоқпыз ба?

Кен орны жоқ өңірдің қазақтарына шахтаның тіршілігі, кеншінің өмірі бейтаныс. Газет бетіне бір жапырақ нан мен шұжық орап, жер астына түскен сайын өлімге кетіп бара жатқандай күй кешетін шахтер болмысына үңілсек етті. Жарық пен қараңғының, үміт пен үрейдің арасында жүріп, бала-шаға қамы деп, жұмысынан бас тартпайтын олардың өмір туралы түсініктері қандай екен?
Сонау замандардан бері үңгіп-үңгіп, жарты шақырым тереңдікке түсіп кеткен забой адамға қандай қорқыныш тудырады? Не жер үстімен байланыс дұрыс орнатылмаған, не ішінде апатты жағдай болса, пана болатын орны жоқ кен орны біреуге шексіз байлық боп елестесе, біреуге күннен күнге ғана жететін нәпақа ғой. Үлкен қорқыныш. Бармайын десе, өзге жұмыстың реті де көрінбейді. Тәуекелдің үстінде жүріп, адал жұмысынан айнымаған кеншінің бір күндік өмірінде қандай қызық, қандай рахат бар?
«...Шахты асты қараңғы, забой жеңнің ішіндей жіңішке. Креп жоқ, тышқанның іні сияқты. Әліп соның түбінде көйлегіне дейін шешіп, жалғыз өзі көмір шауып жатыр. Бұл — кәдімгі жұмыс істеуге болмайтын қауіпті жетінші лава. Самайынан аққан тер көмір күйемен қап-қара болып емшегінің үстіне дейін сорғалап ағып жатыр. Желкеден аққан тер, жон арқасынан жол тауып арып, шалбарының ышқырына барып жоқ болып жатыр. Әліп шөлдеген. Қайта-қайта тамсана береді. Әліп ентігіп дем ала алмай тұр. Әліп қабырғадағы дымқыл көмірдің арасынан тамшылап тұрған қара суды алақанымен іркіп, тосып алып жұтады. Дамыл таппай, үсті-үстіне шабады». («Менің құрдастарым» романынан).
Дамыл таппайды... Иә, қара жер де тура солай ойлайды. Өз топырағынан жаратылған зәузатының осынша ашкөздігіне таңғалады. Бір ғасыр бойы ішін қопарып жатса да, мыңқ етпейді. Мінез көрсетпейді. Әйтпесе, жердің бір сілкінгені қанша қиындық, қайғы тудырар еді. Сілкінбейтіні – перзентін аяиды. Опат қылғысы жоқ. Бірақ дүниеге құныққан пенде өзіне-өзі қастық жасап, апатқа ұшырап жатыр. Ол көмір қазып жатқан жоқ, өзіне көр қазып жүр.
Негізі техникалық қауіпсіздікті қолға алса, шахта «мінез» көрсетпес еді деп ойлайсың. Әйтеуір вагондардың қазынаға толуын көксейтін шахта иелерінің оған «бас қатыруға» уақыттары жоқ. Кеншіні айдап салып, құлындай жұмсайды.
Қаза тапқан жандар апат болғанда не күй кешкенін ойлаудың өзі қорқынышты. Екі дүние арасында тұрып, жанұшыра айғайлаған ащы дауысын өздерінен басқа пенде баласы естімеді-ау. Біреуі баласын, біреуі жарын ойлаған шығар. Бірінің қызы енді бойжетіп, бірінің ұлы, міне, ержетіп тұрған болар. Жасамысының зейнетке шығуына санаулы уақыт қалып, жасының жұбайы енді ғана құрсағына біткен қызыл етке қуанып жүрді-ау. Ойлай бересің. Ойлаған сайын ауыр. Артында аңырап қалған ананың, бетін жыртып жоқтаған жардың, өксігін баса алмаған баланың қайғысын қалай түсінейін. Жасын қалай сүртейін, белін қалай буайын...
Дүние дүние деп, түбіне жете алмаған күйі ажал құшып кете баратын өміріміздің жазмышына шара жоқ.
«Әліп күректі тастап, қайтадан қайласын қолға алады. Отырып төбесіне қарайды. Бір топ көмір шоқтай болып шығып тұр. Оны жамбастап жатып, аяқты созып жіберіп, қос қолдап ұру керек. Лава тар. Әліп аяғын созып жіберіп жамбастап жатып, шабуға ыңғайланады. Сол уақытта аяқ жағы сықырлайды. Бұл төбеден көмір. Алдымен бір топ көмір құлап түседі, бірақ аяқты жинап түрегеліп қашып кетуге мүмкіндік жоқ. Әліп құлап келе жатқандай-ақ бар дәрменімен айқай салады. Төбесіндегі көмірлер басып қалғанда, екінші рет айқалайды, бірақ даусының жартысы ғана естіледі». («Менің құрдастарым» романынан).

Өлім шахтасы
Тіршілік – өмір үшін күрес. Сол күрделі күрестің жаратылысын түсіну оңай емес. Жердің астындағы байлық жердің үстіндегі халыққа сол тіршілік үшін беріліпті. Кен мен халықтың арасын жалғап тұрған кенші дейтін қауымның тағдырдан алатын сыбағасы аз емес. Ауыртпалықтың үстіне ауыртпалық, қатердің үстіне қайғы жаппай, мол үмітпен күн кешер күн әлі алыс па екен?..
2010 жылы Чилидің Копьяпо қаласының маңындағы Сан-Хосе шахтасындаапат болып, 33 кенші үйінді астында қалады. Олар арнайы қорғаныс үшін салынған бөлмеге тығылып үлгерген еді. Осы 33 адамның өмірі үшін 69 күн бойы құтқару жұмыстары жүргізіледі. Сол күндері шахтаның маңына жиналып, сонда түнеген халық Сан-Хосені «Үміт шахтасы» деп атап кеткен еді.
Біздің Костенко атындағы шахтада 46 адам үйінді астында қалып, бәрі қаза тапты. Ешқандай үміт жоқ екенін төтенше қызмет өкілдері сол күні-ақ айтты. Сұрақ көп қоятын. Үш күн бойы қаза тапқан жандардың сүйектерін шығарған біздің шахта – өлім шахтасы.
Бағашар Тұрсынбайұлы