Кентау қаласының аулалары қашан қалыпқа келмек?
Көктем мен күзде батпағы, жазда топырағы шығып жататын Кентау қаласының аулалары бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр.
Неге десеңіз, қаланың көркін бұзып, тұрғындарға қолайсыздық тудырғаны бір бөлек, экологиялық тұрғыда өз залалын келтіруде. Бұл әсіресе жаңбыр жауған кезде қатты байқалады. Себебі тұрғындар батпақты кешіп, қоқыс жәшіктеріне қоқысты тастауға ерінеді де, қоқысты қоқыс жәшіктері орналасқан маңайға қалай болса солай лақтырып, аулада қоқыс үйіндісін қалыптастырып отыр. Ауладағы жағымсыз иіс шартарапты алып, тұрғындардың лас ауамен дем алуына алып келуде. Алайда бұл жағдайды бақылап отырған жергілікті мекемелер жоқ. Ауладағы жолдарға асфальт төселмеудің әсері осындай мәселелер тудыруда.
Расымен де, батпаққа белшесінен батып, ешкім де қоқысты арнайы жәшіктерге төккісі келмейді. Қарапайым ғана аулада жүрудің өзі үлкен қиындықтарға толы.
Аталған мәселе әлеуметтік желілерде біраз талқы тудырғанымен, нәтиже жоқ. Жергілікті әкімдік арнайы қозғалған мәселе бойынша тек қана «Бұл басшылық назарында. «Нұрлы жер 2020-2025 жж.» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, алдағы уақытта жасалатын болады» деп жылы қайырды. Алайда нақты қашан қалыпқа келтірілетіні әлі де жұмбақ.